- Advertisement -

Таразда түзеу мекемелері неліктен көп?

347

- Advertisement -

Таразда қазіргі таңда 5 түзеу мекемесі бар. Онда бүгінгі күні 2794 адам жазасын өтеуде. Ал тергеудегі азаматтар саны – 431. Республикадағы санаулы ерекше режимдегі төтенше қауіпсіз түрмелердің бірі де осы Таразда. Ресми атауы бойынша ЖД-158/7 мекемесі деп аталатын бұл түзеу орны ел аузында «Семёрка» аталып кеткен. Мұндағылардың көбісі бірнеше рет істі болғандар мен аса ауыр қылмыс жасағандар.

Кеңестік кезең-де Тараздағы түрмелердің бірінде басшылық қызметте болғандардың айтуынша, өткен ғасырдың 50-60 жылдары Украинадағы жазасын өтеушілердің біразы Жамбылға «жер аударылған» екен. Ондағы мақсат Одесса қаласындағы қылмыскерлер санын азайту болған көрінеді. Бұл фактор да шаһарымызда түзеу мекемелерінің санының көбеюіне ықпал етсе керек.

Сөз басы…

Шынтуайтында, түрмені жаза басқандарды түзеу үшін салады. Сот үкімімен жазасын өтейтін мекемеге түскен күннен бастап оларды бостандыққа дайындайды. Жазасын өтеген соң, қоғамға сіңісіп кетуі үшін тәрбиелейді. Мамандардың пікірінше, кейінгі жылдары адам құқықтары жөніндегі түрлі халықаралық ұйымдардың талабына сай еліміздегі түзеу мекемелері ізгіленіп, пенитенциарлық жүйенің жаңа тынысы ашылған. Ал сотты болғандарды түзеу әрі олардың азаттық алған соң қайта қылмыс жасамауы үшін нақты қандай іс-шаралар жүргізіледі? Жалпы, өңірдегі түрмелердің жағдайы қандай?
Қазіргі уақытта республикамызда 80 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі бар, оның 16-сы тергеу изоляторлары, 6-ы әйелдерге арналған мекемелер (кәмелетке толмаған қыздар да), 1-і кәмелетке толмаған ер балаларға арналған, 18-і қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелер (қатаң режим), 5-і төтенше қауіпсіз мекемелер (ерекше режим). Мұнда барлығы 28 441 сотталған және 6 488 сотқа дейінгі ұсталған азаматтар отыр.
Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары елімізде түрлі атаулы даталарға байланысты сегіз рет рақымшылық жасалды. 1994-1996 жылдары 10 988 сотталушы, 1999 жылы – 15 705, 2000 жылы – 7791, 2002 жылы – 10 524, 2006 жылы – 3 626, 2011 жылы – 2 128, 2016 жылы 1 120 жазасын өтеуші босатылды. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты түрмеге қамалған 2 мың 236 адам рақымшылыққа ілінбек. Енді бір мың азамат абақтыдан босатылса, қалған мыңнан астамының жазасын өтеу мерзімі қысқартылады.

Түзеу мекемесіндегілер түзелу жолына қалай түседі?

Қоғам түрмедегі түрлі тағдырлардан хабарсыз екені анық. Жалпы, біз ол жақтағы жазасын өтеушілер туралы не білеміз? Бізге түрмеге түскен адам таңертеңнен қара кешке дейін тар қапаста отыратындай көрінеді. Шындығында, олай емес.
Кез келген мекеменің күн тәртібі сол мекеме басшысының бұйрығымен бекітіледі. Онда сотталушыларға 8 сағаттық ұйқы, күніне үш мезгіл тамақ беріледі. Әр жасақтың ішіндегі тәрбиелік, саптық байқау, дәріс оқу, ақысыз жұмыстар, басқа да түрлі күн режимдегі жоспарға байланысты бөлінеді. Мекемедегі ішкі тәртіпті жақсарту мақсатында алуан тақырыптарда дәрістер оқылады. Дәрісті жасақ тәрбиешілері оқиды.
Сотталғандарға түзеу мекемесінің тәртібіне сай қысқа және ұзақмерзімді кездесуге рұқсат. Сондай-ақ жазасын өтеушілердің таксафон арқылы туған-туыстарына хабарласуына мүмкіндіктері бар. Коронавирус пандемиясының басталуына байланысты ұзақ және қысқамерзімді кездесулерге тыйым салынып, сотталғандарға туған-туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге жағдай қарастырылған.
Жасыратыны жоқ, абақтыда сотталушылар арасында түрлі құқық бұзушылықтар орын алады. Мәселен, күн тәртібін бұзу, тыйым салынған заттарды сақтау, қолдан жасау немесе біреуге беру т.б. Мұндай құқық бұзушылықтар жасақтағы тінту жұмыстары кезінде анықталады. Расталған жағдайда мекеме ережесіне сәйкес сотталушыға шара қолданылады, яки қатаң режимдегі жасаққа ауыстырылады. Қатаң режимдегі жасақтағы сотталғандарға қатысты белгілі тыйымдар да бар. Оларға күніне таза ауада тыныстауға аз ғана уақыт беріліп, кездесу саны да шектеледі. Таксафонды пайдалана алмайды.

