- Advertisement -

Ғасыр бойы жазған ойдың асылын, құт ты болсын, келіп жеткен жүз жасың!

126

- Advertisement -

тарих толқынында туы жығылмаған басылым

Тұтас бір ғасыр. Осы уақыт аралығында Ұлы Дала бірнеше тарихи кезеңді өткерді. Жылдар жылжып, дәуір алмасты. Ешкімнің билігі жүрмес уақыт өз үстемдігін жасап, заман өзгерді. Өзгермеген бір ғана нәрсе қалды. Ол осының бәріне куә болып, ұрпақтар сабақтастығын жалғап келе жатқан біздің басылым. Осы жылдар ішінде редакцияда өзінің тарихи миссиясын лайықты орындаған журналистердің бірнеше ұрпағы ауысты. Бір «әттеген-айы» – мұрағаттарда облыстық «Знамя труда» газетінің алғашқы сандары сақталмай қалғаны. Оларды шығарған адамдар туралы да қандай да бір мәліметтер жоқ. Тек ХХ ғасырдың екінші жартысынан былай қарайғы кейбір деректер сақталған.

Татьяна БОРИСЕНКО,
«Знамя труда» газетінің
Директор-Бас редакторы.

Соғыстан кейін «Знаменка» журналистерінің қатары майдангерлермен толықты. Олардың қатарында Ғани Алиев, Иван Лукашевич, Али Исеев, Иван Попашенко, Ефим Яковлев, Петр Комаров және басқалар болды. Тілшілердің тынымсыз ізденістері мен еңбегінің арқасында газет беттерінде сол жылдардағы барлық маңызды оқиғалар көрінді. Сол тұстағы ел мен өңір тұрғындары өмірінің маңызды сәттерін халыққа жеткізген басылымдардың бірі – «Знамя труда» газеті.
Ұлы Отан соғысы әкелген қайғы-қасірет біршама сейіліп, ел еңсесін тіктеген жылдарда да «Знамя труда» газеті қарапайым оқырмандарының жанынан табылды. Бұл өзі кеңестік дәуірдің 60-жылдардағы «жылымық», 80-жылдардағы «қайта құрулар» кезеңімен тұспа-тұс келген уақыт еді. Сондықтан заман ағымы «Знаменка» беттерінде кең көрініс тапты. Басылым тілшілері өз оқырмандарына қоғамдық-саяси үдерістер туралы кең тарқатып, талдап жеткізіп отырды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең аса жауапты шақ болғаны баршаға белгілі. Нарықтық қатынастарға көшкен ел экономикасын қайта тұрақтандыру оңайға соқпады. Жаңа ұғым, жаңа түсінік, жаңа қоғамдық қалыптасулар. Осының бәрін «Знамя труда» газетінің журналистері оқырмандарына тәптіштеп тұрып жеткізуі тиіс еді.
Бұл бір жағынан тілшілер үшін үлкен жауапкершілік екені анық. Себебі көңіл күй ауанына бой алдырмай, елдегі орын алып жатқан өзгерістерді жұртқа дұрыс жеткізу сын еді. Тоқырау жылдарындағы қиыншылықтардан өтудің бірден-бір жолы – халықтың ертеңге деген сенімін нығайту болғаны сөзсіз. Міне, осы міндетті «Знаменка» журналистері дұрыс атқарды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында газет нөмірлері оқырманға әлеуметтік-экономикалық байланыстарды қалпына келтіру, өтпелі кезеңнің келеңсіз салдарын жою үшін республика басшылығының қандай күш-жігерін жұмсап жатқанын жиі жазып, жеткізіп отырды.
Бұл газетте керемет білікті мамандар, өз ісінің шеберлері еңбек етті. Олардың көпшілігі бүгін біздің қатарымызда жоқ. Бірақ сарғайған «Знаменка» тігіндісінде олардың салған ізі қалды. Жарияланымдары мен есімдері сақталды. Атап айтсақ, Жамбыл журналистикасының дамуына Анатолий Молчанов, Леонид Никитин, Амантай Айзахметов және басқа да қаламгерлер өз үлестерін қосты. Солардың бірқатары бүгінде зейнеткерлік демалыста. Мәселен, Альфред Славутский, Вера Людосанова, Лариса Чепкасова, Светлана Манько, Наталья Перфильева біздің өлкеміздің маңызды оқиғалары мен адамдары туралы қызықты жарияланымдармен оқырмандардың есінде қалды.
Әр жылдары «Знаменкаға» Лев Негрышев, Николай Токарев, Михаил Сергейчик, Вениамин Чундеров, Диана Гончарук, Владимир Козыренко, Ирина Маликова, Людмила Перекольская, Игорь Неволин, Бекет Момынқұл басшылық жасады. Олардың әрқайсысының өз стилі болды.
Бүгінде «Знамя труда» газетінің редакцияда журналистика тек қана жұмыс емес, кәсіби шыңдалу мектебі деп санайтын журналистер топтасқан. Гүлжан Асанова, Көкен Оршабеков, Индира Боташева, Василий Мазур, Людмила Мельник сынды өз ісінің шеберлері – кейінгі толқын үшін мықты тәлімгер. Ал Айжан Әуелбекова, Лола Нұрматова, Темірлан Құспаев, Камила Жұмаділова, Диана Қалманбаева, Лариса Губашева, Светлана Гладкова және фототілші Виктор Барбаш өз ісін жақсы көретін корреспонденттер. Олар коммуникабельді және үнемі жедел, ең өзекті және өзекті тақырыптарды газетке ұсынып отырады. Салынып жатқан нысандарда, шаруа қожалықтарында, әкімдік отырыстарында және жол полицейлерімен рейдтерде біздің журналистер жүреді.


