- Advertisement -

Қартын қаңғыртпаған ел едік

188

- Advertisement -

Қазақ – ертеден балаларын «үлкенге – құрмет, кішіге – іздет» деп өсірген халық. Бала күнімізден бойымызға ата-ананы сыйлау, құрметтеу, ізет білдіру, жолын кеспеу, сөзін жерге тастамау секілді адамдық қасиеттердің асылын бойымызға сіңіріп өскен елміз. Қазақ үшін бір отбасының бәйтерегі болып, ұрпағына өнегесін айтып отыратын ақсақалдардың орны қашанда ерек болған. Ата тәрбиесін көріп, өсиетін естіп, қасиетін бойына сіңірген бала түбінде жаман болмасы анық. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деп келген дана халқымыздың қазіргі ұрпағы аталмыш мақалдың мәнісін түсінбей, қазынадан өздері бас тартып, ақырында бармақтарын тістеп қалып жатқан жайы бар. Жасыратыны жоқ, бүгінде «атаң қайда?» десе Қарттар үйінде деп жауап беретін ұрпақ өсіп келеді.
Тарихқа жүгінсек, ертеден қазақ даласында Қарттар үйі деген ұғым болмаған. Қазақ үшін әрине бұл – жат қылық. Жат дейміз-ау, бүгінде қартайған ата-анасын Қарттар үйіне тапсыруды ата-баба өсиетіндей көретін қандастарымыз да жетерлік. Еліміз бойынша қарттар мен мүгедектерге арналған 87 интернат үйі бар. 30 мыңға жуық қарт осы мекемелердің тұрақты тұрғыны екен. 2012 жылы 65 жасты еңсерген қариялар саны 6,6 пайыз болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 7 пайызға жеткен. Қараусыз қалған қариялар саны адам шошырлық болғанымен, қариялар санының өскені көңіл қуантады әрине. Ең бастысы, алдыңғы толқынның санын көбейткендер, Қарттар үйінің ауласын толтырмай өз шаңырақтарында ақыл айтар ақсақал болса игі еді.
Осы тұста «жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған» қазаққа Қарттар үйі қайдан келді?» деген сұрақ келер көкейге. Тарихқа жүгінсек, өткен ғасырдың 50-60 жылдары еңбекке жарамсыз, қамқоршысыз қалған жандарға арнайы интернаттар салынған. Кейін бұл мекемелерге бала-шағасына керексіз болып қалған қариялар алына бастаған. Сөйтіп батыстан бастау алған бұл үрдіс біртіндеп бізге де жеткен.
Қарттар үйі… Атауы қатал болса да мұнда ата-әжелердің аялы алақандары, ақ баталары бар. Бұл үй мұңды көздерге, сарғайған сағыныш пен өзекті өртер өкінішке толы. Бейнеттің зейнетін көретін шақты Қарттар үйінде қарсы аламыз деген ой мұндағылардың үш ұйықтаса түстеріне кірмеген. Олар таяққа сүйенген кезінде тәрбиешіге тәуелді боламыз деп те ойламаса керек-ті. Аяғына оралған немерелеріне шалынып жүретін уағында, баласына әлі де ақыл айтар қауқары бар кезінде, былдырлаған немересінің тілін қызықтап өз үйінің төрінде отыруы тиіс еді. Бірақ бұйырмапты бұл бақыт. Мұндағылардың арманы да ортақ. Балаларымен бірге тұрғысы келеді, немерелерін күнде иіскеп сүйгісі келеді, алда-жалда дүниеден озып кетсе мемлекеттің емес, балаларының өзін арулап жерлегенін қалайды. Ең сорақысы Қарттар үйіндегі қаракөз қариялардың 80 пайызының бала-шағасы, немере-шөберелері бар. Ата-анасын бағудан бас тартқан безбүйрек бала неге көбейіп келеді? «Тәрбие – тал бесіктен» деген көнекөз халқымыз. Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Отбасында не көрсе соған бейім болады, сол арқылы тәлім алады, сол арқылы өседі, ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Қазіргі ата-аналар тым жұмысбастылыққа салынып, балаларының тәрбиесіне салғырт қарайтын секілді. Отбасында жылулықты, тәлім-тәрбиені көріп, сезініп көрмеген бала өсе келе ата-анасын Қарттар үйіне тапсырмасына кім кепіл?
Елбасы «Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, жалпы мұндай түсінік болмаған. Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс» деді. Расында, қазіргі қоғамда саналы адамдардың ата-анасын Қарттар үйіне тапсыруы әбестік екені сөзсіз. Қараусыз қалған қариялар тек мұндай мекемелерде ғана емес, көшеде де жүр. Сорақысы сол, оларды көре-көре көзіміз үйреніп кеткен. Тіпті қалыпты жағдай секілді. Қартайған шағында әр баласының үйінде қонақ болып, төрде отыруы тиіс ақжаулықты аналарымыз маңдайын ақ шалған шағында көшеде қайыр сұрайды. Қолындағы қалбырын әрі-бері өткенге ұсынып, түскен тиын-тебенін санап, әупірімдеп тапқанын басқа біреудің алақандай лашығы үшін төлеп жүрген қариясы көп қоғамды қатыгез демеске амал жоқ. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп он баланың бір ананы қадірлеп, сыйдыра алмағаны ақылға сыймайды, әрине! Десе де қазыналы қарттың бесік тербетіп, ертегі оқып отыратын уақытында өз отбасынан аулақта жүруі – бір шаңырақтың ғана емес, түптеп келгенде, тұтас ұлттың қасіреті. Өйткені атаның ұлағаты, әженің өнегесінің бала тәрбиесіндегі орнын алмастыратын қайнар әлі табылған жоқ.Ата-әже – береке. Олар айтатын ақылдың құны бөлек, көрсететін жолының жөні басқа. Сондықтан қолда барда алтынның қадірін білейік.

Айжан НҰРТАЗА.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support