Түрмедегі таланттар немесе сотталғандардың шеберлігін шыңдайтын байқау

Иә, сотты болғандар да кітап оқиды, сурет салады, киім тігеді, ағаш жонады, бұйым жасайды. Мұнда түрлі тағдыр, түрлі талант иелері бар. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің бойындағы қабілетін ашу мақсатында тұрақты түрде түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Соның бірі – суреттер мен қолданбалы өнер бұйымдарының байқауы.
Бас бостандығынан айырылғандарды тәрбиелеуге ықпал ететін «Үміт-2021» байқауында сотталғандардың қиялынан туған суреттер мен бұйымдар көпшілік назарына ұсынылады. Сайыс барысында әр жазасын өтеуші өздері дайындаған суреттер мен бұйымдарына түсіндірме беріп, өз ойлары мен ішкі сезімдерін толық жеткізе алады.

Білім алу – басты міндет

Ата заңымызға сәйкес елімізде 30 жасқа толмаған сотталушының орта білімі жоқ болса, жазасын өтеу мерзімінде оған орта білім берілуі тиіс. Осы мақсатта өңірлік ҚАЖ департаментіне қарасты түзеу мекемелеріндегі орта мектепте 7-11-сыныптарда 147 оқушы (сотталушы) оқиды. Мектеп бітірушілерге негізгі орта білім туралы аттестат және жалпы орта білім туралы аттестат беріледі. Бүгінде түзеу мекемелеріндегі кітапханаларда 23 808 кітап қоры бар.
Бұдан бөлек №15 кәсіптік колледжде 6 мамандық бойынша оқытады. Атап айтқанда, токорьлық іс және металл өңдеу шебері, пісіру ісі, электрмен қамтамасыз ету, кран машинисі, жиһаз өндірісі, сондай-ақ ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану мамандықтарын игере алады.
Алайда мұнда да өз шешімін таппаған мәселе бар. Ол бүгінгі күні сұранысқа ие тігін ісі мамандығының жабылып қалуы. Аймақтық ҚАЖ департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру қызметінің бас маманы Аймен Тайтелиева осы мәселеге байланысты облыстық білім басқармасына бірнеше мәрте хат жолданғанымен, әлі күнге дейін жақсы жаңалық болмай тұрғанын жеткізді.
–Дәл қазір тігін ісі мамандығына сұраныс көп. Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып отырған «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өңірдегі 3 түзеу мекемесінде (ЖД-158/2,4,7) 3 тігін цехы бар. Қазіргі таңда ол жерде кәсіби білімі бар мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Себебі, аталған колледжде 2019 жылы тігін ісі мамандығы жабылған. Біз осыған байланысты облыстық білім басқармасына талай рет хат жолдағанбыз. Алайда әлі күнге дейін бұл мәселе оң шешімін таппай отыр. Егер сотталғандар дәл осы мамандықты игеретін болса, олардың да екі қолға бір күрек табуына зор ықпал етер еді. Бүгінгі күні ең өзекті мәселе де осы, – дейді Аймен Ақылбекқызы.

Жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылған ба?

Түзеу мекемелеріндегі еңбек дағдысы – болашақтағы табыс кілті. Оның үстіне сотталғандар бостандыққа шыққан соң жұмыс іздейтіні белгілі. Демек, оларды жұмысқа тарту мәселесіне жазасын өтеп жүрген сәттен бастап көңіл бөлген дұрыс-ақ.
Бүгінгі күні осы мәселені шешу үшін өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тарапынан кешенді іс-шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлермен әріптестік қарым-қатынас орнатылып, нәтижесінде түзеу мекемелерінде жұмыс орындарын ашып, сотталғандарды жұмыспен қамту жолға қойылған. Мәселен, департаментке бағынысты жабық мекемелерде 20 жеке кәсіпкер жұмыс істесе, ЖД-158/5 мекемесіндегі (қоныс колониясы) сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған 7 жеке кәсіпкер бар. Осылайша, 1 мыңнан астам сотталған азамат жұмыспен қамтылып отыр. Олардың жалақысы – орташа есеппен 42500 теңге.
Бұл күні бір ғана қатаң режимдегі ЖД-158/4 мекемесінің аумағында орналасқан 7 жеке кәсіпкерлікте 71 сотталған азамат жұмыс істейді. Солардың бірі – Дидарбеков жеке кәсіпкерлігі. Жуырда ғана жұмысын бастаған жеке кәсіпкерлікте бұл күні 6 жазасын өтеуші азамат еңбек етуде. Олар халық тұтынатын тауарлар шеберханасында түрлі ағаш бұйымдарын жасайды.
Мекеменің сотталғандар еңбегін ұйымдастыру тобының бастығы Маржан Сағындықованың айтуынша, шағын және орта бизнес өкілдерімен қарым-қатынас орнату арқылы көптеген түйткілді мәселелерді шешуге болады, тек жан-жақты қолдау және мүдделік таныту қажет.
– Жеке кәсіпкерлерді түзеу мекемелерінің аумағында жұмыс істеуге шақырамыз. Біле білген адамға бұл өте ұтымды болмақ, себебі өз жұмысын түзеу мекемесінде бастаған кәсіпкер еңбекке тартылған жазасын өтеушіге көп қаражат төлемейді, ең бастысы, еңбекке тартыламын дегендер аз емес, – дейді әділет майоры.
Ал өңірлік ҚАЖ департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру қызметінің бас маманы Аймен Тайтелиева жұмыспен қамтылған сотталғандардың жалақыларынан талап-қарыздары уақтылы өндіріліп жатқандығын тілге тиек етті. Нақтырақ айтқанда, қазіргі күні 173 миллион 546 мың теңге жазасын өтеушілердің өз еркімен жабылса, 18 миллион 962 мың теңге еңбекақыдан ұсталған.
Аңғарсаңыз, түзету мекемелеріндегі өндірістік орындарды жүйелі түрде көбейтіп, екі тарапқа да пайдалы етуге болады екен. Мүмкін, сонда мемлекеттік бюджеттен түзету мекемелеріне бөлінетін қаржы үнемделер. Мүмкін, еңбек сотталушылардың қоғамда дұрыс өмір сүруіне өз септігін тигізер…

