- Advertisement -

Арық та жоқ, ағын су да жоқ

199

- Advertisement -

 

Мен Талас ауданына қарасты шалғай ауылдардың бірінен хат жолдап отырмын. Біраз жыл мектеп басқардым, шаруа қожалығының төрағасы болдым. Қазіргі таңда зейнеткермін, алайда ауыл халқының қолдауымен ауылдық ардагерлер кеңесін басқарамын.

Құдайға шүкір елдің іші аман, жұрт тыныш. Біздің Ойық ауылының тұрғындары да мейлінше індеттен сақтанып, тіршілігін жасап жатыр. Елдің экономикасы артып келе жатқанын өз ауылымызға жасалған жағдайлардан көріп, сезініп отырмыз. Сонау Кеңес Одағының кезінде салынған асфальт жолымыз тозып кетіп еді, былтыр 7 көшеге жап-жаңа асфальт төселіп, еңсеміз көтеріліп қалды. Ол үшін елдің жағдайын ойлаған барлық басшыларға, облыс, аудан әкімдеріне алғысымыз шексіз. Ауылға газ келді, таза ауызсуымыз бар.

Былтыр үлгілі ауыл боламыз деп жиын жасап, бір жақсы бәтуаға келгенбіз. Дүкендерде ішімдіктің сатылмауына ықпал етіп жатырмыз. Ауылымызда ұрлық, бұзақылық жоқтың қасы. Ішіп алып, көшеде бейберекет жүретіндер де азайды. Ауылдың өнегелі жолға түсуіне қариялар, ардагерлер және билер кеңесі атсалысып жатыр.

Енді біздің ауылды бүгінде бір ғана мәселе алаңдатып отыр. Көшелерге арықтың ағын суы бармайды. Баяғыда егілген талдар қурап, жаңадан бір тал шыбық еге алмай отырмыз. Себебі, су жоқ. Бұрынғы арықтар газ тартылғанда, ауызсу жүргізілген кезде бітеліп, көміліп қалған. Бізге ағын су арнайы дамбыдан жіберіледі. Бұл жерде де мәселе жетерлік. Дамбыдан жіберілген су зымырап ағып кете алмай, жанына жайылады. Дамбыға жақын көшелердегі тұрғын үйлердің астына ыза су өтіп, ол үйлер морып, құлай бастаған. Дамбыдан су жіберілсе, сол маңайдың тұрғындары  «Ойбай, құрыдық» деп ауылдық округ әкіміне жүгіреді. Енді астын су морып, үйі құлап жатса қалай шыдап тұрсын. Ал көшенің төменгі жағындағы тұрғындар «Біздерге ағын су жіберіңіздер» деп бұлар қиғылық салады. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» дегеннің кері. Шіркін, осындайда армандаймыз ғой… Әлгі дамбыдан (өзі сондай қолайлы жер бар)  ауыл көшелеріне, әсіресе мүлдем су бармайтын көшелерге лотокпен ағын су келсе деп… Жұрт шарбағына жоңышқасын егіп, бау-бақшасын баптап, жеміс-жидегін өсіріп қарық болып қалар еді.

Барлық кедергінің басы – су. Есіктің алдын көгертуге тамшы су таппай отырмыз. Көкөністің бағасы аспандап кетті. Таразға баруын барамыз. Базардағылар әкесінің құнын сұрайды. «Әттең тонның келтесі -ай» дегендей, әттең, судың жоқтығы-ай! Қолымызды жіпсіз байлап отыр. Лотокпен ағын су келсе ең алдымен ысырап болмас еді, тұрғын үйлердің де астын морымайтын еді. Екі мыңнан аса   халқы бар Ойық ауылдық округі тұрғындарының осынау ұсынысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мырзаның құлағына жетсе екен. Облыстық мәслихатқа жаңадан сайланған депутаттардан да үлкен үміт күтеміз. Шіркін, судан қаталаған көшелерге лотокпен су жүргізілсе…

 

Пана Рахманбердіұлы, 

Талас ауданының Құрметті азаматы.

 Талас ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support