- Advertisement -

Цирк қай кезде де өз-өзін ақтайды

265

- Advertisement -

Сұлулық пен шеберлік қатар үйлескен өнердің бірі – цирк. Өкінішке қарай, көпшіліктің ұғымында цирк дегеніңіз «суф» деп алақанындағы ақ қағазды көрсетіп, екінші «суф» дегенде әлгі ақ қағаз жоқ болып шығатын фокус деңгейінде қалып қойған. Шынымен цирк деген сондай ма?

Бір жақсы жері біздің өңірде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның құрамында цирк бар. Ондағы әртістердің шеберліктерін еліміздің маңдайалды мамандары мойындайды. Анығын айтқанда, мұның бәрі осы өзгеше өнерді дамытсам, жұртқа таза өнер сыйласақ (гипноз емес) деп шырылдап жүрген Талғат Алчикенов есімді азаматтың еңбегі.

Талғат Алчикенов Жуалы ауданының Билікөл ауылында туып- өсіп, бала күндері сол топырақта өтеді. Әкесі Жорабек – шопан. Содан бұл жаз жайлауда, қазақтың кең даласында түрлі спорттық жаттығулар жасап жүріп, жылдам қозғалыстарға бейім болып өседі. Малшының баласы болғандықтан 4-сыныпта Тараздағы Макаренко мектеп-интернатына қабылданып, сол жылдан акробатика үйірмесіне қатыса бастайды. Сөйтіп, біраз жылдың ішінде неше түрлі қимыл жасап, өзінің денесін сағызша созып өнер көрсететін деңгейге жетеді. Бұл жетістігі Талғаттың бойына сенім сыйлап, осы акробатика, цирк өнерінің қас шебері болуды мақсат тұтады. Біраз жарыстардан жүлде алды. Ал 8-сыныпты бітіргенде (сол кездегі орталау білім) Мәскеудегі цирк колледжіне түспекші болады. Барады, сынақ тапсырады. Ондағы мамандар: «Күзде кел, шешуші кезең күзде», – деп қайтарады. Бірақ күзде билетке ақшасы болмай, Мәскеуге бара алмады.

Кейін мектеп бітіріп, әскерге барып келсе де аңсары акробатикаға ауады. Сөйтіп, 20 жасында Грузияның Тбилиси қаласындағы цирк училищесіне түсіп, бітіріп шығады. Тәкең ат үстінде көрсетілетін (фолтижор) бағдарламаны сол жақтан жақсы үйренеді. 1988-1998 жылдары Қаратау қалалық мәдениет үйінде цирк үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелей бастайды. Ол кезде Қарат ауда өзге ұлт өкілдері көбірек тұрады екен. Мұның цирк үйірмесіне гректің, немістің ба ла лары көбірек қызығып, қатысады. Әрине, өзіміздің қаракөздеріміз де баршылық. Сол жылдардың нәтижесі жаман болмайды. Қазіргі таңда Талғатқа Грекиядан, Германиядан шәкірттері хабарласып тұрады.

Талғат Жорабекұлы 1998 жылы Тараз қаласына қоныс аударғанда оны ешқандай мәдениет ошағы құшақ жайып қабылдай қоймады. Құдай-ау, дайын маман тұрғанда циркті керек қылған бір басшы болсашы! Бұл сонда да алған бетінен қайтпайды. Қаржы табу үшін сауда жасап көреді, циркке қызыққан балаларды ақылы түрде де дайындап жүреді. Бірақ бәрібір қолдау болмаса қиын екенін түсінеді.

Сөйтіп жүргенде Тараздағы №36 орта мектептің сол кездегі директоры Найла Қожамқұлова Талғатты шақырып алып, мектептің спорт залын босатып , цирк үйірмесін ашып береді. Тәкеңнің көктен іздегені жерден табылады. Қиналып жүрген жігітке бұл үлкен көмек. Осылайша ол шәкірт дайындауға кіріседі. Тәжірибелі маман емес пе? Аз уақыттың ішінде жұмысы нәтиже береді. Акробатик қыздары қалалық, облыстық байқауларда топ жара бастады. Мектептің директоры да мақтау естіді, бұл Талғатқа да жақсы. Сол кезде цирк үйірмесіне алғаш жазылғандардың қатарында 5-сынып оқушысы Дария Әбдуахасова мен 3-сынып оқушысы Дана Ырысбекова бар болатын.

