- Advertisement -

Саналы азамат діни бүлікшілік жасамайды

54

- Advertisement -

Ислам – бейбітшілік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім діні. Ол тек арабтарға немесе белгілі бір ру, тайпа, ұлт, нәсілге емес, бүкіл адамзатқа арналып түсірілген. «Олар ынтымақта болсын, бірін-бірі танысын, достықта өмір сүрсін» деген ниеттен пайда болған. Бұл жөнінде Жаратқан Иеміз Құран Кәрімде: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелдерден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық. Кімде-кім Құдайдан көбірек қорқып, тақуа болса, Алла алдында соның дәрежесі биік болады. Алла барлық нәрсені қамтып біледі» (Әл-Хужурат сүресі 13-аят) деп әрбір ұлт өз мәдениетімен, салт-дәстүрімен өмір сүруі ұлттық ерекшелікті сақтаудың негізгі факторы екенін көрсетеді. Түсінген адам баласына ислам дінінің ізгі қасиеттері осы жолдан-ақ аңғарылып тұрған жоқ па?!

Қазақ мәдениетіне асыл дініміз суниттік Абу Ханифа мазхабы, Матуриди сенім мектебінің негізінде дәстүрлі ислам болып қаланды. Оны тарих парақтарынан да өте жақсы білеміз.
Анығырақ айтсақ, Ислам – бүлік пен былықтың емес, тазалықтың айнасы. Алайда бүгінде лаңкестер салған ылаң барша әлемді ойландырып отырғаны жасырын емес. Сондықтан да жаһан жұртшылығы терроризммен талмай күресуде.
№1 жалпы білім беретін мектептің мәжіліс залында 9-11-сыныптың білім алушыларымен «Діни экстремизмге және терроризмге жол жоқ!» тақырыбында аудандық ішкі істер бөлімінің діни экстремизмнің жедел алдын алу уәкілі, полиция майоры Ербол Байтақовпен кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараны аталмыш мектептің директоры А.Алтынбаева кіріспе сөзбен ашып, арнайы келген қонақпен таныстырды. «Керім-ай» бишілер тобы «Кең дала» биін биледі. Бұдан соң «Дінтану» пәнінің мұғалімі Н.Әбішева сөз алып, экстремизм, терроризм атаулы пәлекеттен келетін қауіптен қалай қорғану керектігі туралы ой қозғады. Ол өз сөзінде білікті, білімді ұрпақ қана деструктивті діни ағым өкілдерінің арбауына түспейтінін сөз етті.
Кейіннен сөз алған Е.Байтақов бүгінгі күннің қауіпті құбылысына телінген терроризм, экстремизммен күрестің бірден-бір жолы дер кезінде шынайы әрі дәл ақпарат беріп, олардың жолын кесу екенін тіліне тиек етті. Сондай-ақ ол өз сөзінде бүгінгі күні теріс бағыттағы діни ағымның құрбаны ретінде тек ерлер ғана емес, әйел азаматшалар да танылып отырғанын, соңғы кездерде жанкешті мерген әйел адамдардың көбейіп бара жатқандығы байқалатындығын айтып берді. Басқосу барысына Е.Байтақов әлгіндей адамдардың кесірінен мемлекетке зор шығын келуі ықтимал екенін нақты мысалдармен әңгімелеп, оларға қандай шара қолданылуы мүмкін екеніне тоқталды. Жалпы радикалды топтардан келетін зиянның өте зор екенін деректермен дәйектеп өтті.
Иә, әлемде түрлі лаңкестік оқиғалар орын алғанынан баршамыз ғаламтор, телеарналар арқылы хабардармыз. Тіпті еліміздің кейбір аймақтарында да осындай жат пиғылды адамдардың арамза әрекеттерін іске асыруға талпынғаны баршамызға мәлім. Мұның бәрі – сауатсыздық, қатыгездіктің көрінісі. Адамзат суық қарумен емес, терең біліммен қаруланып, көркем мінезді өн бойына сіңіре білсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Осынау іс-шара барысында мектеп оқушылары барлық салада білімді болу аса қажет екенін көкейлеріне түйгендей болды. Әсіресе бүгінгідей түрлі теріс бағыттағы діни ағымдар өкілдерінің арбауына түсіп қалмау үшін діни тұрғыдан аса білімді болудың қажеттігін жете түсінді.

Айнұр Айтбаева,
№1 жалпы білім беретін мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support