- Advertisement -

Қасіретті де, қасиетті күндерден сыр шертеді

128

- Advertisement -

Қым-қуыт тірліктен қол қалт етсе осыдан үш жыл бұрын Тараз қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтан ашылған «Желтоқсан-86» орталығына барып тұрамын. Бірінші, орталық алдындағы биік тұғырдағы Қайрат батырдың ескерткішіне тағзым етемін. Үш бөлімнен тұратын желтоқсан-жәдігерлеріне, сол бір аязды күндерде түсірілген суреттерге, өзіміз көтеріп шыққан транспаранттарға  қараған сайын көз алдыма 86 жылдың желтоқсанындағы Алматының орталық алаңындағы аласапыран келеді. Алаңға қарай жан-жағынан ағылып жатқан жастар билеуші компартияның жариялылық пен демократиясына сенгендіктен де тым алаңсыз еді.  Күн батып, қас қарая ерекше жағдайда әрекет ететін әскерлердің шоқпарынан қан-жоса болып, өрт сөндіргіш машиналардан шашқан суық суынан үсті-басымыз мұз болып қатып қалғандағы көрген азап кино лентасындай көз алдымнан тізбектеліп өте береді…

Облыстық тарихи-өлкетану музейі «Желтоқсан-86» орталығының маманы Балнұр Ерланқызы қашанғы әдетінше жылы шыраймен қарсы алып, құрақ ұшып жатыр. Кісі аяғы басылған бір оңаша сәтке тап болған екенмін. Бұл жолы орталықтағы қасіретті де, қасиетті күндерден сыр шертетін әрбір жәдігермен жете танысудың сәті түсті. Бірінші залда 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне жан-жақты түсінік берілген. Сол бір аласапыраннан түсірілген суреттер осы жерден орын тепкен. «Әр халыққа – өз көсемі!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!» сынды транспаранттар да осында қойылған. Сол бір қасіретті күндерде ұсталғандардың саны шамамен 8,5 мың адамға жеткені, 99 адам сотталып, оның екеуі – Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзақұл Әбдіқұлов өлім жазасына кесілгендігі, 83 адам бір жарым жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылғандығы туралы деректерді де көз шалды. Партиядан, комсомол қатарынан, жоғары және арнаулы оқу орындарынын, жұмыстан шығарылғандардың санын да осы жерден көруге болады. Желтоқсан туралы әр жылдары жарық көрген кітаптар қасіретті күндерді тағы бір еске салғандай.
Желтоқсан қасіретінен қыршынынан қиылған Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаевтың балалық шағы, оқушы кездері және студенттік жылдардағы суреттері бейкүнә балғын шақ, жалындаған жастық ғұмырларын еске түсіреді. Қас-қағым сәттегі өмірдерегіне әрбір келуші бей-жай қарай алмас. Ақиық ақын, қоғам қайраткері Мұқтар Шахановтың өлеңі де жүректі дір еткізеді. Шу ауданының тұрғыны, желтоқсаншы Қали Қораласбаевтың «Тас мүсін» туындысы желтоқсанның аязды күндерінен бастау алған ел Тәуелсіздігінің символындай.
Екінші залдағы жамбылдық желтоқсаншылардың суреттерін Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков пен талантты ақын Бауыржан Үсенов бастап тұр. Бірі 21, енді бірі 31 жасында қыршынынан қиылған боздақтардың жансыз бейнелерін көрген мұнда келушілердің әрбірі екі ердің рухына тағзым етеді. «Желтоқсан ызғары» картинасының авторы Қалаубек Әділхан да желтоқсаншы. Сол бір қасіретті күндері мың-мыңдаған жастармен алаңға шыққаны үшін оқудан шығарылған ол осы туындысын ойлана келе салып, орталыққа тарту етіпті.
Үшінші зал Қайрат Рысқұлбековке арналған. Желтоқсан қаһарманының өмірдерегі, әр кезеңдегі  суреттері мен киімдері, пайдаланған заттары, тіпті желтоқсанның сол бір қасіретті күндері киген бас киімі мен  бөкебайына дейін осы жерден орын алыпты.  Қолына ұстаған сөмкесі де қойылған. Басқа да тұрмыста пайдаланған бұйымдары да Қайрат батырдан қалған жәдігерлер қатарында.
Мұнда жыл басынан бері жоғары және арнаулы оқу орындары білімгерлері бірнеше рет орталықтағы экспонаттармен танысып, әртүрлі тақырыптарда өткізілген іс-шараларға қатысқан. Жыл басынан бері Сәбира Мұхамеджановаға арналған «Ерте солған ғұмыр» атты батыр қыздың өмірі мен ерлігі жайлы естеліктерге арналған шара, «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан» атты, өлкетану тақырыптарын насихаттауға арналған оқушылардың қатысуымен экскурсия, Қайрат Рысқұлбековтің өмірбаянынан танымдық сағат, Тәуелсіздіктің – 30, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай  «Желтоқсан жаңғырығы, «Мен көрген желтоқсан» атты тақырыптық кездесу ұйымдастырылған. Іс-шараға жамбылдық желтоқсаншылардың жетекшілері Санат Қонарбаев пен Мұрат Бердалиев қатысып,  естеліктер айтыпты.
Былтыр жуалылық талантты ақын, желтоқсаншы Бауыржан Үсеновтің 60 жылдығына орай марқұмның отбасы мүшелерінің қатысуымен өткен еске алу шарасында осы орталықтың сол кездегі маманы Ләззат Қабылбекова еліміздің әр өңірінен облыстың киелі жерлеріне саяхатқа шыққандар да келіп тұратынын еске салып еді. Ішкі туризмді жандандыруда «Желтоқсан-86» орталығының да орны ерекше екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Желтоқсан көтерілісіне арналып ашылған еліміздегі бірегей орталық жас желкенді отансүйгіштік рухта, патриоттық сезімге тәрбиелеуде алатын орны ерекше екенін ескерсек, желтоқсан жаңғырығы сезіліп тұратын орында патриоттық іс-шаралар жиі өткізіп тұрудың маңызы зор. Желтоқсандықтармен қатар, анда-санда осында бас сұғып тұратын алдыңғы толқын ардагерлермен де кездесу өткізіліп тұрса…
Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support