- Advertisement -

Өңірде өзекті мәселелер жетерлік

6

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІV сессиясы өтті. Сессия отырысына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімдігіне қарасты басқарма басшылары, БАҚ өкілдері және Тараз қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты. Күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева хабарлама жасады.

Басқарма басшысы халық қалаулыларының назарына 2024 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау жобасын ұсынды. Оның айтуынша, облыстық бюджеттің қаржысы ең әуелі кезек күттірмейтін халықтың игілігіне жұмсалатын қажетті әлеуметтік салаларды жетілдіруге бағытталып отыр. Нақтылай түссек, депутаттар облыстық бюджеттің шығыстары ұлғайтылған кірістер және үнемделген қаражаттар есебінен білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік, құрылыс салаларын дамыту мақсатында бірқатар нысанның жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаржы бөлуді бірауыздан қолдаған.

Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, «Жамбыл облысындағы ауылдық жерлер мен кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина-фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» шешіміне депутаттар қарсы, қалыссыз бекітуге келісім берді. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзге де мәселелерге қатысты ұсынысты халық қалаулылары қолдап, бекітуге келісім берді.

Сессия отырысының соңында бірқатар депутаттар өздерін толғандырған мәселелерге тоқталып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, депутат Оралхан Дәуіт жергілікті баспасөздерде жарияланған өзекті мәселелерге кейбір атқамінерлер немқұрайлылық танытатынын жеткізіп, билік өкілдерінің сын мақалаларға дер кезінде жауап беруіне алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар, халық қалаулысы депутаттар жаңадан тағайындалған мекеме басшыларымен тек бюджеттің кіріс-шығыстарын талқылайтын кезде ғана танысатынын, сол себепті, қордаланған мәселелерді шешу мақсатында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Ал, депутат Керімқұл Бегалиев Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы орталық аудандық аурухананың жылыту жүйесіне қатысты мәселені көтеріп, нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу уақыт талабы екеніне тоқталды. Бұдан бөлек, депутат Дәурен Ахметшаев облыс басшылығынан зағип жандардың кітапханасын салу мәселесіне көңіл бөлуді сұрап, айрықша назарға алуды өтінді.

Өз сөзінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер өте орынды екенін баса айтып, өңірде әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер аз емес екенін жеткізді. Жұмысты жеделдету жөнінде жауаптыларға нақты тапсырма берген облыс әкімі жергілікті атқарушы орган өкілдері халық қалаулыларымен қашанда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support