- Advertisement -

Биологиялық қауіпсіздік мәселесі – аса маңызды

160

- Advertisement -

ХХІ ғасырда адамзатқа төніп тұрған қауіп-қатер – тек қана жаппай қарулануға бастайтын «қырғи-қабақ» соғыстар ғана емес. Екі жылға жуық уақыттың ішінде бүкіл әлем елдерінің көзі осыған анық жетті. Пандемия жағдайында биологиялық қауіпсіздік мәселесінің қаншалықты маңызды екенін шын түсіндік.

Бізде жедел әрі нақты сараптама жасайтын зертханалар аз. Барының өзіне қажетті сынамаларды жіберіп, талдама жасату оңайға соқпайды. Нақтырақ айтсақ, өңірлер үшін бағасы қолжетімді болмай тұр. Көктемде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында коронавирустың «Дельта» штамы тіркелгенде, осындай қиындықтарға тап келгенімізді жасырмаймыз. Вирустың кең таралып кетуінің алдын алу үшін облысқа сырттан келгендерден алынған сынамаларды Алматы қаласына жіберіп, оның нәтижесін біраз күтуімізге тура келген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында елімізде кемінде 12 зертхананың жоғары технологиялық құралдармен жабдықтауды тапсырғаны да осындай түйткілдерге байланысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құруды тапсырды. Негізі біздің мемлекетімізде мұның заңды жүйесі де қалыптасқанын айта кеткен жөн. Осыған қатысты тиісті заң жобасы жасалып, Парламенттің қарауына ұсынылған. Мемлекет басшысы осы заң жобасын қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды сұрады.

Жалпы осы тақырып қозғалса, біз алдымен Қордай ауданындағы 1958 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтын алға тартамыз. Рас, бұл институт бұған дейін де еліміздің биологиялық қауіпсіздігін сақтау жолында көптеген зерттеулер жүргізіп келді. Оның базасында жасалған түрлі ауруларға қарсы вакциналар ұлттық иммундау тізбесі бойынша егіліп те жатты. Бірақ қоғам назарынан тыс болды. Бұл ғылыми орталықтың жұмысына тек осы пандемия кезеңінде ғана көңіл бөле бастадық. Қазір онда 214 адам еңбек етеді. Ғылыми мекеменің басшысы, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закария бастаған ғалымдар осы COVID-19 вирусына қарсы QazVac вакцинасын әзірледі.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыз тиімді әрі қауіпсіз. Сондықтан QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде.

Әсет ҚАЛИЕВ,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support