- Advertisement -

Балалық шақтың баяны

329

- Advertisement -

Белгілі ақын-сазгер Үміт Битенованың «Балабақшадан басталған» атты мемуарлық кітабы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді.
Айта кету керек, былтыр Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенованың «Балабақшадан басталған» атты мемуарлық кітабы республикалық Кітап палатасының конкурсындағы «Көркем әдебиет» саласы бойынша интернет-ресурс пайдаланушы оқырмандардың ең жоғары бағасына ие болған еді.

Арнайы сараптама комиссиясының қарауынан өтіп, оң қорытындысын алған мемуар таяуда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен баспадан жарық көрді.
Автордың бұл «Балабақшадан басталған» атты жиырма баспа табақтан тұратын көлемді шығармасы өткен дәуірдегі 60-80 жылдарын қамтитын, ауыл қызының ауыр тағдыры туралы үш бөлімді деректі-хронологиялық мемуар.
«Шығарма «Жетіге жеткенше», «Оқушы Сәуле», «Класс старостасы» деген үш бөлімнен тұрады. Туындының «Жетіге жеткенше» деген бірінші бөлімінің атауы да оқырманын бір ойлантып тастайтыны сөзсіз. Апыр-ай, кім жетіге жеткенге дейін өмірін жақсы біледі дейсің. Алаңсыз балалықпен өткен, тіршіліктің парқын біле бермейтін бір кезең емес пе еді? Сирек те болса, кейбір ерекше жайлар есте қалуы мүмкін. Ал одан бергі ғұмырдың әр алуан қызығы мен қиындығы, күресі мен тартысы, жігіттік не бойжеткен шақтың қайталанбас романтикасы қайта есте айқын сақталмай ма?! Алғашқы жеңісің мен жеңілісіңді де ұмытпауың мүмкін. Тұрақсыздығың мен өкінішің, жаныңды жегідей жеген мұң-шерің болуы мүмкін. Алайда шығарманы оқи отырып, автордың негізгі ойын көңілге түйгендей боласың…
Тұтастай алғанда, туынды өзіндік айтары бар, 60-80-жылдардағы ауыл тұрмысын, мектеп өмірін, балалық кезеңді қызықты бейнелеген шығарма», дейді автобиографиялық кітапқа алғысөз ретінде рецензия жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ.
Жаңа жинақтың оқиғалары да ойға жетелеп отырады, жазылуы да, оқылуы да түсінікті. Бір сөзбен айтқанда «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиеді.
Алматыдан үш мың данамен жарыққа шығып, еліміздің түкпір-түкпіріне тараған жаңа жинақты Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қорынан да оқып, танысуға болады.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support