- Advertisement -

700 тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізген

103

- Advertisement -

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мақсатында жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған Жол картасы әзірленгені, сол жоба елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға әрі азаматтардың тұрақты табыс табуына септігін тигізгені мәлім. Қазіргі кезде жүзеге асып жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясындағы шаралар да соның заңды жалғасы екені сөзсіз. Шынын айту керек, аталмыш бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.

Мәселен, шалғайдағы Шуда аталған бағдарлама бойынша биылдың өзінде 3193 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Жалпы аудан тұрғындарының саны 102 191 адам болса, жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрайды. Бұл бүгінгі таңда 1164 шулық жұмыссыз дегенді білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамтамасыз ету керек. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекет бюджетінің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет» деген болатын. Осы мақсатта Шу ауданында биыл жастар практикасы арқылы 166 адам жұмыспен қамтылса, ақылы қоғамдық жұмысқа 1165, әлеуметтік жұмысқа 65, қысқа мерзімді оқыту курсына 178 тұрғын тартылған. Аудандағы жұмыссыз тұрғындардың санын азайтып, олардың экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында тиісті сала мамандары түрлі кездесулер мен жәрмеңкелер ұйымдастырып жүр. Аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген тұрғындардың барлығын бірдей жұмыспен қамтуға мүмкіндік болмаса да, олардың санын азайту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға жауапты осы орталықтың сектор меңгерушісі Оралхан Умаровтың айтуынша, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 3 есеге азайған көрінеді.
– Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің орталыққа республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Оның 720 миллионы тек қана қоғамдық жұмысшыларға жұмсалды. Өйткені осы жылы біздің алдымызда мыңнан аса адамды қоғамдық жұмыспен қамту міндеті тұрды. Бүгінгі таңда аталған жоспарды артығымен орындап, жұмысты жоғары деңгейде атқарып отырмыз. Ал қалған қаржы жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындары бойынша игерілді. Орталыққа бөлінген қаржының біраз бөлігі қайтарымсыз грант арқылы игерілді. Айта кету керек, ауданымызда қайтарымсыз грантты үлестіру бойынша арнайы құрылған комиссия мүшелері қаржыны әлеуметтік жағынан осал топтарға беру жағын да ескерді. Биыл 700 тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізді, – дейді маман.
Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты – бағдарлама қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бойынша ауданда республикалық бюджеттен 11 267 мың теңге қаражат бөлініп, 162 адамды оқыту жоспарланған екен. Жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда 178 тұрғынға қысқа мерзімді оқуға жолдама беріліпті. Оның 14-і «Компания Мар-Нұр» ЖШС арқылы жиһаз жинаушы, 18-і аспазшы, 26-сы шаштараз, 36-сы оператор мамандықтары бойынша оқыса, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, 6 өтінім иесіне Шу темір жол колледжіне электромонтер мамандығы бойынша жолдама берілген.
Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» деп аталатын екінші бағыты халықтың тұрмыс сапасын арттырып, кәсіпкер азаматтардың қатарын көбейтуге септігін тигізуде. Соңғы үш жылда сәтті жүзеге асып келе жатқан «Бастау бизнес» жобасы бойынша 457 адам оқуларын сәтті аяқтаған. Сонымен бірге 700 тұрғын мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Жалпы, жастар практикасы жас түлектердің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында ұйымдастырылады. Ал қоғамдық жұмыс – халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтуға арналған. Ол жұмысшының алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және мемлекет бюджеті арқылы немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен олардың өтінімі бойынша қаржыландырылады. Бұл мақсатта үшінші бағыт – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы» бойынша жастар практикасымен 166 маман жұмыспен қамтылса, әлеуметтік жұмыс орнына 65 адам уақытша жұмысқа орналастырылыпты. Сондай-ақ 1165-і ақылы қоғамдық жұмысқа жіберіліп, айлық алып отырды.
Расымен де, шалғайдағы ауданда халықтың белгілі бір санатына жататын тобын әлеуметтік қолдау жұмыстары биыл ерекше қарқын алғаны байқалып-ақ тұр. Дәлірек айтсақ, бұл жұмыстар ақшалай және әлеуметтік бейімдеу бойынша жұмысқа орналастыру, өз кәсібін ашуға көмектесу, сондай-ақ жұмыспен қамтудың басқа да түрлері арқылы отбасының табысын арттыруға бағытталып отыр. Сол арқылы аудан қазынасына да қомақты қаржы түсіп отыр.
Жалпы, жұмыспен қамту мәселесіне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Мысалы, Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаевтың да халыққа Жолдауларында тұрғындарды жұмыспен қамту және жалақыны өсіру ең маңызды мәселе ретінде айтылып келді. Осыған байланысты, биыл бұл бағыттағы жұмыстардың қарқын ала бастағаны сезіледі. Алдағы уақытта да бұл мақсатқа қазынадан бөлінетін қаржы еселеп өсіп, ауыл-аймақтағы жұмыссыздардың саны одан әрі қысқарады деген сенімдеміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support