- Advertisement -

«Би безгегі»

64

- Advertisement -

1518 жылы Трофеа есімді әйел Страсбург көшесінде өз-өзінен билей жөнеледі. Әуелде ел оны аса елемей, жанынан өте шыққанымен, әлгі қатынның өң-сүрсіз жынды адамша тоқтамай билеуі бәрібір назар аудартпай қоймайды.
Билегенде де, бұл қатын тоқтаусыз бір апта билейді. Музыка жоқ, қуаныш жоқ, қайғы-мұң, не ашу-ыза жоқ, беті сазарып тек билей береді, билей береді. Күндіз де билейді, түнде де билейді. Көшенің қақ ортасында!
Келесі аптада Трофеаның қасына ондаған адам қосылады. Одан кейін «бишілердің» қарасы жүзге жуықтайды. Өң жоқ, түр жоқ, әйтеуір, билеп жүрген кілең жынды көбелек.
Бір аптадан кейін биші қатын ес-түссіз құлап, зорығып өледі. Қала басшылығы енді шын саса бастайды. Шіркеу қызметі бұлардың ішіне жын кіріп кеткенін айтады. Дәрігерлер «қызуқандылық» деп диагноз қояды. Қайткенде де «би безгегін» тоқтату үшін билік оларға еркіндік береді.
Бір-екі қояншық бишіні ұстап ап, діндарлары оқытып, дәрігерлері арам қанын ағызып көреді. Алайда би тоқтамайды. Сосын амалы таусылған билік «мына жынды тобыр тез шаршасын» деп музыканттарды жалдайды. Енді үйінде тыныш жатқан сау адамдар көшеге шығып билей бастайды.
«Жай жатқан жыланның құйрығын басып кеткендей» болған қала билігі жаңа үкім шығарып, бұдан былай музыка ойнауға тыйым салады. Бірақ би бәрібір тоқтамайды…
Бәленің бәрін бастаған Трофеа қатын өлгеннен кейін тұп-тура бір айдан соң, көшедегі келеңсіз би өз-өзінен сап тыйылады. Қалай кенеттен басталса, солай оқыстан тоқтай салады. Бірақ би орнында әбден қалжырап, мұрындарынан қан кете зорығып өлген төрт жүзге жуық адамның мәйіті қалады.
Бұл оқиғаны кейінгі ғалымдар біраз зерттепті. Бірі ушөпке уланған бидай ұнынан пісірілген наннан көрсе, екінші бір ғалымдар сол кездегі әлеуметтік-рухани дағдарыстың салдары деген пікірді алға тартады. Қалай дегенмен де, нақты жауабы күні бүгінге дейін табылған жоқ.
Құпиясы ашылмай кеткен мұндай «би безгегі» Швейцария, Германия, Голландия елдерінің кейбір қалаларында XVII ғасырға дейін әрегідік орын алып тұрған дейді кәрі тарих.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support