- Advertisement -

Мен білетін Ақылжан

113

- Advertisement -

Мен білетін журналист Ақылжан Мамыт қарапайым, өмірде өз орны бар, ойы мен ниеті таза, еңбекқор жанның бірі. Оны білетіндер «журналистиканың еңбекторысы» деп бекер айтпайды. Ол уақытпен санаспай, іссапарлардан жалықпай, әрдайым қайнаған еңбектің ортасында жүріп, облыс көлеміндегі елеулі, қомақты істерді, жаңалықтарды дер кезінде газет арқылы бұқараға жеткізіп отырады.

Өткен жүзжылдықтың 80-ші жылдары облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінде Ақылжан Мамытов деген журналистің Жуалы өңірінен мақалалары жиі жарияланатын.
Облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев оның қабілетін, еңбекқорлығын байқап, бірде оны облыстық газетке қызметке шақырды. Бұл ұсыныс негізсіз емес еді. Ақылжан Мамыттың кәсіби шеберлігін байқап, ізденімпаздығын сезіп, сол қасиеттерін орынды бағалағандық болатын. Рас, алғашқыда Ақылжан «Не істесем екен? Үйренген жерімді, жылы орнымды суыту жөн болар ма екен осы?» деп біраз ойланғаны, толғанғаны бар. Ақылдаса келе, ой елегінен өткізіп, ұсынысқа келісім беріп, 1996 жылы облыстық газетке ауысты. Қарап отырса, бұл ұжымда еңбек еткеніне 23 жылдан астам уақыт болыпты. Кей-кейде ол: «Мен осы не бітірдім? Еліме қандай еңбек сіңірдім? Көпшілік еңбегіме риза ма?» деген ойларға берілетіні, толғанатыны бар. Сірә, бұл әрбір саналы жанның бойында кездесетін нәрсе болу керек.
Ойлап отырса, тәубе, газетте қызмет ете жүріп, қаламы төселген тәжірибелі журналист ағалары Әлдихан Қалдыбаев, Бақытяр Әбілдаев, Рахметілдә Құдабай, Елен Әлімжан, Әбдуәлі Әлиев, Мақұлбек Рысдәулет және Тұрсынхан Толқынбаевтан үйренгені аз емес. Ақыл-кеңес берген, оң жол көрсеткен оларға және басқа үзеңгілес әріптестеріне де дән риза. Ал кейінгі редактор қабілет-қарымын ескеріп, бас редактордың бірінші орынбасары лауазымына тағайындады. Ол бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Өмірден үйренгені мол Ақылжан күрделі тақырыптарды көсілте жазып, көпшілікке танылды. Мысалы, оның Талас өңіріндегі Амангелді газ кен орны туралы тартымды, өзекті мақалалары облыстық басылымда үш жыл бойы үздіксіз жарияланды. Сырт көзге жеп-жеңіл жұмыс сияқты. Бірақ оның басына барып, шаң-тозаң жұтып, жұмыс процесін өз көзімен көріп, жұмысшылармен қоян-қолтық араласып, зерттеп, зерделеп жазбаса, оқырманды ешқашан селт еткізбейді. Ондай мақала тілшінің қабілетсіздігін, жазған тақырыбына деген енжарлығын көрсетеді. Ақылжан ондай емес. Ол – еңбекқор, ыждаһатты, ізденімпаз журналист екенін көрсетті. Сол Амангелді газ орнынан жазған мақалалар топтамасы бойынша ол 2002 жылы «Жылдың ең үздік журналисі» атанды. Ойға түйген мәселелерді жинақтап, жүйелеп 2000 жылы ұстазы Мырзахан Ахметов екеуінің «Өнеге өрісі», 2002 жылы «Айтылмаған алғыс» атты кітаптары баспадан шығып, көпшіліктің қолына тиді. Оқырманды елең еткізетін, толғандыратын дүниелер ол кітаптарында аз емес. Оның «Болмысы бөлек Боранқұл» кітабында облыстың жол саласына зор еңбек сіңірген Боранқұл Елубаевтың өнегелі өмірі жайлы баяндалады.
2003 жылы облысымыздың Құлан өңірінде зілзала болғаны, біраз ел одан зардап шеккені әлі естен кете қойған жоқ. Сол кезде құрылған арнайы штабтың басы-қасында ыстығына күйіп, суығына тоңып, төрт ай бойы журналист Ақылжан жүрді. Сол жазда ол 29 репортаж және проблемалық мақала жазып, газетке жариялады. Бұл – аз жұмыс емес. Қираған үйлердің орнына қайта үй салынып, асфальттанып жатқан көшелерді көріп қуанды, республикамыздың әр түкпірінен көмекке келген басшылар, құрылысшылармен дидарласып, штаб отырысына қатысып, келеңсіз істерді батыл сынады. Еңбегі бағаланып, көп уақыт өтпей ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Бұл – кез келген журналистің басына қона бермейтін атақ болатын. Бұл – журналистің еңбегіне деген құрмет, оның жеңісі еді.
