- Advertisement -

Тастаяқтан тартысты турнир өтті

64

- Advertisement -

«Aq jol» газетінің 100 жылдығына және қазақ баспасөзінің қайраткері, ата газетті 20 жыл уақыт басқарған ардагер журналист Баттал Жаңабайұлының құрметіне арналған бильярд бәсекесі тартысты өтті.

Қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлы «Aq jol» газетін сонау 1965-1985 жылдары басқарып, облыстың бас басылымын кеңес үкіметі тұсынан-ақ өрге сүйреген азамат. Өңір журналистерінің абыз ақсақалға сый-құрмет көрсетіп, үлгі тұтатыны содан.
Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған турнирдің төрінде Бекет Момынқұл, Асқарбек Сейілхан, Көсемәлі Сәттібайұлы, Ғалым Қасабай, Баймаханбет Ахмет, Амангелді Әбіл сынды аға буын сақа журналистер де төбе көрсетті. Бұл күні Шымкент қаласынан келген журналист Керімбек Ниязбеков, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі, ұзақ жылдар бойы «Aq jol»-да еңбек еткен Табиғат Абаилдаевтар жарыс көркін қыздыра түсті.
Дуы басым доданың ашылу салтанатында Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек Таластың тумасы Баттал Жаңабайұлы туралы сыр бөлісіп, БАҚ өкілдеріне табыс тіледі.
–Турнирдің алдында біз 94 жасқа толған ардагер журналист Баттал Жаңабайұлының үйіне барып, батасын алдық. Абыз ақсақал әріптестеріне алғысын жаудырып жатыр. Енді осы турнир жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрлі шараға айналса деген тілегіміз де бар. Атамыз Құдайға шүкір, қуатты екен. Әңгіме арасында елдің жайын, Таластағы төрт түліктің санын да сұрап үлгерді. Журналистика саласында қамшы салдырмай ұзақ жыл еңбек еткен Таластың тумасы, батагөй ақсақалдың атына жарыс ұйымдастыру бізге де абырой. Лайым, бізге де сол кісінің жолын, жасын берсін дейміз, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Сонымен, турнир қорытындысына келсек, әріптестерін шеберлігімен тәнті етіп, қарсылас шақ келтірмеген Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған 1-орынды олжалады. Екінші орынды облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз хатшысы Серік Тәжібаев иеленді. Жарыстың үшінші жүлдесін республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Табиғат Абаилдаев қанжығалады. Жүлделі орынға бір табан жақын қалып, ақтық сәтте қарсыласына жол берген Бауыржан Абдыманапов төрттікті түйіндеді. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған және тәуір ойын-өрнегін көрсеткен 10 журналиске ынталандыру сыйлығы бұйырды.
Жарыс соңында «Aulieata-Мedia» холдингінің бас директоры Оралхан Дәуіт, «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекнұр Сатыбалдиевтермен бірге сала ардагерлері турнир жүлдегерлерін марапаттап, ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табыстады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support