- Advertisement -

Көпбалалы аналар баспаналы болды

60

- Advertisement -

Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірімізде көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға бірінші кезекте қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ осы санаттағы азаматтарды тұрғын үймен, жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Бұл топтағы азаматтарды баспаналы ету үшін облыста жалдық негізде пайдалануға берілетін 10 тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның 7-еуі Тараз, 3-еуі аудан орталықтарындағы шағын қалаларда салынбақ.Жалпы облыс бойынша бүгінгі таңда 23762 адам коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде тұр. Олардың тең жартысынан астамын көп балалы және аз қамтылған отбасылар құрайды. Бұл санаттағы азаматтарды «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үймен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына облыс бюджетінен 12,7 миллиард теңге бөлініп отыр.
Өткен жылы аталған бағдарлама аясында көп қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 38 инженерлік инфрақұрылым жобасы іске асырылғаны белгілі. Осының есебінен 1 673 пәтер пайдалануға беріліп, 4 654 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылған-ды. Былтырғы жылдың қорытындысында 482,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға да берілді. Бұл мұның алдындағы жылғы көрсеткіштен 21 пайызға артық. Ал 2019 жылға осы бағдарлама аясында 23,5 миллиард теңге қаралып отыр. Бұл қаржы есебінен көп қабатты 28 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Жалпы өңірімізде биыл 27 үй пайдаланылуға тапсырылуы керек. Бір жалдамалы үй 2020 жылға өтпелі. Ағымдағы жылы бюджет есебінен 1 970 адамды пәтермен қамту көзделіп отыр. Оның ішінде несиелік, көп қабатты 21 үйден 1 460 пәтер (109 683 шаршы метр), 6 жалдамалы үйден 510 пәтер (36 192 шаршы метр) тұрғындар игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Елбасы ағымдағы жылдың 27 ақпанында өткен «Nur Otan» партиясының ХІХ съезінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қамтылған отбасыларға арналған жалдық тұрғын үй құрылысына 50,0 миллиард теңге бөлу мәселесін тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты әкімдік тарапынан құны 5,6 миллиард теңгені құрайтын 710 пәтерлі 11 жалдамалы үйдің құрылысына республикалық бюджетті нақтылауға байланысты қаржы бөлу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, өтінім тапсырылған. Алдын ала есептерге сәйкес, осы жобаларға ағымдағы жылы қосымша 3,1 миллиард теңге бөлінгелі отыр. Облыс бойынша жалдамалы тұрғын үй кезегінде тұрған 23 762 адамның ішінде халықтың әлеуметтiк осал тобына жататын азаматтардың саны – 13 436. Өңір басшысының бастамасымен осы отбасыларды тұрғын үй кезегі жеткенге дейін жатақханамен қамту жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылы осындай 6 жатақханаға 400-ге жуық аз қамтылған және көп балалы отбасын қоныстандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Тараз қаласына – 3, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларына бір-бір жатақханадан тиесілі. Келесі жылы облыс орталығында төрт жатақхана ғимаратының құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған. Бүгінде мұндай шаралар барлық аудандарда қолға алынуда.
Атап айтсақ, олардың ішінде Талас ауданы тұрғындарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде оқ бойы озық келеді. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Қаратау қаласында қайта жаңғыртылудан өткен 60 пәтерлік көп қабатты тұрғын үй тұрғындар игілігіне де берілді. Қаладағы №5 шағын ауданында бой көтерген аталмыш №55 үйге қайта жаңғырту жұмыстарын тараздық мердігерлік ұйым «Темір-Байлық» серіктестігі жүргізіпті. Жобаның жалпы құны 228 миллион 450 мың теңгені құрайды. Нысан өткен жылдың 6 маусымыда пайдалануға беріліп, одан кейінгі кезеңде тұрғын үйдің инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілген екен.
Жалдық негізде пайдалануға арналған аталмыш тұрғын үйде екі бөлмелі 10, үш бөлмелі 30, төрт бөлмелі 20 пәтер бар. Жаңа тұрғын жайға қоныс аударатын азаматтардың тізімі аудандық тұрғын үй комиссиясы тарапынан түзіліпті. Көп қабатты тұрғын үйден пәтер алған 60 отбасының 40-ы әлеуметтік аз қамтылғандар тобына жатады. Оның ішінде көп балалы – 17, толық емес – 15, мүгедек бала асыраушы 2 отбасы бар. Сондай-ақ 1 мүгедек және 5 шетелден қоныс аударған қандасымыз мереке қарсаңында пәтер кілтін иеленіп, мәре-сәре болысты. Қалған 20 пәтер бюджеттік салалар қызметкерлері мен қызметтік пәтер иеленушілеріне берілді. Осынау қуанышты оқиғаның өзіміз тікелей куәгері де болып қайтқан едік.
Пәтерге қол жеткізгендердің бірі – бес баланың анасы Элмира Ақжанова. Ол 2013 жылы пәтер кезегіне тұрыпты. Жолдасы маусымдық жұмыстарға шығып отбасын асырауда. Ал өзі қаладағы «Азиядай» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді екен. Балаларының алды 15-те болса, кішісі – 6 жаста. Бұл қуанышты ұзақ күткен олар пәтер кілті қолдарына тиісімен жаңа қоныстарын көруге асықты. Бесінші қабаттан тиген төрт бөлмелі пәтер оларға қатты ұнап отыр.
– Бұған дейін екі бөлмелі пәтер жалдап, қысылып-қымтырылып тұрып келген едік. Айына 15 мың теңге төлейтінбіз. Енді, міне, мереке қарсаңында баспаналы болып жатырмыз. Жаңа пәтеріміздің хан сарайынан бір де кемі жоқ. Енді балаларымыздың әрқайсысының жеке өз бөлмелері болады. Мектеп те жақын жерде орналасқан. Біз сияқты көп балалы аналарға қолдау көрсетіп, қамқорлығына алып отырған Елбасына айтар алғысымыз шексіз, – деді ол айрықша толқыныспен.
Аудан әкімі Досмұхамед Әлиев те бірқатар пәтерлерге бас сұғып, жаңадан келіп қоныстанушыларды құттықтап шықты.
– Елбасының тапсырмасымен бүгінде көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетілуде. Бүгін өздеріңіз соның куәсі болдыңыздар. Баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Үйлеріңізде әрдайым қуаныш, той болып, қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, – деді ол.
Көп балалы ана Ләззат Райымқұлованың да отбасындағы осындай қуаныш үстінен түстік. Бұл отбасы да пәтер кезегін алты жылдан бері күтіп жүріпті. Жаңа пәтерге қоныстанатындарын бір күн бұрын білген олардың қуаныштарында шек болмапты. Бұған дейін екі бөлмелі пәтерді жалға алып, отбасымен қысылып-қымтырылып тұрып келген.
Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаевты сөзге тартқан едік.
– Бүгінде Қаратау қаласында 1599 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 143-і – көп балалы аналар. Былтырға дейін 27 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылғы жылдың төрт айы ішінде 3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Жалпы аудан бойынша 2018-2019 жылдары барлығы 440 пәтерді құрайтын 6 көп қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланған. Бүгінде оның 4-еуі (барлығы 290 пәтер) пайдалануға беріліп отыр. Ағымдағы жылы тағы да 2 тұрғын үй (барлығы 150 пәтер) тұрғындардың игілігіне берілмек. Бұл аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 143 әлеуметтік аз қамтылған отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік бермек. Осы қарқынымыздан танбасақ, 2020 жылдың соңына дейін кезекте тұрғандар толықтай пәтер үймен қамтылатын болады, – дейді ол.

 

Марат Құлибаев
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support