- Advertisement -

Парасат биігінде

173

- Advertisement -

Белгілі қаламгер, журналист Болат Мәуленовтің баспадан жаңадан шыққан, сиясы әлі кеппеген «Мұз бен гүл» атты кітабын оқи отырып, қалай ой кешкенімізді байқамай да қалыппыз. Жақсы кітаптың құдіреті де осында. Жазған дүниесінің көркем әрі тартымды болуы сізді де жетелей түсіп, талайғы сыр-сипатымен жан дүниеңе әсер етеді.

Болат Мәуленов қаншама жыл жергілікті басылымдарда, кейінірек бірқатар республикалық газеттердің өңірдегі меншікті тілшісі қызметінде жүргенінде кез келген тақырыпты талғамсыз жазатын журналист емес екенін көрсетті. Өзінің жаратылысы да, мінез-құлқы да сондай. Не жазса да, кімдер туралы қалам тербесе де мейлінше эстетикалық талғаммен қарап, ақсүйектік қасиетімен қарайтыны байқалады.
Бір сөзбен айтсақ, аз жазады, бірақ саз жазады. Көркем жазады. Әдебиет өнері мен журналистиканың әдемі үйлесімін тауып, қос қанатын бірдей қағады. Мұндай сыр-сипаттағы журналистер кез келген газетте дара көрінеді және олардан тек ойлы мақалалар ғана күтеді.
Жұмыстың жеңілі жоқ. Жан қинағысы, тер төккісі келмейтін немесе итке көлеңке бермес жалқауға ғана оңай. Өйткені ол шөп басын сындырмайды. Бөкеңнің «Өзім және өмір туралы» көркем эссесіндей өзі қатарлас 50-ге жуық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналист түлектерінің жарты ғасырдан кейінгі толғанысы тіптен әдемі, көркем кітап оқығандай әсерге бөленесің. Бұдан кейін аға журналистің осы Жамбылда жүрген қаламгерлік өмірінен тап-таза, асқан әдептілік пен азаматтық ұстанымына мейірлене түсуің хақ.
Журналист «ал кеттік, жау шапты» боп жүретін өрт сөндірушілер сияқты.
Бұдан сәл ертеректе, бұл кісілердің жас кезінде беймаза журналист кәсібіне осындай баға берілетін.
Біз де газеттің қара қазанында қайнағанбыз. Әсіресе қорғасынмен теріліп, беттелетін заманда өзі бір күндік болса да сөзі мың күндік газет шығару ісіндегі қызықты әрі азапты өмірлердің қыр-сырын маңдайының соры бес елі журналистерден басқа тірі жан түсіне қоймас. «Қалың өрттің» өтінде жүріп, газетті қызықты етіп, оқырмандар жүрегіне от жағатын тірліктен асқан қасиетті тірлік жоқ деп түсінетін Болат ағалар, алдыңғы толқын замандастар бәрібір бақытты өмір сүрді.
Бес саусақ бірдей емес. Журналист те, оқырман да сондай. Ойы, түсінігі, білімі – әрқилы. Газет тәлім-тәрбие мектебінен басталып, одан әрі ілім-білімнің қайнар көзін ашып, парасатқа апаратын компас. Сол басылымның әрбір журналисі ойы ұшқыр, қиялы жүйрік қаламдастарына қарап бой түзейді, қалам қайратын ұштай, жатпай-тұрмай ізденеді. Жаяу жүріп ел аралайды, жұрт жабыла ізденіп жүріп оқитын мақала, зерттеу дүниелерін жазуды мақсат етеді.
Айталық, Жамбыл мен Тараздың арғы-бергі тарихында ерекше бедерленген тарихи кезеңдер мен ежелден аты да, заты да өшпей бүгінге жеткен мәдени ескерткіштер туралы жүздеген мақала жазылды. Мәселен, алтын жауһар Айша бибі кесенесінің тарихын алайық. Осы аңызға бергісіз әңгіме желісі талай өнер жанрына арқау болды. Солардың арасында «Махаббат пен мейірім мекені» деп дәл Болат Мәуленовтей тарқатып жазған тарихшы да, ғалым да, әдебиетші де кемде-кем. Жалпы жұртқа мәлім бір ғана хикая желісі емес, бір кездері мавзолейдегі жазу, арабтың куфа жазуымен бедерленген, иә, иә, «Күз… Бұлттар… Дүние ғажайып…» деген жолдардың тарихи-философиялық астарына үңілудің қисынын Айша бибі мен Қараханнан әрі Қарабура әулие тарихынан бастау алып тарқатады. Бұл жолдарды кезінде аса білгір жазушы Асқар Сүлейменов «Күз… Сүмбіле… Сұмдық өмір…» деп аударғаны есімізге оралады. Ал атақты ақын Күләш Ахметова бұл ескерткішті кім салдырса да бүкіл заман аналарының алғысын өлеңге қосып, жырлайды. Болат ағам дұрыс айтады, бақытты ел тарихын таспен жазады, бақытсыз ел тарихын жаспен жазады. Сондай-ақ «Тараз – көне ескерткіштер көрмесі» деп аталатын сүйекті мақаласы ғылыми жетістіктер мен археологиялық қазбалар құндылықтарын баяндайтын емес, бағалай білуге үндеген журналистік ізденісінің тамаша көрінісі деп білеміз. Бұл тұнып тұрған тарихқа тереңірек әрі жан-жақты сараптама жасаған кәдімгі ғылыми диссертацияға бергісіз монография іспетті еңбек.
Өз оқырманы бар қаламгер-журналист болу бір бақыт, ал енді шәкірті көп журналистік абыройға ие болу – кәсіптік өнер үшін зор қуаныш әрі еңбегі жанған ұстаздың үлкен жетістігі.
Болат Мәуленовтің көп шәкірттерінің бірі болсақ, біз де ойымызды түзеп, бойымызды қатарға қосқан ізгілікті жолына құрметпен қараймыз.
Біз бір ауылда өскенбіз. Негізгі Үшарал мен Түгіскен ауылдарының бірі аумақтық жағынан Таласқа, екіншісі – Сарысу ауданына қараса да, еншісі бөлінбеген, ертеден етене аралас-құралас жатқан байырғы елді мекен. Қонысы құтты, байлық-берекесі тасыған қос ауылдың өмірі де, адамдардың тыныс-тіршілігі де тайқазан іспеттес ортақ киеден тұрады. Бұл аймақта жазушылық-журналистік мектеп әйгілі ақын Өкім Жайлауов ағамыздың әдебиет әлемінде талантты шығармаларымен көрінуінен басталды. Тек өзі туып-өскен елдің әдебиетке таудай талабы бар жас өскіндерін ғана емес, көрнекті қаламгер Арғынбай Бекбосынның айтып, жазғанындай, облыстық «Еңбек туы» газетінің редакциясы жанынан жас ақындардың үйірмесін ашып, Әулиеата жастарының шығармашылық жолына сәт-сапар тілеп, демеу жасаған аса бір зиялы жан, ұстаз болған. Өкім ағаның соңынан Күләш Ахметова, Серік Әбдірайымов, Кәрібай Ахметбеков, Сейітқазы Досымов секілді көрнекті ақын, жазушы-журналистер ілесе шығып, қазақ әдебиетінің биікке көтерілуіне өзіндік қолтаңба қалдырған таланттарын мақтан ете алады. Оған талантты жазушы Жаңабек Шағатай бастаған тағы бір шоғырды қосып қойыңыз.
Үшаралдан түлеп ұшқан осындай қаламгерлермен қатар Түгіскеннен де қабілетті жастар шықты. Солардың арасынан алғашқы кәсіби журналист Болат Мәуленов елге танылды. Сол 1970 жылдар журналистердің ұзына көш тартқан, нағыз өнер бәсекесі емес, армандап, қызығушылық туғызған уақыты болды. Көрші Байқадамда (қазіргі Саудакент) Жеңіс Шыныбеков, Әлсейіт Әлменов, Жаңабай Миллионов бәйгеге ат қосты.
