- Advertisement -

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!

97

- Advertisement -

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
ауданның Құрметті азаматы.

Халқымыз қандай да бір қиын-қыстау кезеңнен өтсе де сабырын жоғалтпаған. Ұрпағының амандығын бәрінен жоғары қойған. Зұлматты жылдарда да «қара қазан мен сары баланың қамын» ұмытпаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 сәуірде жасаған мәлімдемесінде: «Коронавирус бүкіл әлемді жайлап келеді. Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар. Өкінішке қарай, кейбір аймақтарда, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері өте көп. Сондықтан, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдануда. Мәселенің анық-қанығын зерттеп, бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керек. Мұндай жағдайларға жол бермеу қажет. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды», – деген сөзі – осы бір ұлы тілекпен үндес.
Ата дәстүрден айнымаған, аузынан тәубесі түспеген жұртқа айтарымыз, Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Қай жерде жаман ауру шықса, ол жерге бармаңдар, егер де сол жерде болсаңдар, ешқайда шықпаңдар» деген сөзін ұмытпаған жөн. Әлемнің 200-ден астам еліне таралған жаман аурудан сақтанудың ең тиімді жолы – осы. Рас, әркім әртүрлі ой түйіп, өзінше байлам жасайтыны анық. Дегенмен мұндай кезде бір елде болған жағдайды екінші елге жаман екен деп жеткізуге болмайды. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде тағы да: «Кімде-кім Алла тағалаға және ахирет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» депті. Бабаларымыз Пайғамбарымыздың хадисіне сүйеніп, «жақсы сөз – жарым ырыс» дейді.
Ақылсыз, сабырсыз жанның күні естіге кіріптар. Мұндай кезеңде жол сілтегеннің бәрінікі жөн емес екенін ұмытпау керек. Біреулер содан пайда тапқысы келеді, енді бірі онсыз да үрейленіп, қыларға қайран таппағандарға дәйексіз кеңес айтқыш. Соның бірі – «арақ ішсеңдер, темекі тартсаңдар жаман аурумен ауырмайсыңдар» деген тобыр. Олардың қаперіне Абайдың мына сөзін салғымыз келеді:
«Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Кім болса мейлі сол айтты
Ақылменен жеңсеңіз» деген.
Бұл жаман аурудан сақтанудың жолы арақ ішіп, темекі тарту емес. «Келеді күн, қызық дәурен тату өткіз, Жетпесе біріңдікін-бірің жеткіз» дегендей, тату болуымыз қажет. «Адамның күні адаммен» екенін естен шығармау қажет. Ел бірлігі сынға түскен қиын-қыстау сәтте бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Бауыржан Момышұлы айтқандай, жан керек болса қатал тәртіпке бағыну керек. Кім болса соның айтқанына сене салмай, ғалымдардың тұжырымды айтқан сөздеріне құлақ асу қажет-ақ.
«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді дана халқымыз. Көрші жатқан мемлекеттер осы келген жаман ауруды қатал тәртіппен, бір-біріне көмектесумен ғана ғалымдардың тұжырымды іс-әрекеттерімен жеңе білді. Бұл індет жанған оттай күйдірмес үшін бас-басымызға би болмай, басалқалы Президентімізге сенім артайық. Бастысы, сабырлы болайық, асығып, аптықпайық.
Дәл қазір бізге Төле би бабамыздың:
«Бетеге кетсе, бел қалар,
Бектер кетсе, ел қалар.
Берекең кетсе, нең қалар?» деген сөзін еске алып, қабылданған шаралардың маңыздылығын түсінуге тиіспіз. Барлық мұқтажымызды әлемдердің әміршісі болған бір Алладан халық болып сұрайық!

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support