- Advertisement -

Олимпиада ойындарында медальді неге тек бокс пен күрестен ғана күтеміз?

98

- Advertisement -

 

Жамбыл облысының спорты десе, ойымызға бокс, күрес, дзюдодан басқа ештеңе оралмайды. Иә, біз жазғы олимпиадалық спорт түрлері туралы ой қаузап отырған жайымыз бар. Азаттық жылдарының алғашқы кезінен бергі аралықтағы Олимпиада ойындарында тек бокс, күрес, дзюдо секілді спорт түрлерінен ғана жүлдгерлерді тәрбиелей алдық. Ал қалған спорт түрлерінен жеткен жетістігіміз қане?! Осы сұрақты өзімізге қарата қойғанда аузымызға құм құйылғандай күй кешеміз…

Сонымен, Олимпиада ойындарында жамбылдық саңлақтар спорттың қай түрлері бойынша жүлдегерлердің қатарынан көрінді? Еске түсіріп көрейік. Мұндайда ойымызға алдымен 1996 жылғы Атланта Олимпиадасы оралады. 71 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан әуесқой боксшы Ермахан Ыбырайымов Атланта төрінде керілген шаршы алаңда жартылай финалға алқынбай жетіп, қола жүлдені қоржынымызға түсірді. Дәл осы Ермахан арада төрт жыл өткенде Сидней Олимпиадасының чемпионы атанды (Ермаханның қай облыстың атынан сынға түскенін есепке алмай, туған жері Жамбыл облысы болған соң тізімге қосқанды жөн көрдік). Атланта мен Сидней Олимпиадаларында күміс жүлдемен күптелген боксшымыз Болат Жұмаділовтің толайым табысымен күллі жамбылдықтар мақтанады. 51 килограмм салмақ дәрежесінде жасындай жарқыраған жампозымыздың жетістігі әрине мақтануға тұрарлықтай-ақ. 63 килограмм салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Болат Ниязымбетов те Атланта Олимпиадасының қола жүлдесін мойнына ілген. Көрдіңіз бе, бір ғана Атланта Олимпиадасында үш бірдей былғары қолғап шеберіміз жүлдегерлердің қатарынан көрінген. Ал 2000 жылғы Олимпиада ойындарында Ермахан мен Болаттың алтыны мен күмісіне еркін күрес шебері Ислам Байрамуковтың күміс медалін қосамыз. Сонда жамбылдықтар тағы да үш жүлдені ел қоржынына түсірген болып шыға келеді. Мақтаныш па, мақтаныш, мерей ме, мерей!

2004 жылғы Афины Олимпиадасында жамбылдық боксшы Бақтияр Артаев қана алтын жүлде иегері атанды. Жамбыл облысы үшін жалғыз медаль саналғанымен, Бақтиярдың алтыны тұтас елдің абыройын сақтап қалды. Егер Артаев аталмыш Олимпиадада алтыннан алқа тақпағанда, Грекия жерінде Гимніміз шырқалмай, масқарамыз шығар еді. Оның үстіне Бақтияр сол Олимпиада ойындарының үздік боксшысына берілетін Баркер кубогын да иеленді.

Алдыңғы Олимпиада ойындарында атой салып келген жамбылдық спортшылар 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасынан құр алақан қайтты. Саңлақтарымыз сенімнің үдесінен шыға алмады. Үш бірдей Олимпиададан жүлделі оралған жамбылдықтардың бұл жолғы жорығы сәтсіз аяқталды десек, ешкім ренжи қоймас. Бірақ, дәл осы Олимпиада ойындарына еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров қатысқанда қоржынымызға жүлде түсер ме еді, кім білсін? Оның орнына белдескен легионер Леонид Спиридонов ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Ал, облыстағы шенеуніктердің сол Олимпиадаға Ақжүректі қатыстыруға шамасы жетпеді. Былайша айтқанда сөздерін өткізе алмай-ақ қойды. Осылайша Бейжің Олимпиадасы жамбылдық жанкүйерлер үшін де, спортшылар үшін де еске алмайтын жыл ретінде тарих қойнауына еніп кете барды…