Ақылжан Қорғанбайұлы облысымыздың аумағынан өтетін, ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізінің құрылысын басылым беттерінде көрсетуге белсене араласты. Нысан құрылысы басталғаннан пайдалануға бергенге дейінгі үдерісті жүйелі жазды. Олардың арасында сын материалдар да көп болды.
Әрбір қаламгердің жанына жақын, жақсы білетін тақырыптары болады. А.Мамыт экономика саласына көп қалам сілтеді. Облыста бұл салада ол жазбаған тақырып сирек. Химия өнеркәсібі, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығының жетістіктері мен мәселелері көтерілген дүниелер көпшілік арасында талай рет қоғамдық қозғау туғызды. Еңбек адамдары туралы суреттемелері мен очерктері жақсылардың жақсылығын дүйім жұртқа әйгіледі.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл». Ол өзінен кейінгі інілері мен қарындастарының шығармашылық жетістіктеріне қуанып, әркез пікірі мен ризашылығын білдіріп отырады. «Aq jol»-да ол жетекшілік жасаған Талғат Талапұлы, Марат Ахметов, Бекнұр Сатыбалдиев, Жанат Қапалбаева, Шынар Сағиева, Эльвира Жарылқасынова, Жанғазы Ахмет, Жасұлан Сейілхан, Есет Досалы және Альмира Омарова – бүгінде қаламы төселген танымал журналистер.
Бұл күндері ол облыстық газеттің Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы меншікті тілшісі. Өңірден өмір тынысына сай мақалалар дайындап, газет бетінде жариялап жүр. Редакцияның шұғыл тапсырмаларын дер кезінде орындап, қажырлы ісімен басқаларға үлгі болып жүрген қаламгер.
Әсiлiнде, адамның адамнан айырмашылығы – бiлiмi мен тәрбиесiнде. Тал бесiктен жер бесiкке дейiн жинаған бiлiмi мен тәрбиесiн ешкiм бiреу тартып алады-ау деп уайым шекпейдi. Оған күнi-түнi күзет қойып, мазасызданбайды. Себебi бiлiм – басында, адамгершiлiгi – жүрегiнде. Ойлап қарасақ, байлық емес бiлiм деген адамды өмiр бойы түрлi қауiп-қатерден сақтап, ұлы мақсаттарға жетелейдi екен.
Әлемге аты шыққан гректің ойшыл-философы Диоген туралы ел арасында мынадай бір мәні терең әңгіме бар: Ұлы ойшыл Диоген тұрған аралдағы таудан бір күні жанартау оянып, ел-жұртқа қатер туады. Арал тұрғындары бас сауғалап, жиған-терген байлығын (алтын, күміс және т.с.с.) алып, кемелер мен қайықтарға отырып, ашық теңізге шығады. Қолында шағын ғана түйіншегі бар Диогенді көрген таныстары: «Қымбат дүниелеріңізді алып үлгермедіңіз бе? Қолыңызда көзге көрінетін ешқандай зат жоқ қой…» дегенде, Диоген «Менің жиған-тергенім мына басымда. Одан басқа мен үшін ештеңе қымбат емес» деп сабырлы кейпін жоғалтпай жауап қатыпты. Сол сияқты адам үшін ең ұлы, ең қымбат дүние басына жинаған ақылы, ата-анадан келген тәрбие, адамгершілік асыл қасиет, білімі болу керек.
Кейде «Осындай асыл сезімді жандар ортамызда, мына дүрбелеңге толы қоғамымызда мол болса екен, шіркін!» деп тәтті ой қаузайсың. Бүгіндері алпыстың асқар асуына жетіп отырған журналист Ақылжан Мамытты кемел жасымен құттықтап, алдағы кезде де азаматтық биіктерден көрініп, елдің алдында сый-құрметке ие болып, отбасында бақ-береке орнап, жұбайы Нағима екеуі тәлім-тәрбие беріп өсіріп отырған ұл-қыздарының қызығын көріп, алға қойған арман-мақсаттарына жете беруін тілейміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина
ғылымдарының докторы, профессор.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support