- Advertisement -

Жамбылдың беткеұстар жастары кімдер?

233

- Advertisement -

 

Жастар туралы әңгіме қозғалса, түрлі пікірлер айтылып, қызу пікірталас туындап кететіні бар. Өйткені, қоғамның бір жартысы «қорқамын кейінгі жас балалардан…» деп, жастардың бойындағы бойкүйездік пен жатыпішерлік, тоғышарлық сынды жағымсыз әрекеттерді мысалға келтіріп, кері пікір білдіріп жатса, ендігі бір бөлігі «Алаш атын аспанға, Шығарар олар бiр таңда, Мен жастарға сенемiн!» деген ұранды алға тартады. Әсілінде, біз іздеген шындық пен жастардың шынайы бет-бейнесі, бағыт-бағдары осы екі пікірдің орта тұсында жатса керек.

Кейінгі жас балалардың маңдайынан сипап, дұрыс жол, түзу бағыт көрсетпей, олардан әлденені күту қаншалықты әбестік болса, алдыңғы толқынның тәлімін бойларына сіңірмей, қамқорлықты «басқа тепкен» жастардың ісі де соншалықты өрескел болары анық.

Жастар туралы ой толғап, пікір айтуымызға Мемлекет басшысының «…Мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын» деген сөзі түрткі болды. Қасиетті Тәуелсіздігімізді, сол бейбіт күннің шуағында дүниеге келген бақытты ұрпақты ұлықтаудың бір шарасы ретінде ғана емес, ең алдымен бұл бастаманы жастарға қолдау мен қамқорлықтың, оларға деген зор сенімнің нышаны ретінде қабылдағаным рас. Ойландыратыны, сол жастарымыз Мемлекет басшысынан бастап, күллі ел артқан үмітті ақтай аларлықтай ақыл-парасатты, өткір, ұлтжанды ма? Алаш арыстары секілді еш қайтарымсыз-ақ ұлтқа, елге қызмет ете алады ма? Оларға жасалған жағдай артылатын сенімнің салмағын да ауырлата түсетінінен хабардар ма? Ойды ой қуып, сұрақтар мен сауалдар толастар емес. Жауап іздеп көруге талпынып көрелік.

Бүгінгі таңда біздің облыс халқының 21,1 пайызын жастар құрайды. Олардың ең көбі, яғни 69 494-і Тараз қаласында десек, жалпы халық санына шаққанда жастар ең көп тұратын аудан Жуалы болып табылады. Ондағы тұрғындардың төрттен бір бөлігі жастар.

Бір қуанарлығы, өңір жастарының 70,8 пайызы ауылда тұрады. Яғни ата кәсіп пен шаруашылықты шалқытып, дамытуға жастық жігер мен күшті пайдалануға көп мүмкіндік бар. Сосын, ауылда тұрып та ғылымға, білімге, өнерге үлес қосуға болмайды деп кім айтты?! Шын талантқа, талаптыға тұсау жоқ екенін өмір талай рет дәлелдеп қойды емес пе?

Бірақ, өкініштісі, білімі жоқ, жұмыссыз жастарымыздың да жетіп-артылатындығы. Бүгінгі таңда NEET санатындағы, яғни білімсіз, жұмыссыз жастардың үлесі 2020 жылдың ІІ тоқсанында 7,5 пайызды құраған. Яғни, бұл санатқа жататын 17 842 жас бар деген сөз. Өте өкінішті көрсеткіш. Қаражаты мен қабілеті болмай, оқымай қалды дегеннің өзінде, жұмыссыз жату деген үлкен сын.

Президенттің «Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін. Халқымыз «Атың барда жер таны, желіп жүріп» дейді. Кезінде Елбасы бозбала шағында Украинаға аттанып, еңбек, білім және әкімшілік дағдыларына ие болды. Мен де білім қуып Мәскеуге сапар шектім, өзге мемлекеттерде жұмыс істедім. Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ, басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті» деген сөзін оқып отырып, шетелге барып білімін жетілдірмек түгілі, елде, өз үйі, өз ауылында жатып жұмыссыз жүрген жастардың әрекетін түсіну қиын. Талаптанған, талпынған, ниеттенген адамға нәсіп болар кәсіп табылмай қоймайтыны анық. Жұмыссыздықты, ақшаның аздығын сылтау қылып жата беретін, ата-анаға масыл болып, «мойнына мініп» күн көретін заман емес қазір. Ізденіп, еңбек ететін кезең!

