- Advertisement -

Нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс

9

- Advertisement -

Жыл сайын көктем мезгілі сел қаупін төндіретіндіктен, сақадай сай дайындықты қажет етеді. Қауіпсіздік шаралары әзірленгеннің өзінде тасқын су ырыққа көнбей, бірнеше аймақтарда халық зардабын тартып жатыр. Осындай қауіптің алдын алып, көктемгі ағын суды ауыл шаруашылығының қажеттілігіне қолдану жолдарын жасауды тиянақтау, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселелері облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Әуелі тұрғындарды ауыз сумен жабдықтау мәселесін облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірде ғана емес, республика бойынша да өзекті мәселелердің бірі деп атап өтті. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазіргі таңда аталған тапсырманы уақтылы орындау мақсатында облыс көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

– Өткен жылдың қорытындысында сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен айтқанда, қалаларда 97,5 пайыз, яғни 513,451 мың адам, ал ауылдық 313 елді мекенде 94,9 пайыз, бұл 655,7 мың адамның қамтамасыз етілгенін білдіреді. Ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі қалаларда, мысалы Шуда 70 пайыз және Таразда 98 пайыз байқалады. Ауылдарды сумен жабдықтау бойынша қамтамасыз етудің ең жоғарғы деңгейі Сарысуда 99,8 пайыз, Шуда 97,4 пайыз және Байзақ ауданында 97,3 пайыз. Қамтамасыз ету көрсеткіштері төмен қала және аудан әкімдіктеріне басым негізде қаражат бөлінеді, бұл артта қалған аудан көрсеткіштерінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен жабдықтау саласында жалпы 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру жұмыстары басталып, жыл қорытындысында 34 нысан пайдалануға берілді.

Қалған 20 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі болды. Жыл қорытындысында 17,2 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылып, көрсеткіш 94,9 пайызға, 655,7 мың адамға жеткізілді. Қаржыландыру жоспарына сәйкес, 54 нысанның 5-еуі ғана келесі жылға өтпелі болып көзделген. Олар – Қордай ауданында Цемзавод, Еңбек, Күнбатыс-2, Т.Рысқұлов ауданында Арай тұрғын алабы, Шу ауданында Қант зауыты. Алайда, құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеден кешігуі және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақ мерзімге созылуына байланысты 15 нысан жыл соңына дейін аяқталмады. Атап айтсақ, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласы бойынша 12 нысанда өндірістік кестеден кешігу орын алған. Меркі және Мойынқұм аудандары бойынша 3 нысанда мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұзақ мерзімге созылған. Облыста сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алабы қалып отыр, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Биыл облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 43 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 21,7 миллиард теңге қаралыпты. Оған 36 елді мекен мен қалалардағы 5 тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Жыл соңына дейін сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен айтқанда, қалаларда 98,8 пайыз, ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

– Қойылған міндеттерді уақтылы және сапалы іске асыру үшін облыстың әрбір елді мекені ескеріле отырып ауыз сумен кезең-кезеңмен қамтамасыз ету жоспары жасалып, салалық министрлікпен пысықталған. Әрбір қалалық және ауылдық елді мекендер бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы бөлігінде мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Сонымен қатар, 2024 жылғы республикалық бюджеттің нақтылауына қосымша 17,8 миллиард теңгеге 26 жоба қаржыландыруға ұсынылды. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында ауыз сумен қамту құрылысын қажет ететін 2 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға тапсырылды. Сараптаманың қорытындысын ағымдағы жылдың мамыр айына дейін алынған жағдайда, салалық министрлікке бюджеттік өтінім ұсынылатын болады. Биыл құрылыс және реконструкция жұмыстарын жүргізу жоспарланған 17 нысанның мердігері мен техникалық қадағалаушысын анықтап беруге облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына өтінім берілген. Қазіргі таңда жарияланған 17 жобаның 10-ының ғана мердігер мен техникалық қадағалаушысы анықталған. Бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарының мерзімінің ұзаруына және жоспарланған көрсеткіштердің уақтылы орындалмау қаупіне әкеліп соғады. Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері облыстық энергетика басқармасымен бірлескен және үйлесімді жұмысына байланысты екенін және халықты ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін атқару қажет іс-шараларды атап өткім келеді. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталып, бүгінгі күнге дейін аяқталмай отырған 12 нысанның жұмыстарының барысын күн сайын бақылай отырып, ағымдағы жылдың І жартыжылдығының қорытындысымен пайдалануға тапсыруды қамтамасыз ету және қабылдау актісін рәсімдеу алдында салалық энергетика басқармасынан келісім алу керек. Бюджет шығындарын азайту мақсатында әрбір сумен жабдықтау және су бұру саласында жобаларды әзірлеуді салалық басқармамен келісу қажет. Ағымдағы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты түрде бақылауға алып, барлық жоспарланған нысандарды жыл соңына дейін іске қосуды қамтамасыз ету керек, – деген Қанатбек Мәдібек облыс аумағын сумен қамту мәселесі жауапты басқарманың тұрақты бақылауында екенін де айтты.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауыз сумен жабдықтау жұмыстары төмен аудандардың әкімдерінен нендей шаралар атқарылып жатқанын сұрады. Әсіресе, өткен жылы құрылысы аяқталуы тиіс нысандардың әлі бітпегенін сұрағанда, кей аудан әкімдері бұған мердігерлердің жауапсыздығы себеп екенін айтты.

