- Advertisement -

Бөлтірік шешен кесенесінің маңы көгеріштендірілді

226

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында әр ауылға түлектердің мойны бұрылып, талай игі істер қолға алынып жатқаны баршаға мәлім. Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылының күншығыс жағында биік қырда әйгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының кесенесі алыстан менмұндалайды. Былтыр ауыл тұрғындары мен әр жылдардағы мектеп түлектерінің қаржы жинап, сенбілік жасап, баба күмбезінің маңына 2 мың түп түрлі тал көшеттерін отырғызған еді. Игілікті іс биыл да жалғасын тапты.
Бұл жолы да Бөлтірік шешен кесенесінің басына ауылдың сыртта жүрген игі жақсылары, ел ағалары, ауыл ақсақалдары мен жастары жиналды. Олар әуелі кесене ішіне кіріп, ауыл имамы оқыған құранға қол жайды. Мұнан соң ел ағалары Балтабай Бекежанов, Әлібек Әмзеұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы, журналист Сәулембай Әбсадықұлы, ардагерлер Ибаділда Үйсімбаев, Мақсұтбек Сатымбеков сөз сөйлеп, Бөлтірік Әлменұлының әрі батыр, әрі шешен екеніне тоқталып, ауыл жастарының сенбілік ұйымдастырғанына ризашылықтарын білдірді. Осы ауылдан шыққан Әлімбек Жұмабаев, Марат Рахымбердиев, Бақберген Мәуленов секілді кәсіпкер азаматтар кесененің қоршалып, аумаққа электр қуаты жеткізіліп, ұңғыма қазылып, суландыру жүйесі жүргізілуіне, шырақшы үйінің салынуына үлкен көлемде қаржылай көмектерін беріпті. Бүгінде аумақтағы саябақта қарағаш, сексеуіл, арша ағаштарының көшеттері жайқала өсіп тұр.
Былтыр егілген екі мың түп көшеттің 70 пайызы көктеп, өніпті. Ал биыл 1300 көшет, 120 түп роза гүлі отырғызылуымен олардың қатары едәуір толыға түсті. Бұл өте игі іс болды. Талас жұртына бірнеше атасынан бері дін таратқан Қарақожа ата мешіті мен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың бейіті де осы аумақта. Былтыр Рысқұл Жылқыайдарұлының бейітінің басы қарайтылып, демеушілер көмегімен бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Сондықтан тарихта есімдері қалған тұлғалар жатқан аймақтың тал-дарақпен көмкерілуіне көңіл бөлу – сауапты іс. Бұл күні Бөлтірік шешен кесенесінің шырақшысы Жақсылық Аязбаев, ауыл тұрғындары Дүйсенбай Тілешов, Сәкен Батырбеков, Шыңғыс Әбілжанұлы, Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогі Арман Абдашімов, жұмысшы Сайлау Дәнебаев, Жұмағали Атамқұлов бастаған ауыл жастары сенбілікке біркісідей белсене атсалысып, ерекше үлестерін қосты.
Бұдан кейін халықаралық Д.Қонаев қорының облыстық филиалы атынан Бөлтірік шешеннің рухына арналып дастархан жайылып, әруағына құран бағышталды. Оны аталған филиалдың өкілдері Мәмбет Күшікбаев, Балабек Нарбаев, Қибат Асқарбеков, Жоратай Мамыралиев ұйымдастырды. Көпшілік бұл игі іске өте риза болды. Жиналғандар Бөлтірік баба кесенесін енді қараусыз қалдырмай, үнемі бақылауда ұстауға уағдаласты. Ардагер журналист Сәулембай Әбсадықұлы осы кесененің маңында шырақшының үйі бар екенін, сол үйдің қасынан сахна жасалып, ашық аспан астында шешендік өнер байқаулары, айтыстар өтіп тұрса деген тілегін білдірді.
– Былтырдан бері Бөлтірік баба басында осындай игі іс қолға алынып жатыр. Біз сенбілік жасап, ол көшеттерді суарып тұрамыз. 2021 жылы Б.Әлменұлының туғанына 250 жыл толады. Оған дейін кесене маңы көгеріп тұрса дейміз. Ол кезде осы жазықта бірқатар іс-шаралар өтетін болар деп ойлаймын. Ал ауыл тұрғындарының Бөлтірік бабаға деген құрметтері ерекше, – дейді Ойық ауылдық округінің әкімі Медет Рүстемов.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support