100 жыл – үлкен уақыт өлшемі. Бірнеше тарихи кезеңді ауқымына сыйғызған бүтін бір дәуір. Біздің «Знамя труда» газеті бір ғасыр бойы ұрпақтар сабақтастығын жалғап келе жатқан басылым. «Знаменканың» өз бет-бейнесі, стилі, позициясы бар. Сондықтан ел дамуына еңбегі сіңген азаматтар да, қарапайым еңбек адамдары да оның әрбір санының жарыққа шығуын асыға күтеді.

«Баспасөз үйінің» жарығы мен жылуы мыңдаған жүректерге жетеді

Алғаш рет «Знамя труда» газеті редакциясының табалдырығын 20 жыл бұрын, анығырақ айтқанда 1998 жылдың наурыз айында аттадым. Сол кезде газеттің бас редакторы Диана Гончарук есімді келіншек еді. Ол мені жылы қарсы алып, басылымның «Әлеумет» бөлімінің тілшісі ретінде қызметке қабылдады. Рас, сынақ мерзімімен алғанын жеткізді.
Аталмыш бөлімді Амантай Айзахметов басқарды. Ол бір қарағанда маған тұйық әрі қатал адам болып көрінді. Әуелгі кезде оның тарапынан менің мақалаларыма деген көңіл толмастық аңғарылды. Алайда арада бір ай өткен соң ол маған: «Жарайсың, жақсы жазасың! Осы қалпыңнан танба», деп пікірін ашық білдірді.
Бөлім басшысының бұл сөздері менің жүрегіме жылы тиіп, қанаттандырды. «Знамя трудадағы» жұмысымның алғашқы айларынан бастап-ақ, мен басқа да аға әріптестерімнен, журналистиканың корифейлері саналған Альфред Славутский, Мінайдар Әбілғазыұлы, Вера Людосанова сынды тұлғалар тарапынан қолдау таптым.
Бұл кісілер өз істерінің шын мәніндегі шеберлері болды. Мені Мінайдар Әбілғазыұлының таусылмас күш-қуаты тамсандыратын. Әр апта сайын ол көлемді сараптамалық мақалалар жазатын. Жазбасы жарық көрген соң міндетті түрде қоғамдық талқылау күтетінбіз. Бұл бір заңдылық еді. Журналист ретінде монополистерге, мемлекеттік меншікке қол сұғушыларға қаламын батыл батыратын. Оның мақалалары ғажайып шеберлігімен, қаламгерлік қуатымен айқын ерекшеленіп тұратын.
Маған Альфред Славутскийдің жұмыс істеу стилі ұнады. Ол өзін салқынқанды ұстап, экономика тақырыптары бойынша тамаша мақалалар әзірледі. Бұл ретте Амангелді газ-кені орнында, химия зауыттарында, автокөлік кәсіпорындарында болды.
Вера Людосанова барлық жерге үлгеретін. Жарты күн ішінде телефон арқылы сан түрлі қызық мәліметтер жинайтын. Көптеген ұйымдармен оның байланысы берік орнаған. Тіпті, өзінің жеке «агенттері» болды. Олар оны ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды.