2012 жылы Ұлыбритания астанасы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында 26 жастағы Ақжүрек Таңатаров абыройымызды сақтап қалды. Сол кезде облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған Гамлет Қайнарбеков Ақжүректің аталмыш Олимпиада ойындарында бақ сынауына бар күшін салған болатын. Гамлет Төреханұлы сол жылдары облысты басқарған Қанат Бозымбаевқа кіріп жүріп, осы мәселені қайта-қайта көтерген көрінеді. Егер Қайнарбековтің айтқаны рас болса, еліміздің жоғары деңгейлі шенеуніктеріне сөзін өткізе алған Қанат Бозымбаевтікі ерлік. Есесіне, облысымыздан қатысқан саңлақтардың ішінде тек Ақжүрек қана жүлдегерлердің қатарынан көрініп, жанкүйерлерді қуантты. Лондон төрінде керемет күресе білген Таңатаров Бейжің Олимпиадасына қатысқанда алтын жүлдеге қол жеткізер ме еді, кім білсін… Әттең, сол кезде де мәселе шеше алатын шенеуніктеріміз болғанда…

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен 2016 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында дзюдошы Елдос Сметов қана сенімімізді ақтады. Бұл додаға бірнеше спортшымыз қатысқанымен, тұңғыш рет Жамбыл облысының дзюдошысы Олимпиаданың күміс жүлдесін мойнына ілді.

Байқайсыз ба, біріншіден, Атланта мен Сиднейдегі нәтижеден кейінгі көрсеткіштеріміз төмендей бастаған. Афиныда еліміз бойынша тек Бақтияр Артаев алтыннан алқа таққанын ескеріп, ол доданы естен шығара тұрайық. Бейжің ше? Нәтижеміз – нөл. Лондонда бір, Риода бір ғана жүлде бұйырды. Әрине, Бейжіңге қарағанда жақсы. Бірақ, спортқа керемет көңіл бөлініп жатқан кезде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы нәтижелерді қайталай алмауымыздың сыры неде?

Тағы бір мәселе бар. Жамбыл облысының саңлақтары Олимпиада ойындарында тек бокс, еркін күрес, дзюдо секілді үш спорт түрінен ғана жүлде алып келді. Паралимпиадада Зүлфия Ғабидуллина жүзу спортынан алтын медаль иеленді. Ал, Олимпиада ойындарының бағдарламасында қырыққа жуық спорт түрі бар емес пе? Сонда біз үмітті тек боксшылар мен балуандарымызға ғана артып қоюымыз керек пе? Грек рим күресі, көркем гимнастика, жүзу спорты, ауыр атлетика, семсерлесу, таэквондо секілді өзге де спорт түрлеріне назар аударатын кез келген жоқ па? Әрине, бұл спорт түрлерінің бірқатарынан нәтиже дегеніңіз еліміздің өзінде кенжелеп тұр. Дегенмен, мықты мамандарды тартып, өңірімізде біз атап өткен спорт түрлерін дамыта түсуге не кедергі? Жүзу спортынан Олимпиаданың алтыны түгілі қола жүлдесі түсімізге кірмейтін. Айды аспанға шығарған Дмитрий Баландин алтыннан алқа тағып, сенсация жасаған кезде өз көзімізге өзіміз сенбедік пе, сенбедік. Бірақ, Баландин біз мүмкін емес деген нәтижеге қол жеткізді. Қарағандылық таэквондошы Арман Шілманов әлем чемпионаттары мен құрлықтық жарыстарда олжа салып жүргеніне қарамастан, Бейжіңде қола жүлде алады деген ойда болмағанымыз да рас. Бірақ, Шілманов біздің күмәнімізді терістеп, жүлдегерлердің қатарынан көріне білді. Бізден бұл спорт түрі бойынша Олимпиада ойындарына Руслан Жапаров қатысты. Талай додаларда жүлде алған Руслан өзі иеленбеген Олимпиада медалін жамбылдық жампоздардың бірінің қоржынға түсіруіне еңбек етсе, еш қарсы болмас едік… Жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина мен Ольга Рыпакованың табыстары еліміздің мерейін асырды. Шишигинаның алтыны желаяқтар сынында тек қара құрлық пен Латын Америкасының спортшылары ғана емес, қазақстандық спортшылардың да алатын үлесі бар екенін көрсеткен еді…