Құрылыс материалдарын пайдаланып, қылмыс жасаған

ҚАЖ қызметкерлерінің сөзінше, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлер мекеме тәртібіне қайшы әрекеттерге жиі баратын көрінеді. Олар, әдетте кездесу барысында әкелінген сәлем-сауқаттың арасынан табылатын тыйым салынған заттардың (құлаққап, ұялы телефон, сим-карта, т.б.) ішке енуіне ықпал етеді.
Бір ғана мысал, бұған дейін Таразда қатаң тәртіптегі түзеу мекемесіне ірі көлемде тыйым салынған зат кіргізбек болғандардың ісі әшкере болған. Жамбылдық 34 жастағы ер адам мен 26 жасар келіншек ЖД-158/4 мекемесінің аумағында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерліктің біріне құрылыс материалдарын кіргіземіз деген сылтаумен заңға қайшы іс-әрекетке барған.
Жедел ақпарат негізінде әрекет еткен мекеме қызметкерлері құрылыс материалдарын тексеру барысында фанер тақталарының ішіне жасырылған тыйым салынған заттарды анықтаған. Атап айтқанда, 4 дана фанер тақталарының ішінен 778 дана мөлшерінде белгісіз ақ дәрі-дәрмек, 20 пакет мөлшерінде ерекше иісі бар өсімдік тектес жасыл зат, 2 кішкентай пакет ақ ұнтақ, 1 пакет пластилинге ұқсас қара зат, целлофан пакетінде белгілі бір иісі бар жасыл ұнтақ, 13 ұялы телефон және 2 бірлік ұялы телефон батареясы мен Ксеll ұялы операторының 10 дана сим-картасы тәркіленген. Заңды белшесінен басқандардың үстінен ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жалпы, жыл басынан бері дәл осындай 3 оқиға орын алып, сотталғандардың пайдалануына қатаң тыйым салынған 150 дана ұялы телефон тәркіленген.

Түзелмесең, түрмеге қайта барасың!

Таразда пробация қызметінің есебіндегі қоғамдық жұмысқа тартылған 14 сотталғанның жеке ісі қамаққа алумен алмастырылған. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің баптарында көзделген қоғамдық жұмыстардан жалтарып, жергілікті әкімдік белгілеп берген ағаш кесу, шаһар көшелерін тазалау секілді дала жұмыстарын атқармаған.
Тараз қалалық №3 пробация бөлімінің бастығы, әділет майоры Қуаныш Калықтың айтуынша, пробация қызметкерлері қоғамдық жұмыстарға тартылған есепте тұрған азаматтарды жергілікті әкімдікпен бірге қадағалап отырады.
– Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегін қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады. Мұның бәрін біз жергілікті әкімдікпен қадағалап отырамыз. Егер жазасын өтеуші қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді Қуаныш Ерболатұлы.

Түйін:

Тарихында түрме болмаған елімізде бұрындары қылмыс жасаған жанды жазалау керек болса, ауыл ақсақалдарының ақылына жүгінген. Әрине, тентегі мен телісін үлкен арбаның доңғалағына таңып, болмаса киіз туырлыққа орап тастап-ақ тезге салып жазалайтын әдіс өткен шақта қалғаны түсінікті. Десе де, кісеніміз темір, «киіз туырлығымыз» қатаңдатылған заңға алмасқан кезеңде алақандай Таразда түзеу мекемелерінің көп болуы өкінішті-ақ!

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support