Осы жылдарда Гүлжан Асанова да өзінің журналистік мансабын бастады. Әріптесім өткір әрі өзекті тақырыптарда қалам сілтеді. 1998 жылы жарияланған оның «Зеро қаласындағы бір күн» атты жазбасы оқырмандар жадында қалды деп ойлаймын. Мақалада жартылай талқандалған Жаңатас қаласы туралы жанды деректер берілген. Гүлжан құқықтық тақырыптарды да қаузады. Өлке экологиясы туралы да толғана жазды. «Знамя трудада» оның кәсіби және мансаптық тұрғыдан өскенін көз көрді.
«Баспасөз үйінің» қабырғасында жүріп өзге де көптеген әріптестерім журналистік шеберлікті түсінді, мықтылардың мектебін көрді. Әр жылдарда бірге қызмет еткен өзге әріптестерім туралы да осындай пікірдемін.
Өмірін журналистикамен сабақтастырған көптеген әріптестер үшін Орталық алаңда орналасқан «Баспасөз үйі» өз үйіндей болып кетті. Бұл ғимараттың жылуы мен ғажайып атмосферасы менің де жүрегімді жылытады. Өйткені мұнда жылдар мен жолдардың ізі сайрап жатыр. «Знамя труда» газеті менің кәсіби тұрғыдан өсуіме ықпал етті, араласатын ортамды қалыптастырды, арттырды. Редакция тапсырмаларын орындай жүріп мен көптеген жақсы азаматтармен тіл табыстым.
Мұнда мені беймәлім бір сиқырлы күш тартып тұрады. Мерейтойды осындағы достарыммен бір қатарда өткізетіндігім үшін қуаныштымын.

Көкен Оршабеков.

Өңірдің ғасырлық шежіресін өрнектеген

Аса құрметті «Знамя труда» газетінің ұжымы!
Сіздерді 100 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Ғасыр бойы өңір шежіресін, облыс тарихын жазып келе жатқан «Знамя труда» газеті жаңалықтың жаршысы болудан танған емес.
Басылым Отанымыздағы бірлік пен достықты ту етіп, ел азаматтарының бойындағы патриоттық сезімді насихаттап, еңбек адамдарының ерен істерін жырлап келеді.
«Знамя труда» газеті қай кезде, қандай атаумен шықса да өз оқырмандарына адал қызмет етіп, замана тынысын дөп басып, жеткізе білді.
Бүгінгі «Знамя труда» газеті тек қана сапалы ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар халықтың қоғамдық пікірін қалыптастыруға ықпал ете алатын, өзіндік беделі бар медиа-ресурс.
Жамбыл облыстық «Aq jol» мен «Знамя труда» газеттері тағдырлас басылымдар. Өңірдің бұл екі ата басылымын жұртшылық ешқашан бөле-жарып қараған емес. Өйткені екеуінің де көздегені – бір елдің мақсат-мүддесі, тәуелсіздіктің тұрақтылығы, халықтың табысты тұрмысы мен жарқын болашағы. Сондықтан бауырлас басылымның жеткен жетістігі мен бағындырған биігі бізге де ортақ деп білемін.
Аға буын өкілдері қалыптастырып кеткен сара жолды газеттің бүгінгі ұжымының абыроймен жалғастырып келе жатқаны қуантады.
Әріптестерімізді осынау айтулы мерейтойымен қуана құттықтап, ұжымның мерейлі күндері таусылмасын деп тілеймін!