Осы жылдың жаз мезгілінде Жапония астанасы Токио қаласында кезекті Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Шынын айтайық, бұл додада біздің облысымыздан бірнеше спортшы қатысуын қатыса жатар. Бірақ біз тек боксшы Әбілхан Аманқұл мен дзюдошы Елдос Сметовке үміт артып отырғанымыз жасырын емес. Кезінде Жамбыл облысының бірнеше боксшысы олимпиадалық ұлттық құрама сапына енсе, қазір төртжылдықтың басты додасына бару мүмкіндігіне тек әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл ғана ие. Әрине, Әбілханның да, Елдостың да, тіпті Олимпиада ойындарына лицензияны Алматының атынан иеленген, бүгінде туған жері Жамбыл облысының намысын қорғап жүрген еркін күрес шебері Әлішер Ерғалидің де жүлдегерлердің қатарынан көрінуіне шын жүректен тілектеспіз. Бірақ, салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Әлішер бақ сынайтын 97 килограмм салмақ дәрежесінде кіл мықтылар топтасқан. Соған қарағанда жерлесімізге оңай соқпайды. Олимпиада ойындары Жапония жерінде өтетінін ескерсек, 60 килограмм салмақта топқа түсетін Елдосқа да оңай тимейді. Жалпы бұл салмақта бабы мен бағы келісіп тұрған кез келген саңлақтың атой салуы ықтимал. Оған дәлел – сол Рио Олимпиадасы. Талай додаларда қатарынан оза шапқанына қарамастан, Олимпиаданың фавориті саналмаған Беслан Мудранов кіл мықты қарсыластарын жолда қалдырып, топ жарған болатын. Сондықтан Олимпиада ойындарында ешкімге оңай соқпайтынын естен шығармаған абзал…

Бокс? Қазір бокста бәсекелестік қызып тұрған шақ. Құдайы көршіміз өзбекстандық, тарихы тереңнен тамыр тартатын кубалық боксшылардан бөлек, дәл осы 75 килограмм салмақ дәрежесінде украиналық жас пері Александр Хижняк бар. Ол бұл күндері қарсылас шақ келтірер емес. 2017 жылғы әлем чемпионатының финалында Әбілханнан айласын асырған Хижняк кейін де талай мықтының мысын басты. Оның керемет боксын көрген сайын «Шіркін, Әбілханмен бір себетке түсіп қалмаса екен» деп маңдайымыздың тершитіні және рас…

Қысқасы, Олимпиада ойындарында біз үміт күткен спортшылардың алдында таудан биік асу тұр. Лайым олардың барлығы да қолдан келсе, алтын алсын! Қуанамыз! Бірақ, біздің облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып отырған азаматтар негізгі «ставканы» тек бокс, күрес түрлеріне қойғанды доғарғандары жөн секілді. Әрине, боксымыз бен күресімізге айрықша назар аудара отырып, біз жоғарыда айтқан семсерлесу (бұл спорт түрін аттың жалында, түйенің қомында өскен бабаларымыздың жалғасы саналатын жас ұрпақ шындап кіріссе, түбі үйренеді), жүзу (жүзудің түрі мен қашықтықтары көп. Мұнда бірнеше жиынтық медальдар сарапқа салынады), таэквондо, көркем гимнастика, грек рим күресі секілді өзге де ондаған спорт түрлеріне ден қоятын кез келді. Ол үшін мықты мамандар жұмыс істеуі керек. Бұған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков мырза мүдделі болса дейміз. Қысқасы, Жүнісбеков мырза, біз сізге айтамыз, ал сіз кімге айтасыз?

Табиғат АБАИЛДАЕВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support