«Осы екі қызды үйірмеме жаздыру үшін ата-аналарын көндіре алмай бір ай жүргенім есімде. Себебі спорт залына келіп олардың жасаған жаттығулары менің назарымды аударды», – дейді цирк маманы. Шынында да Талғат шын жүйрікті құлын кезінен таныған екен. Осы Дария мен Дана ұзақ жыл Талғат ағаларынан тәлім алып, өнердің қыр-сырын үйренді. Бүгінде олар елорда циркінде қызмет етеді. Осы екі шәкірті АҚШ, Белгия, Жапония, Армения елдерінде өткен халықаралық байқаулардан алтын медаль алған. Ол байқауға әлемнің ең үздік 30-40 мемлекетінен үміткерлер қатысқан. Дария мен Дана бұл күнде аталған өнердің қыр- сырын әбден меңгерген. Денелерін икемдеп, түрлі қимылдар жасайды. Бел, буын жоқ сияқты. Мүмкін емес қимылдар оларға бағынған. Көресің де таңғаласың. Цирк, акробатика өнерінің кереметін мойындайсың. Айтпақшы, бұл екі шәкірті Елбасының алдында талай рет өнер көрсетіпті. Ұлт Көшбасшысы екеуін бағалап, өз қолымен марапаттап, сыйлықтар да берген. Ал Дария мен Дана өздерін осы деңгейге жеткізген жеке ұстаздары Талғат Алчикеновке, мектеп директоры болған Найла Қожамқұловаға шексіз ризашылықтарын айтудан жалыққан емес. Онан соң сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеевтің қолдауымен Талғат облыстық филармонияның құрамына шақырылып, өнерді өрістетуге жағдай жасалыпты.

Айта берсе жетістік жетеді. 2004 жылы республикалық дельфийлік ойындарда Талғаттың шәкірттері олжа салды. Сол жылы Талғат Алчикеновтың үш шәкірті бірдей Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде 1,2,3-орындарды иеленді. Атап айтқанда, Дариға Мұқышева, Майра Амантаева, Дария Әбдуахасова. Дариға мен Майра көгершінмен билеп таңғалдырса, Дария пластикалық этюдтер жасап, осылайша Астанадағы мыңдаған көрерменнің көңілінен шыққан. Бұл – Талғаттың да жеңісі. Тәкеңнің тағы бір шәкірті Нұрым Күленбаев та жақсы маман. Перзенттерінің барлығы осы акробатика, цирк өнерінен алыс кеткен жоқ. Инабаты жылан, көгершінмен билеудің қас шебері болса, Диланасы да осы өнерді жақсы меңгерген. Тіпті Дилананың жары Айдос Ахметов те цирктің білгірі.

Талғат Жорабекұлы 58 жасқа келсе де, әлі циркте өнер көрсетеді. Одан бөлек ол цирк саласын акробатика, гимнастика бағыттары бойынша дамытып келеді. Бүгінде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның құрамында Талғат басқаратын Тараз циркінде 11 адам еңбек етуде. Оның ішінде Айдын Алчекенов, Жайдар Жорабектің (клоун) еңбегін атап өтуге болады.

– Цирк – бекзат өнер. Акробатика, гимнастика түрлерін әлі де дамытуға болады. Ол үшін шынайы қолдау керек. Цирк қай кезде де өз-өзін ақтайды. Себебі оның көрермені көп. Мәселен, менің алғашқы шәкірттерім Дария Әбдуахасова мен Дана Ырысбекова қазір шетелдерде шақыртулармен өнер көрсетеді. Табатын табыстары да жақсы. Өздерінің ізденістерінің жемісі бұл. Олар үнемі маған хабарласып рақмет айтады. Мен де марқайып қаламын. Ат үстінде көрсететін өнерді әлі де жасай аламын. Шәкірттерге үйретуге дайынмын. Ол үшін жағдай, жақсы аттар керек. Цирк өнері үшін көгершін, жылан ұстап келеміз. Оларға қарау да оңай емес. Ең бастысы, 10 жасымда бастаған өнерімді тастамадым, – дейді Талғат Жорабекұлы.

Менің байқағаным, өңірде цирк бар дейміз. Бірақ ол цирк тек Талғат Алчикеновпен бірге жүреді. Бұл – шындық. Мәселен, Талғат Қаратауда жүргенде цирк болған, қазір ол жақта жоқ. Таразда Талғаттың төңірегінде ғана бар. Ал Алчикеновтың шәкірттері шетінен шебер, шетінен «Шабыттың» жеңімпаз-жүлдегерлері. Бұл Талғат секілді маманның цирк үшін жаралғанын білдіреді.

Өңірдің цирк өнерін дамытуға 35 жыл үлес қосқан, әлі де аянбай тер төгіп жүрген Талғат Алчикеновтың ешқандай атағы да, марапаты да жоқ екен. Бірақ ол көпшілік үшін, цирк өнерін білетін, бағалайтындар үшін – нағыз мәдениет майталманы.

Тараздың циркі дегеніміз – Талғат Алчикенов. Талғат дегеніміз – Тараздың циркі. Шындық сол.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support