- Advertisement -

Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар!

342

- Advertisement -

…1987 жылдың 1 қаңтар күні түс мезгілінде Қайрат Рысқұлбековті Мойынқұм ауылының орталығында тұратын нағашы ағасының үйінен ұстап әкетеді. 16 маусымдағы Алматыдағы соттың шешімі бойынша ол «18 желтоқсан күні адам өлтірді, тоғыз автокөлікті өртеп, 152 автокөлікті зақымдады. 326 милиционер мен 196 солдатты жаралап, ауруханаға түсіруіне қатысқан. Мемлекетке 302 мың 644 сом зиян келтірген» деген жаламен ату жазасына кесілді. Қайратпен бірге Жамбыл Тайжұмаев, Түгелбай Тәшенов және Қайыргелді Күзенбаев үшеуі ұзақ жылға сотталды. Қайрат соңғы сөзінде:
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең атыңдар!
– деп есіл ер сот үкім оқып жатқанда қасындағы үш желтоқсандық замандасымен қасқайып тұрды. Кеңес одағының күйреуіне әкеп соқтырған желтоқсан көтерілісіне қатысушы жастардың ең әділетсіз соттан түсірілген осы әйгілі суреті Қазақ телеграф агенттігі арқылы кейбір республикалық және облыстық басылымдарға жарияланып кетіп, агенттік басшысы мен редакторлар, сол күнгі нөмірге жауапты әріптес-журналистер де қызметтен қуылды, партиялық қатаң жауапкершілікке тартылды.
Қайрат Рысқұлбековке Чехословакиядағы «Адам құқын қорғау жөніндегі Хартер-77» тобының бірнеше мәрте үндеуі мен халықаралық қауымдастықтың мәлімдемелерінің, кеңес одағы зиялы қауым өкілдерінің компартияның бас хатшысы М.Горбачовқа жолдаған өтініштерінің нәтижесінде өлім жазасы 20 жыл түрмеде өткізуге өзгертіледі. Ал жерлестері арасында Қайратты жанын салып қорғаған мойынқұмдық ұстазы Сейткерім Қожаназар еді. Ол мұғалімдердің аудандық тамыз мәслихатында батыр ұлға араша түсіп, «ертең өкінесіңдер» деп егіле сөйлейді. Сонымен қатар Шу ауданының тұрғыны, белгілі журналист Мәкен Уақтегі де желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті ақтау жөнінде қыруар тірлік атқарды. Желтоқсаншы батыр атында қор құруға ұйытқы болды.
Сол кезде Мойынқұм ауданы, «Көктерек» кеңшарында бақташы болып еңбек ететін Қайраттың әкесі Ноғайбай ағамызбен сауыншы анасы Дәметкен апамыздың, бауырларының көрген азабын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тіпті, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің адамдары түрмеде жұмбақ жағдайда мерт болғанда да ағайын-туыстарын, жақындарын қыршын кеткен жас ғұмырға қазаға ортақтасып, ата-анасы және жақындарына көңіл айтуға да малды ауылға жібермей қойды. Әке-шешесін елмен араластыруға тыйым салып, ауылға жақындатпады.
Сол бір қасіретті күндерден кейін тағы бір ату жазасына кесілгені Мырзақұл Әбдіқұловтың да жазасы ұзақ жыл түрмеге отыруға ауыстырылып, ақыры ол бірнеше жыл отырған соң, бостандыққа шықты. Қайратты этаппен Свердловскіге әкетіп бара жатып, орта жолдан Семей түрмесіне әкеледі. Желтоқсан туралы мерзімді басылымда да, әлеуметтік желіде де аз жазылған жоқ. Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов желтоқсан ақиқатын ашуда көп еңбек сіңірді. Қаншама кітап жазылды. Қайрат туралы да белгілі журналист Қайым-Мұнар Табеев, Мәкен Уақтегі және Сейткерім Қожаназар естеліктер жазды. Қазақтың ақын-композиторлары желтоқсан қасіреті туралы талай өлең жазып, бірнеше ән шығарды. Желтоқсаншы, талантты ақын Бауыржан Үсенов батыр әрі ақын жерлесі Қайраттың рухына арнап «Желтоқсан» поэмасын, «Қалыңдықтың жоқтауы», «Құдайға мұңын шаққан ана зары» өлеңін жазды. Коммунистік партия үстемдік құрып тұрған кезде мұндай өлең жазудың өзі үлкен ерлік еді. 1991 жылы ел Тәуелсіздігін жариялаған соң, сотталған желтоқсаншылар ақталып, 1992 жылы Елбасы Жарлығымен Қайрат Рысқұлбековке Халық Қаһарманы атағы берілді.

Бауыржан ҮСЕНОВ:

ҚҰДАЙҒА МҰҢЫН ШАҚҚАН
АНА ЗАРЫ

Мойныңды біразырақ бұршы Құдай,
Тірлікте кім қанышер, кім сұмырай…
қырсық Құдай.
Оқыста отқа түскен көбелегім,
Гүл ашпай көктей солған қыршыным-ай.

Жете ме құлағыңа сорлы мұңым,
Естімей, кереңсің бе зорлық үнін.
Ешкімге залалы жоқ бұйра қозым,
Алаңсыз ойнақтаған өр құлыным.

Іздер ем жол жоқ бірақ саған барар,
Таба алмай тіршілігім тамамдалар.
Сезеді қу жүрегім сүтім адал,
Ақ жолдан таймайтұғын балам да адал.

Аспаннан түссеңші енді жер тірегі,
Сен жоқ деп құдайсыздар желпінеді.
Ей, Тәңір менің ұлым ақын еді,
Ақындар қайтіп адам өлтіреді.

Сұмдарға шамаң жоқ па тоқта деуге,
Ей Құдай, пендең саған өкпелеуде.
Ақымақ үшін алдыменен,
Ақындар тоспайды ма оққа кеуде.

Құдай-ау, мұң шағамын қай адамға,
Тұтылған күн секілді қараям ба?
Заманы Сталиннің оралды ма?
Халқым-ау, бұл не сұмдық ай аманда?

Басыма салдың менің неге түнек,
Ыстығың, суығыңа көнетін ек.
Сол ұлды мен сен үшін туған жоқ па ем,
Баламды қайтарып бер, ей өкімет.

Залым соты, заңы да арам,
Құлыншағым, қан құсып отыр анаң.
Сала ма сені әлдилеп топырақ ән.
Көзіне күл шашамын бұл қоғамның,
Заңы тұл, адамы құл, соты харам…

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support