- Advertisement -

Ойлағаның «Aq jol»-дан, іздемей-ақ табылар

61

- Advertisement -

Бүгінгі таңда кітап оқудан алшақтап, әлеуметтік желіге байланып, ойын қағаз бетіне сауатты түрде түсіре алмайтындар шоғыры көбейіп келе жатқан кезде газеттен қол үзуге болмайды. ал Газет болады, бола да бермек.

Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деп бекер айтқан жоқ. Газет оқу арқылы адам тіл тазалығын сақтап, сөз құрау шеберлігін арттырып, алар ақпарат ағынын молайтып қана қоймай, ой-өрісін де кеңейтіп отыратыны хақ.
Қазір баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқаны белгілі. Осыған орай «Aq jol» газетінің басшылығы өңірлерге шығып, оқырмандармен кездесіп, жазылым алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Мұндай жүздесу бұрнағы күні Байзақ ауданында өтті.Қаламен іргелес орналасқан аудан тұрғындарының саны өткен ғасырдың 90 жылдарымен салыстырғанда екі есеге артып, 107 мыңға жеткен. Соңғы жылдарда елдің аудан орталығына шоғырлануы артып, Сарыкемердегі адам саны 35 мыңнан асып жығылған. Жалпы аудан бойынша биыл бірінші сыныпқа 900 бала барыпты. Бұл – жылда ауданға бір жаңа мектеп салу қажет деген сөз. 

Одан бөлек жер теліміне кезекке тұрғандар саны да артып келеді. Ал Сарыкемер аумағында бар болғаны 60 мың гектар егістік, 170 мың гектар жайылым жер бар екен. Бұл мәселені шешу үшін аудан басшылығы 5 гектар жерге көп қабатты тұрғын үй салу арқылы 3000 адамды баспанамен қамтуды жоспарлауда. Ол үшін 5-6 миллиард теңге қажет көрінеді.
Жалпы газет бетінде бұл ауданда атқарылып жатқан игі істер туралы мақалалар жиі жарияланып тұрады. Жоғарыдағы мәліметтерді де тектен-текке келтіріп отырғанымыз жоқ. Бұл аудан халқының өсуімен оның болашағының зор екенін көріп отырмыз. Газетіміздің өткен санында Сарыкемер ауылында Елбасының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 29 жобаның іске асырылып, 22 нысанның пайдалануға берілгенін жаздық. Оның алдында журналист Маржан Рақайдың «Байзақтан шыққан батыр» атты екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, белгісіз себептермен оны алмаған Үмбетқұл Жиенбаев туралы мақала жарияланған болатын.
Ауданның оқырмандарымен болған кездесуде «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы осының барлығын тәптіштеп тарата айтып берді. «Былтыр да жазылу науқаны кезінде алдарыңызға келіп пікір алмасып, жоспарларымызбен бөліскен едік. Биыл тағы да алдарыңызға сол өтінішпен келіп отырмыз» деп, газеттің бүгінгі таңда жүргізіп отырған жұмысын әңгімеледі.
«Бұл газет халыққа не үшін керек?» деп сұрақ қойған Көсемәлі Сәттібайұлы, «Бүгінде интернет дамыған заманда, жастар мен қарттардың қолында байланыс құралының неше атасы, смартфон дейміз бе, басқа дейміз бе, ешкім жаңалыққа зәру емес. Ал енді «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, хабардың да хабары, ақпараттың да ақпараты болады. Қазір қарап отырсаңыздар, әлеуметтік желіде блогерлер пайда болды. Олар зерттелмеген, шикі дүниелерді жариялап жіберіп, ертеңіне өтіріктері әшкере болып қалатыны бар», деп мысал да келтірді.
Бүгінгі газеттің рөлі, тіл мәселесі, бәрі-бәрі Директор-Бас редактордың назарынан тыс қалмады. Ұстаздары – Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, «Aq jol» газетін басқарған Арғынбай Бекбосынның газет үшін жасаған, тіл үшін күрескен естеліктерімен бөлісті. Алаш арыстарының газет туралы айтқан оралымды ойлары мен тұшымды сөздерін мысалға келтіре отырып, оқырманды газетке, соның ішінде облыстың 100 жылға жуық тарихы бар «Aq jol» басылымына жазылуға шақырды.
Сонымен бірге Көсемәлі Сәттібайұлы Байзақтан шыққан батырдың «Алтын жұлдызын» аудандағы жас ұрпақтарға көрсетіп, мұражайға қою керектігі жайлы орынды ұсыныс жасады. Бұл оқырман тарапынан қолдау тапты.
Бұдан кейін оқырмандар басылым туралы лебіздерін білдірді.

