- Advertisement -

Бар жақсылық бала тәрбиесінен басталады

49

- Advertisement -

Тәуелсіз еліміздің келешек ұрпағын тәрбиелеу мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің күрделілігі әр отбасының бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыра түседі. Өйткені бала дүниеге келген күннен бастап ата-анасының қарым-қатынасы, сөйлеу мәнері, іс-әрекеттері арқылы саналылықтың сипатын қабылдайды.

Балабақша – бүлдіршіндерді болашақта ата дәстүрін сақтайтын инабатты да ибалы, үлкен-кішіні сыйлай білуге үйрететін тәрбие орталығы. Өмірге келген жас ұрпақты тәрбиелеу – ата-аналар мен балабақша тәрбиешілерінің қасиетті борышы. Бала үшін дүниеде ең жетілген, білімді де, мәртебелі адам – оның ата-анасы. Ал ең әдемі де жарық үй – туған үйі. Жас баланың дамуында ата-ананың орны ерекше, сондықтан ата-ана өз отбасында қолайсыз жағдайларды баланың көзінше тудырмауға тырысуы қажет. Отбасындағы ұрыс-керіс баланың жүйкесін тоздырады. Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал мұндай көріністер баланың бойына кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай туғызады.
Ата-аналар балаға отбасылық өмірде дүние жұмбақтарын танытып, тағылым-талғамға, әдептілікке баулуға тиіс. Себебі ата-ананың күнделікті өмір тіршілігіндегі еңбегі, адамның бейнелері, жақсы мінез-құлқы, дұрыс қарым-қатынасы – балаға үлгі. Баланың алдында барынша сабырлы әрі ұстамды болуға тырысу керек, ата-ана өзі үлгі бола отырып, баласын сабырлылыққа тәрбиелейді. Әрбір ата-ана өз баласы үшін – басты тұлға. Сондықтан да кез келген бала алдымен үлгіні ата-анасынан алады.
Бала әкеден ақыл, анадан мейір сіңіреді. Ата-ана баласымен пікірлесуде бейәдеп сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қорламай, жылы, ақылды сөздер айтып өнеге бола білсе, тәрбие беруде табысқа жетеді. Өйткені «Жақсы сөз жан семіртеді».
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай, ойын баланың барлық қабілетінің дамуына, айналасындағы дүние жайлы түсініктерінің кеңеюіне, тілінің дамуына, құрбыларымен жақындасуына көмектеседі. Өйткені нәресте шағынан бастап адалдыққа, батылдыққа, мейірімділікке, еңбек етуге тәрбиелеудің құралы – ойын.
Жас ұрпақты кішкентайынан салт-дәстүрлер рухында баулу, құлағына сіңіру әдет-дағдысына айналдыру – парызды іс. Қазақ сөз өнерін қатты құрметтеген халық. Сондықтан балаға «сіз», «рахмет», «кешіріңіз», «өтінемін» деген сияқты сыпайылықты білдіретін сөздерді үлкендерге айтып жүруге үйрету, оған дағдыландыру ата-аналар мен тәрбиешілердің міндеті. Халқымыздың дәстүрінде қол алысып амандасуға ерекше көңіл бөлген. Жас баланы сәби кезінен үлкендермен қол алысып амандасуға тәрбиелейді. «Көкеңе қолыңды беріп амандас», «Ағаңның қолын ал», «Атаңа екі қолыңды бер» деп үйретеді. Ондай кезде үлкендер, яғни аталар, әжелер «Ой, азамат болыпты ғой!», «Таудай бол!» деп баланың қолын алып, сәлем беруге ынталандыратын сөздер айтады. Баланы жастайынан осындай инабаттылыққа баулу, ол есейгенде сыпайы әрі жеке тұлға болып қалыптасуына негіз болады.

Дана ӘСІЛБЕКОВА,
№2 «Айсұлу» бөбекжайы-бақшасының тәрбиешісі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support