Жамбылдық еріктілер жарады

Жамбылдық еріктілер жарады
ашық дереккөз
Жамбылдық еріктілер жарады
Тараз қаласы аумағында жаппай тәртіпсіздік орын алған күндері, сондай-ақ осы дүрбелеңнен кейін өз қауіпсіздігіне қатер төндіріп, бір-біріне көмекке келген адамдар болды. Қызметтік борышын орындап бекеттен шыға алмағандарды тамақтандырған Тараз еріктілері де игі істерден тыс қалған жоқ. «LIDER.KZ» пен «Kislorod SOS» қозғалыс еріктілері көптеген полицейлердің ерекше қорғалатын нысандарда кезекшілік атқарып жатқанын естіп, оларды қолдауға шешім қабылдаған екен. «LIDER.KZ» волонтерлік іздестіру қозғалысының үйлестірушісі Николай Чагай биылғы 6 қаңтар күні, дүрбелең қызып тұрған шақта полиция қызметкерлеріне қоңырау шалып, өздерінің қалай көмектесе алатындарын сұраған. «Ол кезде облыс орталығындағы полицияның барлық бөлімшелері қиратылғаны белгілі болған еді. Бірақ қызметкерлер сол ғимараттардың басы-қасында болды. Біз бірден жылы көрпе жинай бастадық, еріктілер үй тағамдарын, ыстық шай дайындады. Осының бәрін біз 7-9 қаңтар аралығында тасымалдадық. Осыдан кейін біз көмек қажет пе, жоқ па, соны білу үшін бірнеше блок постты аралап шықтық. Бірақ олар бізге бәрі жақсы екенін және әскери-далалық тағамдар ұйымдастырылғанын айтты», – дейді Н.Чагай. Еріктілердің айтуынша, мұндай қамқорлыққа полиция қызметкерлері мен тәртіп сақшылары шексіз алғыстарын білдірген. «Сол күндері интернет желісі болмағандықтан, барлық еріктілер өзара бір-бірімен байланысқа шықты. «LIDER.KZ» үйлестіруші Николай Чагай маған қоңырау шалып, полицейлерді тамақтандыру керек екенін айтты. Олардың барлығы кезекшілікте екенін жеткізді, полицияның барлық бөлімдері қиратылғанынан хабардар болдым. Сол күндері асханалар мен кафелер де жұмыс істемегені белгілі. Ал тұрғындар сыртқа шығуға қорықты. Мен үйде тамақ дайындауды ұсындым. Біздің көптеген қыздарымыз да көмекке келді», – деді ерікті Диана Бекмағанбетова. Тамақ пен көрпе тасымалдауға көмектескендердің арасында еріктілер Бауыржан Базаров, Наталья Маслак және Светлана Кузьменко болды.

Азамат ҚОЙШЫҒАРА.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар