- Advertisement -

Жайылымдық жетпей ме, әлде, жауапсыздық иектей ме?

59

- Advertisement -

Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін бірқатар бағыттардағы жұмыстарды жандандыру көзделген. Солардың бірі – мал шаруашылығын дамыту. Ел аумағының табиғи ерекшеліктерін ескерер болсақ, бәсекеге қабілетті экологиялық таза өнімдер өндіруде алыс мал жайылымы телімдері жетекші рөл атқаруға тиіс. Қазірдің өзінде бұл іс өзінің тиімділігін көрсетуде.

Бүгінде «жаңа нәрселер, бұлар – жақсы сақталған ескілер» деген сөз жиі айтылады. Алайда шаруашылық жүргізу ісін жаңаша бейімдеу, жаңа заңнамалық база, адамдардың жаңаша тұтыну деңгейі, тағы басқалары осы «ескілеріңізге» айтарлықтай толықтырулар енгізуіңізге мәжбүр етеді. Дей тұрғанмен еліміздегі малды алыс жайылымдықтарда бағу ісі неден бастау алғанын және бұл әдістің не мақсатты көздегенін еске ала кету артықтық етпес.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ұжымдастыру кезеңінде көптеген уақ шаруашылықтар (колхоздар) құрылғаны белгілі. Олардың әрқайсысының өзіндік жер пайдалану шекара-шегі болды. Осы аумақтарда ауыл шаруашылығының негіздері саналатын егістік, шабындық және жайылымдық жерлер орналастырылған-ды. Ал қалған аумақтың барлығы да мемлекеттік жер қоры есебіне жатқызылды. Ондай жерлерді рұқсатсыз пайдалануға қатаң тыйым салынды. Осындай жолмен мал шаруашылығы, оның ішінде қой өсіру шаруашылықтар шегінде ғана жүзеге асырылды. Мал басының өсімі бұл жағдайда жемшөп базасының мүмкіндігіне қарай айқындалып отырды. Оның үстіне орасан зор жайылымдық аумақ ауыл шаруашылығы айналымына енбеді. Сол тұста елімізде төрт түлік мал басы өсуіне, әсіресе қой шаруашылығы дамытылуына қосымша жемшөп көзінсіз, жайылымдықтарсыз қол жеткізу мүмкін болмауға айналған еді. Кеңестік кезеңде Халық комиссарлары кеңесінің алыс мал жайылымын ұйымдастыру туралы қаулысы, міне, сол тұста – қырқыншы жылдары жарияланған болатын. Көп өтпей алыс мал жайылымы телімдерінде құдықтар қазу, малшы үйлерін, қоражайлар салу, қыстаулар басына жемшөп қорын алдын ала жинақтау жұмыстары қолға алынды. 1947 жылдың өзінде елімізде мемлекеттік қор есебіндегі 17,6 миллион гектар жайылымдық игерілген екен. Осындай жолмен малды жайылымдықта ұстау мерзімін ұзарту мен оның тоқтатылуы кезеңін кеміту міндеті шешімін тапқан. Соның есебінен мал азығындық қор едәуір үнемделуіне қол жеткізілді. Жалпы елімізде өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында мемлекеттік қор есебіндегі игерілген жайылымдықтың көлемі 147 миллион гектарға жетіпті. Әйтсе де оның тең жартысы суландыру жүйелерін қайта құру ісін талап еткен.
Айта кету керек, сол тұста елімізде мал бағудың жыл бойы қолда ұстау, қыстауға түсіру, жайлауға, күздеуге шығару секілді әдістері қалыптасты. Бұл бізде әлмисақтан бар мал бағу үрдістері-тұғын. Осы қағидатты қатаң ұстанудың арқасында мал басы да айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, елімізде 60-жылдары мүйізді ірі қара малының саны 5 543 мың, қой-ешкі 28 517 мың, жылқы 1 155,2 мың, түйе 140,5 мың басқа жеткізілген еді.
Бұрын солай болған. Ал қазір ше… Айта кетейік, малды алыс жайылымдықтарға шығару ісін қалыптастырып, дамыту жұмыстарын жүргізуге байланысты елімізде заңнамалық база әзірленді. Жер кодексінің 36-бабында алыс жайылымдарда мал шаруашылығын дамыту үшін қайтарымсыз жер пайдалану (5 жыл мерзімге дейін) құқығы айқындалған. Ал ҚР «Жайылымдар туралы» Заңының 16-бабы алыс жайылымдарды ұсыну және пайдалану тәртібін қарастырады.
Дәл қазіргі уақытта негізінен жайылымдық үшін жердің үш санаты пайдаланылуда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 61,4 миллион, елді мекендер жері – 21 миллион, орман қорының жері 3 миллион гектар көлемінде. Пайдаланылудағы 87 миллион гектар жайылымның 27,1 миллион гектары істен шыққан және Жер кодексінің 98-бабына сәйкес оны қайта қалпына келтіру немесе жақсарту үшін мұндай жерлер басқа жер санатына ауыстырылуы керек. Осылайша әзірге елімізде жаңартылуға болатын 58 миллион гектар жайылым пайдаланылу үстінде. Осынау жайылымдардың (жарамсызданғандарын қоспағанда) орташа өнімділігі 16ц/гектар азықтық бірлікке тең, пайдаланылудағы жайылымдық жердің жалпы мал азықтық қоры 9,3 миллион тонна азықтық бірлікті құрайды екен. 27,1 миллион гектар жайылымның тиімсіз пайдаланылуы салдарынан мал азығын жоғалту көлемі олардың 16 ц/гектарлық азықтық бірлікке тең өнімділік әлеуеті жағдайында 4,3 миллион тонна бірлікке сәйкес келеді. Ал бұған кінәлі ауа райы да, климаттық жағдай да емес, өзіміз. Өйткені осынау ұлттық табиғи байлығымызға тұтынушылық көзқараспен қараймыз.
Бүгінде елді мекендердің жайылымдық жерлерінің пайдаланылуы жайы баршаға мәлім. Сиырымызды, қой-ешкімізді болсын таңертеңгілікте падаға, болмаса ауыл тұрғындарының кезектесіп бағатын жекеменшік малына апарып қосып, кешкілікте өрістен қайтқанда бөліп аламыз емес пе? Ауыл маңындағы өрістер әбден таптаурын болып, шаңы шығып, тозып бітті десе де болады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының басым деніндегі жағдай да осындай. Жайылымдыққа жататын жерді нақты пайдалану да бар. Жер пайдалану шегіндегі азықтық қор кейде шаруашылық иелігіндегі мал басына сәйкес келмей де жатады.
Мысалы, шаруашылықтың жайылымдық алаңы жер пайдалану актісі бойынша табиғи ылғалдылық жағдайында орташа гектар өнімділігі 5 центнер азықтық бірлікті құрайтын 500 гектар көлемінде делік. Жайылымның жалпы азықтық қоры 2500 центнерді құрайды. Шаруашылық иелігінде 600 бас мал бар. Ал оларды 240 күн ішіндегі жайылымдықтық азықтандыру кезіндегі қажеттілік көлемі 10 080 центнерді құрайды. Бұл тұрғыдан алғанда малға азық жетпеуге тиіс. Жоқ олай емес екен, керісінше, қойдың азықтануы орта деңгейден төмен емес. Бұл ненің есебінен? Қосалқы және көршілес шаруашылықтар жайылымдық жерлері есебінен. Міне, бұл жағдайларда қандай жайылым-айналым немесе малдың жайылуы жүктемесі туралы әңгіме болуы мүмкін? Ұтымды мал жаюдың элементтерін сақтау тек жайылым аумағын ұйымдастыру өткізілгеннен кейін нақтыланған пайдаланудағы жер шегінде ғана жүзеге асырылуға тиіс. Ал жоғарыдағыдай ахуалға жол берілуінің себебі неде? Оның себебі басқада емес, жайылымдардың жағдайы мен пайдаланылуы толықтай бақылаусыз қалып отырғандығында жатыр емес пе? Дәл осы мәселе бойынша жайылымдардың жағдайы мен пайдаланылуы жауапкершілігін мойнына алған маман жоқтың қасында десе де болады.
Жалпы өңірімізде жер есебіне сәйкес 9,0 миллион гектар жайылымдық тіркелген. Облыстық жер қатынастары басқармасының мамандары жерді түгендеу нәтижесі осы аталған аумақтың ішінде босалқы жер құрамындағы 1,5 миллион гектар жайылымдықтың 0,8 миллион гектары мал шаруашылығы үшін жарамсыз екенін көрсеткенін айтады. Бұлар – негізінен Бетпақдала өңірінде. Ал облыстағы 18 921 шаруа қожалығының иелігіндегі жалпы жер көлемі 2,6 миллион гектарды құрайды екен. Олардағы мал басына шаққанда, 251 мың гектар жайылымдық жетіспейтіні анықталған. Қазіргі уақытта оларға орман жер қорындағы 2,9 миллион гектар жайылымдық ақылы негізде пайдалануға берілуі мен облыстағы жайылымдықтардың толық игерілуі (бұл жерде облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының мәліметі ескеріліп отыр – автор) жағдайында да осындай ахуал қалыптасып отыр.
Осы тұрғыда шешімін күткен мәселелердің ең бастысы ауыл халқы үшін жайылым жерлердің тапшы соғуына, жер күтіміне, жайылымдықтардың жағдайы жақсартылмауына байланысты туындауда. Облыс көлемінде елді мекендер шегіндегі жеке қосалқы шаруашылықтар үшін қолда бар мал басына шаққанда, жетіспейтін жайылымдық көлемі бүгінде 2 миллион гектарды құрап отыр екен. Өйткені ауылдық округтерге бекітілген жайылымдардың кезінде 1,6 мың гектары жекеменшікке және жер пайдалануға беріліп кеткен. Бүгінде елді мекендер маңындағы 5-7 радиустағы 70 мың гектар жайылымдықты көлемін ұлғайту мақсатында мемлекетке қайтару жоспарлануда.
Қысқасы, ауыл маңайындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер жайылымдық кезеңдері мен олардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларын бұзу, мал жаю ережелерін мүлдем елеусіз қалдыру салдарынан азып-тозып, айтақырға айналып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендей түсуде. Болашақта мұның салдары ауыр болатыны айтпаса да түсінікті.
Тұтастай алғанда, ата-бабаларымыздан бері үзілмей жалғасып келе жатқан орасан зор тәжірибе, үрдістерді ескерер болсақ, елімізде, өңірімізде болсын мал шаруашылығын дамытуда табиғи жайылымдарды пайдалану үлкен өзгерістерді күтуде. Жалпы жағдайдың алуантүрлілігі нақты өмірде де бар, бола да береді. Таулы өңірде орналасқан шаруашылықтар жаз айларында тау жайылымдарын, ал құмды, шөлейтті аймақтағы шаруашылықтар қысқы мал жайылымдарын пайдалана алады. Бұл да дұрыс – маусымдық азықтық қор мүмкіндігінше үнемделуге тиіс. Сала ауыл шаруашылығы малының толыққанды азықтандырылуы жағдайында ғана дамиды. Басқа жол жоқ.
– Осыған байланысты 2017 жылы қабылданып, бекітілген ҚР «Жайылымдар туралы» Заңы бұған дейін өздігінен реттеліп келген мал өрісі мәселесін ата-бабаларымыз қалдырып кеткен ізбен ресми түрде реттеуді көздейтін ең алғашқы құжат болып отыр. Осыған сәйкес ендігі жерде ауылдық округтердегі жайылымдық жерлерді игеруде әр өңірдің өз жоспарына сай заңнамалық нормалар түзіліп, жұмыс істей бастауы тиіс.
Бүгінгі күні облыстың жалпы жер көлемі 14 426,3 мың гектарды құрайды. Оның 10 486,8 мың гектары – ауыл шаруашылығы алқаптары. Атап айтқанда, 227,3 мың гектар шабындық, 836,3 мың гектар егістік жер бар болса, оның ішінде 209,9 мың гектары – суармалы, ал 9 414,6 мың гектары – жайылымдық алқаптар.
Өңіріміздегі 9 414,6 мың гектар жайылымның шамамен 1 412,2 мың гектары, яғни 15 пайызы шалғайдағы суландырылмаған жайылымдар болса, 357,0 мың гектары тозған және олардың басым бөлігі елді мекендерге жақын аумақтарға тиесілі.
Суландырылған жайылымдық жерлердің жүктелімі өте жоғары. Мысалы, 1991 жылы әрбір шартты мал басына 9 гектардан келсе, қазір бұл көрсеткіш 2,5-3 гектар аралығын құрайды. Жетпіс пайызға жуығы жеке адамдардың қолында болуына байланысты, қазір малдың басым бөлігі жайлауға, алыс жайылымдарға шығарылмай, ауылдар төңірегіне шоғырландырылған.
Сондықтан «Жайылымдар туралы» Заңының қабылданып, бекітілуі уақтылы әрі өте орынды жүзеге асырылған шара болды. Заң жайылымдар инфрақұрылымының жай-күйін жақсартуға, жайылымдық жерлердің тозу үдерістерінің алдын алуға және қоршаған ортадағы жайылымдық экожүйелерінің экологиялық тұтастығын сақтауға, сондай-ақ ет, сүт өнімдерін өндіру саласында бәсекеге қабілетті, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға зор ықпалын тигізеді, – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Балжан Ысқақова.
Оның айтуынша, бүгінде басқарма тарапынан жайылымдарды суландыру бағдарламасының орындалуына да айрықша мән берілуде екен. Атап айтқанда, 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жайылымдық жерлерде 531 дана ұңғыма қазылып, шамамен 450-500 мың гектар жайылымдық жер суландырылған. Оған былтыр бір жылдың өзінде 321 суландыру нысаны іске қосылғанын және қосыңыз.
Дей тұрғанмен жоғарыда аталған заңның нақты қолданысқа енгеніне екі жылдан астам уақыт өтсе де, жайылымның жетіспеушілігі мәселесі әлі де бар. Заң, ең бастысы – еліміздің иен-тегін байлығы болып саналатын жайылымдықтарды ұтымды пайдалануға бағытталған. Соған қарамастан оның тиісті деңгейде жүзеге асырылмай отырғандығы алаңдатады. Бүгінгі таңда күн тәртібіне өткір қойылып отырған мәселенің бірі де осы.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support