Сапалы өнімге сұраныс көп

Сапалы өнімге сұраныс көп
ашық дереккөз
Сапалы өнімге сұраныс көп

Халық сұранысын қанағаттандыру да қастерлі іс. Осыған байланысты облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бір айдан бері қаладағы коммуналдық базарда тұтынушыларына аптаның әрбір сенбі-жексенбі күндерінде өздері өндірген өнімдер түрлерін ұсынумен келеді. Мұндағы жәрмеңке өткен демалыс күндерінде де қызу өтті. Бұл жолы Тараз қаласы және Т.Рысқұлов, Жамбыл, Шу, Сарысу аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өңірлік әлеуметтік тұрақтандыру қорының өнімдері сатылымға шығарылды. Тұтынушыларға жалпы құны 9,8 миллион теңгені құрайтын 36,3 тонна азық-түлік тауарлары ұсынылды. Оның ішінде жылқы, сиыр, қой және тауық еті – 3,5, сүт – 1,5, шұжық – 1, балық пен бал – 0,3, кондитерлік тағамдар – 0,25, макарон – 1,5, тұз – 0,3, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері – 17,7 тонна және жұмыртқа 5 мың дана көлемінде жеткізілген екен. Өткендегідей емес, бұл күні келушілер қарасының молдығы байқалды. Біз де сөрелерді жағалай сүзіп, қарап шықтық. Шаһар жұртына қажетті өнімнің сан алуан түрі сауда сөрелерінде көздің жауын алып, самсап-ақ тұр. Қарап тұрмай Шу ауданынан келген тауар өндірушілерді сөзге тарттық. 2011 жылдан бері мақсары майын өндірумен айналысып келе жатқан «Kaz-lr Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жәрмеңкеге 50 литр мақсары майын әкеліпті. Жоғары сұрыпты майдың әр литрі 600 теңгеден өткеріліп жатты. Серіктестіктің менеджері Айжан Ахметтің айтуынша, бүгінде зауыт өнімі негізінен Қытай, Нидерланды, басқа да Еуропа елдеріне экспортталуда. Ал кәсіпорын тәулігіне 3 тонна өнім өндіреді. Онда 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа табысы 80 мың теңгені құрайды. «Бүгінгі жәрмеңкеге осымен екінші рет тауарларымызды әкеліп отырмыз. Өнімімізге сұраныс көп. Жарты сағатта 25 литр май өтіп кетті», – дейді ол. Ал осы ауданның тауар өндірушілерін бастап келген Шу аудандық әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Бетбаев жәрмеңкеге 500 килограмм жылқы, сиыр және қой етін, 200 литр сүт, 100 литр қымыз, 50 килограмм ірімшік, 1 тонна пияз, 200 килограмнан қырыққабат, қызыл қызылша, қызанақ және қияр өнімдерін әкелгендерін айтты. Аудандағы Бірлік, Алға, Балуан Шолақ және Қонаев атындағы ауылдық округтер мен Шу қаласынан келген тауар өндірушілер үш сауда нүктесіне орналасыпты. Сондай-ақ өңіріміздің қиыр шетінде орналасқан Сарысу ауданының Игілік, Байқадам, Жайылма және Досбол ауылдық округтерінен де тауар өндірушілер келіпті. Досбол ауылдық округінің әкімі Нұрлан Молдабеков сиыр және қой етін, 150 литр шұбат пен ірімшік әкелген. Ол қой етін 1450, сиыр етін 1400 теңгеден өткеріп жатқандарын жеткізді. Бізді таңғалдырғаны – шаһарда өтіп жатқан жәрмеңкеге Түркістан облысының Ордабасы ауданынан «Ордабасы Milk» шаруа қожалығының тауар өндірушілері де келіп қатысқаны болды. Қожалықтың тауар өткерушісі Бақтияр Жанысбаевты сөзге тартқан едік. «Біз Темірлан ауылында 600 бас сауын ешкі өсірудеміз. Осымен Тараздағы жәрмеңкеге төртінші рет келіп, қатысып отырмыз. Қазір 60 литр сүт пен айранымыз ғана қалды. Өнімімізге тапсырыс берушілер мұнда өте көп. Сол үшін де апта сайын келіп, өнімдерімізді өткеру өзіміз үшін де тиімді. Алдағы аптада тағы келеміз. Келесі жолы бүгінгіден де көбірек сүт, айран, қаймақ әкелуді жоспарлап отырмыз», – дейді ол. Сөмкесін азық-түлікке толтырған қала тұрғыны Айша Баймаханова жәрмеңкенің ұйымдастырушыларына деген алғысы шексіз екенін жеткізді. «Жәрмеңкеге арнайы келдім. Мұндағы баға нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Өткенде зейнетақымның бір бөлігіне ет алғанмын. Енді немерелеріме ірімшік, айран, қаймақ, көкөніс алып жатырмын. Бұдан кейін де жәрмеңке тұрақты ұйымдастырылып тұрса екен», – дейді. Базардан шығып бара жатқанда көзім түсіп, асқабақ сатып тұрған ерлі-зайыптыға қайырылғанмын. Олар Жамбыл ауданының Ақбастау ауылдық округінен келіпті. Жастайынан диқандық кәсіппен айналысып келе жатқан Ержан Сапарбеков былтыр иелігіндегі 1,5 гектар алқаптан 40 тонна өнім алыпты. Оның 30 тоннасын күзде алқап басынан өткерген. Ал 9 тоннасын қыс бойы үйінде сақтап, сатып келіпті. Содан қалған 1 тонна өнімді сатылымға шығарып отыр екен. Килограмы 80 теңге ғана. Биыл да 1,5 гектар жерге асқабақ, ал ауласындағы бақшалыққа көкөніс егіп баптауды бастапты. Тұрақты жұмысы жоқ ерлі-зайыпты диқандар осылайша жер баптап, маңдай терімен табыс тауып жүргендерін айтады. Ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ағымдағы жылғы мамыр айының соңына дейін жалғасын таппақ. Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес осы аптада шаһар жұртына Жуалы, Меркі, Мойынқұм аудандары тауарларын ұсынатын болады.

Марат Құлибаев

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар