Ой орамдары

Ой орамдары
ашық дереккөз
Ой орамдары

Облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етіп, күш-жігерін облыс өмірінің сан саласын, өзекті мәселелерін шынайы көрсетуге, ой мен еңбек адамдарының жарқын бейнесін жасауға арнаған танымал журналист Болат Мәуленов жетпіс жасқа толып отыр. Ол журналистік еңбек жолын «Aq jol»-да (бұрынғы «Еңбек туы») бастаған, осы басылымда қаламгерлік жазу машығы мен мәнері, тәжірибесі мен өмірлік ұстанымы қалыптасқан әріптесіміз, яғни «Aq jol»-дың шығармашылық қазанында қайнап өскен өз адамы. Сөз жоқ, ол – газетіміздің беттерінде өз қолтаңбасын қалдырған облыс журналистерінің аға буын өкілі, журналистика ардагері. Сондай-ақ оның қалам қайратын жұмсаған бұқаралық ақпарат құралдарына облыстық телерадио компаниясын, республикалық «Ауыл», «Айқын», «Қазақстан-Заман» газеттерін, Қазақ телеграф агенттігін, тағы басқа ақпарат құралдарын қосуға болады. Жуырда оның әр жылдары жазылған очерктер, сұхбаттар, толғаулар топтамасы жинақталған «Мұз бен гүл» деп аталатын кітабы жарық көрді. Сол кітапқа енген «Ой орамдарын» назарларыңызға ұсынып отырмыз.

* * * Адамдар армандарымен, қиялдарымен өздері тап болған кейде әдемі, кейде әдепсіз әлемде өзін-өзі алдап не алдарқатып өмір сүре береді. Ал өмір өз дегенін істейді. Оны тағдыр дейді.

* * * Қитұрқы сұрақтан қонымды жауаппен құтыласың.

* * * Сұраққа сұрақпен жауап беруге болады.

* * * Өзің тапсаң қорғаушы көптік етпейді, Жұртыңа жақсаң қолдаушы көптік етпейді.

* * * Қателесу құқығы деген жоқ, Бірақ қателесетіндер көп.

* * * Желкенің жыртық болса, желге өкпелеме.

* * * Түйеге артсаң жүк сынбайды, Төреге айтсаң түк тынбайды.

* * * Әйелдің жеңілгені – жеңгені, Еркектің жеңілгені – өлгені.

* * * Сүйекке сіңген кемшіліктеріңді сүйікті ұл-қыздарың ғана түзете алады.

* * * Ел аузына ілігу екінің бірінің қолынан келеді, Ел жүрегіне орнығу даралардың ғана еншісіне тиеді.

* * * Ру бөлу үшін емес, білу үшін керек.

* * * Жас кезде топқа да түс, Отқа да түс.

* * * Топқа түссең, озып кетем деп мақтанба, Отқа түссең, Жанып кетем деп жасқанба.

* * * Қатулығын қабағының кіржиюінен байқа, Татулығын езуінің ыржиюынан байқа.

* * * Сөз сайысу – жүз шайысу емес.

* * * Басыңа бұлт үйірілсе бұғып құтылма, бұзып құтыл.

* * * Болбыр адам бопсаға тез көнеді.

* * * Күнге ұмтылған күл астында қалмайды.

* * * Жағымпаз бен жарамсақ – бір-біріне жақын ұғым. Екеуі де қоғамның қотыры. Дүниенің ақ пен қарадан, жарық пен қараңғыдан тұратыны рас болса, соның қарасы мен қараңғысы. Екеуінің ортақ сипаты – көркеуделігі. Бір-бірінен айырмасы да бар. Жағымпаз – сұңғыла, терең, ішін білдірмейді, сыртын сипатпайды, сөзден ұстатпайды. Көлгірсігені қайсы, көңірсігені қайсы, көсемсігені қайсы екенін екінің бірі ажырата алмайды. Өміршең болатыны содан. Жарамсақ – жадағай, жәркелең, жағын ашса, жалғандығы көрініп қалады. Дүние қанша аударылып-төңкеріліп жатса да, екеуіне де қоғамда сұраныс мол.

* * * Тамыр-таныстықтың есер желі жолдағының бәрін де жайпап, төпеп, ығыстырып келеді. Оның алдында кісінің тәжірибе-тәлімі, қабілет-қарымы, ұжымның уыздай ұйыған бірлігі мен тірлігі қауқарсыз бірдеңе боп қалады. Осылайша кедергісіз кеулей берсе, мемлекеттің өзін төңкеріп тастай ма деген қорқыныш туады екен...

Ұқсас жаңалықтар