Құрметпен, облыстық
«Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы
Көсемәлі Сәттібайұлы.

Жалынды жастардың да үлесі мол

Есет ДОСАЛЫ

Облыстық «Знамя труда» газетінде тәжірибелі журналистермен қатар жалынды жастар да еңбек етеді. Солардың бірі – Айжан Әуелбекова.
Айжан 2014 жылы «Пошта жұмысы қашан реттеледі?» атты сын мақаласымен көзге түсіп, сол кездегі бас редактор Игорь Неволиннің шақыруымен облыстық басылымға келді.
Қазіргі таңда ақпарат бөлімінің меңгерушісі. Мақаланы орысша жазғанымен, ұлттық тоғызқұмалақ ойынын ойнағанды жақсы көреді. Жергілікті жас ақындардың өлеңдерін жатқа оқитыны бар. Аймақтың көңілді тапқырлар лигаларына «Чу-чу», «Оныншы планета тұрғындары» командаларын дайындап шығарған белсенділігін айта кеткеніміз де жөн. «Адам саудасы» тақырыбына арналған республикалық байқаудың жеңімпазы.
* * *
Темірлан Құспаев «Знамя трудаға» 2018 жылы желтоқсан айында келді. Бір қызығы ол Екібастұз қаласынан қоныс аударып, Тараз қаласында еңбек етіп жүр. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің баспасөз қызметінде істеген жылдары да қызыққа толы болыпты. «Футбол мен теннис спортының жанкүйерімін. Әдеби көркем шығарма жазуға бейімделіп жүрмін. Әңгімелерім бар. Шығармашылықпен мықтап шұғылдануға ниеттімін», – дейді Темірлан Қуандықұлы.
* * *
ТарМУ-дың түлегі, әуелі «Южный экспресс» ақпараттық сайтында жұмыс істеген Лола Нурматованың «Знамя трудаға» келгеніне үш жыл болыпты. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы бөлімінде жемісті еңбек етеді.
* * *
Бір кабинетте қатар отыратын Камила Жұмаділова мен Диана Қалманбаева 2017 жылдың қаңтарында осында жұмысқа қатар қабылданыпты.
Камила Русланқызы әскери тақырыпта көп қалам тартады. Әскери тақырыптағы топтама мақалалары үшін «Әскер-медиа» республикалық байқауының жеңімпазы атанғанын да әріптестері мақтаныш етеді. Гитарамен сырлы әндерді тамаша орындайтын Камиланың өлең жазатын қабілеті де бар.
Диана Еркінқызы дін тақырыбы бойынша ақпарат саласында облыстық байқаулардың жүлдегері. Бүгінгі таңда Тараз қалалық мектептен тыс жұмыстар және балалар шығармашылығы орталығындағы журналистика мектебінде қосымша ұстаздық етеді.
Ғасыр жасаған газеттің жалынды жастары осындай болмыстарымен, белсенді жұмыстарымен ерекшеленуде.

Шежіре бет терінен

«Знамя труда» газетінің тарих қойнауына аттанған 100 жылы ұлы жетістіктерімен де, қасіретті оқиғаларымен де есте сақталады. Ол кұдды бір күлден қайта пайда болған феникс құсындай әрбір құлдыраудан соң де қайта түлеп, өз оқырмандарына жаңа атауымен оралып отырды.
Басылымның жүз жыл уақыт ішіндегі атауын 11 мәрте өзгерткені айтуға ғана оңай.

«Аулие-Атинский вестник»
(1919 жыл, тамыз – 1920 жыл, қыркүйек)
«Знамя труда» газетінің тарихы 1919 жылдың тамызынан бастау алады. Әулиеата уездік комитетінің органы «Аулие-Атинский вестник» газеті де осылай дүниеге келді.