Нұржан Тілепов, аудандық мәслихат хатшысы:
– Өзім газеттің тұрақты оқырманымын. Үйге келген газеттің әр санын жібермей қарап отырамын. Өткен сандарыңызда Байзақтан шыққан Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова апаның мақаласын шығарыпсыздар. Біз ондай кісілердің еңбегін бағалауымыз керек. Осыны сіздер жақсы ұйымдастыра білгенсіздер. Мұндай кісілердің айтқаны жастарға үлгі-өнеге болмақ. Еңбекке баулуда, патриоттыққа шақыруда маңызы зор деп білем.
Сондай-ақ, жақында тағы бір батырымызды тауып бердіңіздер. Оған да қуанып отырмыз. Біз әрдайым іздеген мақаламызды, Елбасының Жолдауларын, Президентіміздің алғашқы Жолдауы мен бағдарламалық мақалаларын сіздердің және ел газеті «Егемен Қазақстаннан» алып оқимыз.
Бүгінде сіздердің газет көтеріп отырған тақырыптар сан алуандығымен құнды. Тарихи мақалалар, одан басқа да көп ақпараттарды алуға болады. Спорт саласында да қысқа-нұсқа жақсы ақпараттар беріліп тұрады. «Жаһанда және Жамбылда» айдарымен де қысқа ақпараттарды ұтымды ұйымдастырып отырсыздар.
Қорыта айтсам, «Aq jol» жылдан-жылға жақсарып келеді. 10 ауданның ішінде Байзақ ауданы «Aq jol»-ға жазылу жөнінен алдыңғы қатарда болады. Жазылымды бұрынғы деңгейімізден көбейтпесек, азайтпаймыз.

Сәкен Сыздықов, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
– Көсемәлі Сәттібайұлы, газет туралы жақсы ой айттыңыз. Мен облыстық «Aq jol» газетін бала кезден оқып келе жатырмын. Кеңес дәуірінде «Еңбек туы» деп аталатын. Газет бетінен жақсы жаңалықтарды да жиі көріп қаламыз. Өзіңіз айтқан байзақтық батыр Үмбетқұл Жиенбаев бізге сабақ берген. Мақаланы оқып, ұстазымның батыр екеніне қуанып қалдым. Журналист оның бүкіл еңбек жолын қамтып, әсерлі жазыпты. Түймекент пен Ақжар ауылдарының халқының қуанышында шек жоқ.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен 18 ауылдағы кітапханада цифрландыру орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Енді оны бес ауылда ашпақ ниеттеміз. Бұл үлкен бастама болды.
Сондай-ақ, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін газет бетінде Ауған соғысы ардагерлері, олардың ерлік жолдары туралы көбірек мақалалар жазылып тұрса екен.

Алтынай Арунова, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің кітапханашысы:
– Біз «Aq jol»-дың тұрақты оқырманымыз. Газет бетінде жарияланған Елбасының, Президенттің Жолдауын оқып, насихаттаймыз. Іздегенімізді содан тауып, күнделікті жұмысымызда пайдаланамыз. Мұғалімдер де қарап, қажетті ақпараттарын газет тігінділерінен алады. Сондықтан да мен біздің мектеп ұжымы «Aq jol» газетіне 100 пайыз жазылады деп сенімді айта аламын.

Марат Құлибаев

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support