Қандай ақылды адамдар жасаса да бір риза болатынымыз, сол заманда біздің ауылда әр көшеде «Ең көп кітап оқитын отбасы» деген іс-шара өткізілетін. Үлкен-кіші бірдей Майлыкөлдегі, яғни №4 ферманың шағын кітапханасында таң атқаннан қара кешке дейін оқырман үзілмейтін. Әрине, үйіне жаздырып алып та оқиды ғой. Сол бір тәрбие-тағылымы мол мәдени бәйгеде Мәулен Туғанбаев жәкелеріміздің отбасы бірден мойындалып, үздік атанатын. Ел-жұртқа қадірменді ол кісі ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып қызмет ете жүріп, етігінің қонышынан газет, қолтығына кітап салып жүріп өмір сүргені де ғажап. Ал Болат баласы бастаған бар ұл-қызы шетінен зерек, өнерлі. Ол кісілердің үй кітапханасынан біз де талай кітаптарды алып оқыдық.
Бөкеңнің мектепте жүріп-ақ классикалық кітаптарды оқитынын мұғалімдер баршамызға үлгі ететін. Әлі есімде, Бөкең жап-жас шағында өлең жазды, әсіресе оның аудандық газетте жарияланған «Ағайынды қоңыр қаздар» деген очеркін әдебиет үйірмесінде оқып, қызу талқылағанбыз. Сол кеште әдебиетші мұғалім Несіпбек Шардарбеков: «Қараңыздар, оның тілі қандай құнарлы, жазу стилі әдемі, міне, журналист болатын адам осылай жазады» деп айтқанын ұмытқан емеспіз.
Бөкең әскери-теңіз флотында 3 жылдық әскери борышын өтеп, ауылда жұмысшы болып еңбек етті. Іле-шала С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түсіп, Ержұман Смайыл, Ербол Шаймерденов сияқты үздік студенттер қатарында болады. Бірінші курсты кілең «5» деген бағамен аяқтағанның бірі Ержұман аға, екіншісі біздің Бөкең екен. Курстастары осылай айтады. Білім қуған азамат болды деп.
Оның үздік болуы заңды. Сенесіз бе, бұл отбасының балалары – Болат, Мұрат, Мұхамедқали, Мұхамеджан, Ахат пен Марат бар, бәрі күнұзақ бір-бірімен шахмат ойнайтын. Шахматшылар әулеті дерсің, бірі – Ботвинник, бірі – әйгілі Таль секілді тіресіп ойнайды. Тырп етпейді. Кешкілік жұрт өрістен қайтқан қой-ешкісінің алдынан шығып қораға кіргізіп жатса, олар шахмат қызығы мен тартысынан бас көтермей, әрең қайтады-ау. Жанар апамыздың: «Әй, балалар, мына шахмат сендерге қой бола ма?» деп бәйек болған даусы әлі күнге құлағымызда жаңғырып тұрғандай. Себебі бұл күн сайынғы дағды, оның үстіне үй арасында үй жоқ, көрші тұрдық. Шын мәнінде, шахмат – ақылдылардың ойыны. Бұл үйдің балалары үлкен өмірде ой баққан азаматтар болып шықты.
Бәрі де жоғары білімді, аса тәрбиелі жандар дерсің. Бәрі де әдебиетке жақын, бәрі де үздік оқыды.
Түгіскеннен шыққан тұңғыш кәсіби журналистің бізге де әсері бар. Болат Жаппаров, Оңлагүл Арзықұлова, Дүйсен Молдақұлов және біз қатар-қатар журналистика факультетінде оқуға жастайымыздан құштар болдық. Алматыдағы журфактың тыныс-тіршілігін ертерек білсек, ол осы ағамыздың қамқорлығы мен аялы алақанының арқасы дер едім.
Өзі айтпақшы, ол бала кездегі мақсат, өмірден тура жол, сүйікті мамандық таңдауға келгенде, кішкентайынан журналист болуды армандаған.
Бөкеңді жамбылдық әріптестері сөз арасында «ақсүйек мінезді журналист, терең ойлы, адал азамат» деп бағалайды. Мансап қумаған, бойға біткен ұғым-түсінігімен, саналы көзқарасымен түзу жүріп, таза өмір сүріп келе жатқан парасатты адам екені оны танып, жақсырақ білгендерге аян.
Өткеннің бәрі тәтті болмас. Бірақ сағымға айналған жылдар несімен қызықты, бұла күш бойды кернеп, ақыл-ой биікке құлаш ұрған жылдарда не істеп, не қойды? Артына қандай із қалдырды? Өзі не дейді? «Өкінетін ештеңем жоқ. Адалдық деген ауылда мекендеп қалғаныма еш өкінбеймін», дейді биязы мінезді, сырбаз қаламгер.
Ал біз болсақ, осыншама терең біліммен, көркем жазуымен, ерекше қарым-қабілетімен жергілікті ақпарат құралында көп жыл тұрақтап қалмай, зиялы, білімді қауым шоғырланған, өзіңді еркін сезінуге, шығармашылық тұрғысында өсуге мол мүмкіндік туғызатын Алматыда қызмет еткенде, бұдан да биіктерден табылар еді деп ойлап қоямыз. Әйтсе де өзінің азаматтық кісілігімен журналистикаға сұлу сыр-сымбат, сәуір самалындай леп әкелген Болат Мәуленов аймақтық журналистика үшін озық олжа болды. Бір парасат биігіне көтерілген азаматтың сабырлы, салмақты қалпымен үн қатып та үлгі болуы – мәдени құндылықтардың қадір-қасиетін арттырды деп білемін.
Бұл менің інілік пейілімнен туындаған сөз болар.
Артынан тек жақсы сөз ілескен кісіні әркім-ақ іздеп жүреді. «Ақ жол» газеті, облыстық телерадио компания басшысының бірі, республикалық «Дала дидары», «Ауыл», «Айқын», «Қазақстан-Заман» газеттері мен Қазақ телеграф агенттігіне Жамбылдан Болат ағаны өңірдің ең таңдаулы журналисі деп біліп, аттай қалап қызметке шақырып, қызмет еткені – оның журналистік сапарының іздері мен шығармашылық жолдарының белгісі.
Адам ортасымен бақытты. Алда-жалда Таразда «Ең көп оқитын ерлі-зайыптылар әрі отбасы» деген байқау өтетін болса, онда Болат аға зайыбы Шолпан әпкемізбен оқымысты-заңгер ұлы Думан бар, сүйікті немерелерімен ең зиялы отбасының биігінде тұратынына еш күмәнданбаймын. Еһе, ұмытып барады екенбіз, Туғанбаевтар әулетінен тағы бір журналист шықты. «Егемен Қазақстан» газетінде спорт шолушысы, «Qasaqstan» ұлттық арнасы мен «Qazsport» арнасынан берілетін теңбіл доп додасынан қоңыр дауысты, ұтқыр әрі орнықты сөздерді тауып айтатын спорт комментаторы Ермұханбет Мәуленов – Бөкеңнің туған інісі Мұраттың баласы. Яғни үлкен ағаның жолын қуған ізбасары. Бұл да қалдырған із…
«Оңаша ой» атауында сыйлы ағамыз: «Ел аузына ілігу екінің бірінің қолынан келеді. Ел жүрегіне орнығу даралардың ғана еншісіне тиесілі» деп жазыпты.
Жетпістің желкенін керген ағаның осы бір ауыз сөзінен де ұққанымыз аз емес.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
журналист-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support