«Беднота»
(1920 жыл, 30 қыркүйек –
1921 жыл, 26 ақпан)
Ай өтпей жатып «Беднота» деген жаңа атаумен жарық көре бастады. Басылымға жұмысшы, шаруалар газеті деген анықтама берілді.

«Профессиональный вестник»
(1921 жыл, 2 қаңтар – 1921 жыл, 3 сәуір)
«Беднотамен» қатар Әулиеата уездік қалалық кәсіподақтары бюросының органы – «Профессиональный вестник» газеті шығып тұрды.

«Дехканин»
(1921 жыл, 15 мамыр –
1921 жыл, желтоқсан)
Әулиеата уезінің тұрғындары көп уақыт «Дехканин» (ортаазиялық шаруа ұғымын білдіреді) деген жаңа атаумен шыққан газетті оқи бастады.
Оның бар-жоғы 9 нөмірі ғана жарық көрді.

«Радиограммы роста»
(1922 жылдың басы – 1922 жыл, мамыр)
1922 жылдың басында Әулиеатаға келген ТуркРОСТА тілшісі Анна Алматинская шағын баспа парағымен «Радиограммы РОСТА»-ны шығару ісін бастады. Оның 300 дана таралыммен 11 нөмірі жарыққа шықты.

«Вольная беднота»
(1922 жыл, 1 мамыр – 1928 жыл)
Кезекті рет қайта қалпына келтірілген баспа органын енді «Вольной беднота» деп атау жөнінде шешім қабылданды. Ол алты жыл бойы шығып тұрды. Барлығы 404 нөмірі жарыққа шықты.

«За пятилетку»
(1930 жыл, 21 қараша –
1933 жыл, 5 мамыр)
Әулиеата стансасында 1929 жылдың 7 қарашасынан бастап ВКП (б) партия ұжымы мен кәсіподақ органы – теміржолшылардың «За пятилетку» газеті жарыққа шыға бастады. Бұл газет аптасына алты рет 4700 дана таралыммен шығып тұрды. Аудандық партия комитетімен бірлесе барлығы 148 нөмірі жарық көрді.

«Сталинский путь»
(1933 жыл, 1 желтоқсан – 1939 жыл, қазан)
«Сталинский путь» газеті бес күн сайын шығып тұрды. 1935 жылы газет айына 10 рет шықты. Аудандық газеттің барлығы 361 нөмірі жарық көрді.

«Коммунист»
(1939 жыл, қараша – 1962 жыл, маусым)
1939 жылдан шыға бастаған «Коммунист» газеті екі онжылдықтан астам уақыт сақталды. Бұл уақытта Жамбыл облысы пайда болды, басылым да тиісінше СОКП Жамбыл облыстық партия комитетінің органына айналды. Күн сайын шығатын бұл газет бастапқыда А3 форматындағы бір парақ қағазға басылды, кейін парақ саны көбейтілді. Содан соң оның қазақ тіліндегі нұсқасы дүниеге келді.
Арада 23 жыл өткеннен кейін газетті жабу жөнінде шешім жасалды.

«Джамбул»
(1962 жыл, шілде – 1963 жыл, 10 сәуір)
Қазақстан КП Жамбыл қалалық комитеті мен жұмысшылар депутаттары қалалық Кеңесінің органы – қалалық «Джамбул» газеті қала өмірін кеңінен көрсетуге күш салды. Газет жылға жуық уақыт қана өмір сүрді.

«Знамя труда»
(1963 жыл, 1 мамыр – қазіргі уақыт)
Газет 1963 жылы өзінің қазіргі «Знамя труда» деген заманауи атауына ие болды. Ол осындай атауымен дағдарыс, қайта құру, КСРО-ның күйреуі кезеңдерінен де өтті. Басылым тәуелсіздік жылдарында Жамбыл облысы әкімдігінің органына айналды. Алайда бұрынғысынша еңбеккерлер мен қарапайым халық туралы, облыста орын алған өзгерістер мен оқиғалардың барлығын жазып келеді.

Әзірлеген Темірлан ҚҰСПАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support