– Ешбір мердігер жұмысты тегін жүргізіп жатқан жоқ, бөлінген қаржының жұмысын талап етіңіздер. Құрылыс басына өздеріңіз барып, күнделікті бақылаңыздар. Әрбір жобаны тікелей қадағалауға алыңыздар. Егер міндетіне алған жұмысты уақтылы, талапқа сай орындамаса, сотқа беріп, заң аясында шешіңіздер. Биыл аяқталады деп межеленген уақытта толық біткенін Қанатбек Қайшыбекұлы бақылауға алыңыз. Жыл аяғында «мердігер дұрыс жұмыс істемеді» деген секілді сөздер қабылданбайды. Қазірден бастап әрбір жобаның жұмысын назарда ұстаңыздар. 2025 жылға дейін халықты 100 пайыз ауыз сумен қамту туралы Президенттің тапсырмасы мүлтіксіз орындалуы қажет. Әрбір нысан сапалы әрі уақтылы берілуі тиіс, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Екінші қаралған тасқын су қаупінің алдын алу бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов баяндама жасады. Оның айтуынша, Қаратау, Алатау, Қырғыз жоталарының тау бөктеріндегі еріген қар және жаңбыр суларынан Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуі салдарынан төмен орналасқан елді мекендерді, ауыл шаруашылығы, мәдени нысандарды, автокөлік және теміржолдарын су басуы ықтимал. Бүгінде Жамбыл ауданының Дорожник, Новоджамбулец, Майская, Квант, Пионер лагері секілді елді мекендеріне төніп тұрған қауіп «Теріс Ащыбұлақ» су қоймасымен және Аса өзені арқылы реттеледі. Алайда, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, өзеннің табанынан шебен тас алатын кәсіпкерлер карьер қазып, қауіпті жақындатып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бұл мәселе бойынша кәсіпкерлерге тиісті тапсырма берілгенін, арнайы комиссиямен тексеріп, шаралар қолданылатынын айтты.

Ал, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының теңгеріміндегі су қоймалары мен тораптары гидробекеттердің, гидрометриялық көпірдің және өлшегіш рейкалардың болмауынан өзендерге келіп жатқан судың көлемін анықтай алмай отыр. Бұл аталған филиалдың ықтимал қауіптер туралы құзырлы органдармен жедел ақпарат алмасуына өз кедергісін келтіруде. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өлшегіш рейка қою көп қаржыны қажет ететін аса қиын іс емес екенін айтып, тездетіп орнатуды тапсырды.

Зерделеу барысында Талас өзені жағалауын нығайту жұмыстарының тиімсіз жүргізіліп жатқаны анықталған. Өзен жағалауындағы дамбы қажетті қауіпсіздік деңгейге дейін көтерілмеген, яғни сыни деңгейден төмен. Кейбір жерлерде тіпті ол да жоқ. «Чоң-Қақпа» су қоймасынан Талас өзеніне тасталған су көлемі көбейген жағдайда Тараз қаласының, Байзақ және Жамбыл аудандарының елді мекендерінің су астында қалуы, автожол көпірі мен су ағысын баяулатқыш тосқауылдың шайылып кету қаупі бар. Сондай-ақ, Шу өзенінің елді мекендерге жақын орналасқан жағалауын да нығайту керек. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов анықталған кемшіліктерді реттеп, қауіптің алдын алу үшін атқарылуы тиіс жұмыстарды ұсынды.

– Біздегі жағдай күрделі. Қазгидрометтің ескертуін бәріңіз оқыдыңыздар, осы аптада жаңбыр жауады. Дер кезінде қажетті шараларды қолдануға барлығыңыз да дайын болыңыздар. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасына тасталған су Аса өзені арқылы Жамбыл ауданына өтеді. Аудан басшылары жағдайды бақылауға алыңыздар. Алдын ала ахуалды сұрағанда бәрі тамаша дейсіздер, қауіп төнгенде бәрі басқаша болып шығады, – деген Ербол Шырақпайұлы күн тәртібінде көтерілген мәселелердің назарға алынып, айтылған кемшіліктерді түзетудің орындалуы бойынша нақты жұмыстар жүргізілуін тапсырды.

Қажеттілікке таптырмайтын су тілсіз жауға айналмауы үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылып, жұмыс тоқтаусыз жүргізілу керектігі облыс басшысы тарапынан бақыланатын болды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support