- Advertisement -

Келісімшартты кім созды? Немесе мектеп директорлары неге жұмысынан айырылғысы келмейді?

304

- Advertisement -

Білім саласында қордаланып қалған мәселе аз емес. Әзірге соның біріне ғана тоқталсақ, жұмыссыздық мәселесі шығады алдымыздан. Кейінгі жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы еселеп артты. Тіпті биылдың өзінде 25 пайызға көбейді. Бұл – ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздарға мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлық. Кейінгі жылдары айлық жалақысы үсті-үстіне артып жатқан соң, жоғары немесе арнаулы орта педагогикалық білімі бар жастар мұғалім болуға ерекше ынта білдіре бастады.

Бірақ, мектеп директорлары танымайтын білімі бар жастарды маңайына жолатпайтынын әркім-ақ айтады. «Естіген құлақта жазық жоқ», мәселен, облыста мектепке мұғалім болып орналасу үшін ана жылдардағы «ставка» үш жүз мың теңге дейтін, бүгінде бір миллион теңгеге дейін пара беруің қажет дейді. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген, кім білген енді… Әрине, параны директорлар мұғалім болуға келген жастан тікелей алмайды. Арада делдал болып жүретін үшінші адам арқылы иеленеді. Облыстық білім басқармасында ма немесе қалалық білім бөлімінде отырған «шатыры» болса, ешкімнен қаймықпайды олар. Пара беріп, жұмысқа тұрған кім болса да, құқық қорғау органдарына ешқашан шағымданбайды. Өйткені «өзім де жауапқа тартыламын» деп қорқады. Жең ұшынан жалғасқан парақорлықтың белең ала беретінін екінің бірі білгенімен, жұрт болып жұмылмай бұған тосқауыл қойылмас. Әрине, директордың бәрі бірдей пара алады дей алмаймыз. Педагогикалық ұжымда сыйлы, іскерлік және ұйымдастырушылығымен өзі басқарып отырған білім ошағын облысқа, республикаға танытып жүрген, шәкірттері әр алуан білім додаларында олжа салып жүрген директорлар да бар.
Педагогикалық жоғары және арнаулы білімі бар жастар неге жұмысқа тұра алмайды деген сұрақтың екінші жағына келер болсақ, Тараз қалалық білім бөлімінің мәліметіне қарағанда, 2021-2022 оқу жылы бойынша білім беру ұйымдарында зейнет жасына жетсе де әлі де қызмет атқарып отырған 104 педагог бар. Ал зейнет жасындағы №13, 23, 31, 44-ші мектептердің және Оқушылар сарайының директоры басшылық қызметте. №13, 31 мектеп және Оқушылар сарайының директоры зейнет жасына былтыр толғанымен, еңбек шарты биылғы 1 шілдеге дейін ұзартылыпты. Сондай-ақ №23 және 44-орта мектептің директорлары да зейнет жасына өткен жылы толғанымен еңбек шарттары осы жылдың 1 ақпанына дейін ұзартылған.

Директорлардың орынбасарларын да жылы орындарынан қозғалтпай, олардың басшылық қызметін бір жылға дейін созып берген. Атап айтқанда, №12 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары былтыр зейнет жасына толғанымен, биылғы 25 желтоқсанға, №20 орта мектеп директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары 1 қыркүйекке, №22 орта мектеп директорының әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары 10 қыркүйекке, ал №56 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартқан. Айдаладағы ауыл емес, аудан орталығы да емес, бүтіндей бір облыстың орталығынан жоғарыдағы бес білім беру мекемесін басқаратын тәжірибелі педагог кадрлар табылмағаны ма? Төрт орынбасардың орнына да еңбек өтілі жеткілікті, ұйымдастырушылық қабілеті мықты, іскер, түрлі пән олимпиадаларында Тараздың, облыстың атын аспандатқан тәжірибелі ұстаздар сол зейнеткерлер еңбек етіп жүрген білім ошағының өзінен де табылмай ма? Қашан еді, мектеп директорлары арасында ротация болады дегенді естіп едік, әл -әзір орнын ауыстырып жатқан директорды көрмедік.
Білім беру мекемелерінде еңбек ететіндер мемлекеттік қызметке жатпайтындықтан, басшылық зейнет жасқа толса да кімді жарылқап, келісімшарт арқылы қайсысын алып қалам десе де, кәсіподақ ұйымының қатысуымен үшжақты келісіммен еңбек шартын ұзартып беретін көрінеді. Сонда зейнет жасындағы директоры бар, орынбасарлары бар, мұғалім болып еңбек етіп жүргені бар 104 педагог жастарға орнын қашан босатады? Дәл осындай жағдай бір ғана Тараз қаласының білім беру мекемелерінде ғана емес, аудандарда да кездесетіні анық.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовке өзі басқарып отырған аса ауқымды сала жат емес. Қай жылдары осында басшының орынбасары болып қызмет атқарды. Әйтсе де, өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында мұғалімдердің айлық-жалақысын уақтылы бере алмай, жырым-жырымын шығарып, облысты бір шулатқанын ел ұмыта қойған жоқ. Ендеше Бейқұт мырзаның жоғары білімді педагогикалық мамандығы бар жастардың бір бөлігі жұмыс таппай облыстан тысқары кетіп жатқанда, кейбірі әр жұмыстың басын бір шалып жүргенде мемлекеттен зейнетақысын бір алып, еселенген еңбек жалақысын екі алып отырған директор және орынбасарларымен, жалпы зейнеттегі мұғалімдермен келісімшартты кім жасады, кім созды, осыны да бір назарға алып, мәселенің анық-қанығын зерттеу қажет шығар. Сонда педагогикалық білімі бар жастарды жұмысқа орналастыруда бір түйткіл шешілер ме еді…

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support