Ерінбегеннің еңсесі биік, кәсібі мен нәсібі зор болатынына талай мысалды көріп жүрміз. Ал бүгінгі жастарға мемлекет тарапынан да түрлі қолдау-көмек көрсетіліп жатыр емес пе? Мысалы, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бастау бизнес» жобасы аясында 1694 жас оқытудан өтіп, 1687-і бизнес жоспарын қорғаса, жоба аясында 25-і шағын несие, 1155-і грант алған. Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде облыс бойынша 1862 жас мемлекеттік гранттың жеңімпазы атанған. Жалпы, кәсіп пен нәсіп, жұмыс пен нәпақа туралы сөз басқа. Жастар жайлы сөз тек қана жұмыс мәселесі төңірегінде тоқырап қалмайды ғой. Одан да басқа сан салалы тіршілік бар дегендей.

Мемлекет басшысы: «Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті» деді. Бұл жерде сөз Димаш Құдайберген сынды ерекше дарын иесі туралы болса керек. Оның да ел ішінен, қарапайым отбасынан шыққанын ескерсек, қазақ даласында әлі талай таланттың бұғып жатқанын аңғару қиын емес. Расында, сол үшін дарынды жастарды тануға, табуға бағытталған жобаларды көптеп қолға алған жөн-ау.

Осы орайда өңірімізде соңғы екі жылда қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатқан «Әулиеата үміті» жобасын мысалға келтіруге болатын шығар. Бүгінде Жамбыл жұрты үміт артқан сол жастар ертең күллі ел үміті болмасына кім кепіл?! Жобаның алғашқы жылында жасындай жарқырап, топ жарып шыққан  15 жас, атап айтқанда, Сатымқұл Нұрболат, Құрманов Нұрлыбек,  Иманалиев Талғат, Бает Мерей, Ахметов Жанғазы, Жұмат Адай, Тұрғанбек Құрманбек, Жармұхамедов Елжан, Көпберген Төленді, Аманбай Жансерік, Омаров Еламан, Тұрғынбеков Ербол, Жұматаев Маханбет, Жұмаділов Ержан, Көкрекбаев Мади өз салаларында үздік деп танылып, оларға зор үміт артылып отыр. Дәл сондай 2020 жылдың қорытындысымен «Әулиеата үміті» атанған жастар Жаманқұл Азат, Рахметқұлқызы Мөлдір, Төлебеков Ержан, Кәрібай Ерболат, Есекеева Айгүл, Асан Зарина, Қадірәлі Нұржан, Апбасов Дидар, Нұрматова Лола, Дәкен Шерхан, Құлыбай Дастан, Махамбетова Ақбота, Қарабаев Нұрсейіт, Абделі Абдукарим, Кабдуллин Бекжан, Балғабай Бауыржан, Олжабаев Асхат   Президент айтқан «Дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады» деген сөзінің мысалы болса керек.

Мұнан өзге, ауылдар мен елді мекендерден бастап, облыс орталығына дейінгі, одан кейін республикалық ауқымға шығатын «Дельфийлік ойындар» тағы бар.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа Мемлекет басшысының бастамасына сай биыл карантиндік шектеулер азайтылған жағдайда «Біз таланттарды іздейміз!» атты байқау өткізуді жоспарлап отырғандарын айтады. Аталған байқау ел ішіндегі ерекше дарынды жастарды табу, таныту, қолдау мақсатында қолға алынбақшы.

Тізбелей берсе мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қамқорлық та, жастардың қолға алып, жүзеге асырып жатқан жобалары да таусылмақ емес. Біз бұл жерде бір мәселеге баса назар аударуымыз қажет. Ол – ұлттық рух пен болмысқа, ұлтқа қызмет ету!

Осы орайда жастарды қолдау үшін пәлен теңге қаржы бөлінді, түген деген нысан ашылды деп бюджеттік байлықты түгендеп жатқанды артық көріп отырмын. Өйткені жастардың елге берері де, мемлекеттің жастарға көмегі де материалдық құндылықтардан бұрын, рухани һәм патриоттық, моральдық дүние тұрғысында тоғысса керек.

«Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету» деген Мемлекет басшысының сөзі де сол ойымызды салмақтап тұрғандай.

Ал Сіздіңше, Жамбылдың жастары қаншалықты патриот, ұлтжанды? Жалпы, беткеұстар жастарымыз кімдер?

Маржан РАҚАЙ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support