- Advertisement -

Жатақханадан кейін… пәтер!

42

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қалалық Мәдениет үйінде өңірдегі көп балалы аналармен кездесіп, олардың түрлі әлеуметтік мәселелерге байланысты тілек-өтініштерін тыңдады.

Басқосу барысында Асқар Исабекұлы өңірдегі аз қамтылған және көп балалы аналарға айтарлықтай көмектер көрсетілетінін, бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджет есебінен биыл барлығы 30,6 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінгенін жеткізді. Бұл көзайым хабар аналар қауымын бір серпілтіп тастағандай болды.
Сондай-ақ облыста осы жылы 10 жатақхана салынбақ. Оның 7-еуі Тараз қаласында, 3-еуі Шу, Қаратау, Жаңатас секілді моноқалаларда бой көтеретін болады. Тұрғын үй көмегімен кезекте тұрған аз қамтылған және көп балалы отбасылар қамтылмақ. Ал осындай отбасылардан шыққан, облыс мектептерінде оқитын 29 мың бала үшін ұйымдастырылатын ыстық асқа 2 миллиард теңге, мектеп формасын алып беруге 500 миллион теңге бөлінбек. Бұдан тыс 23 мың оқушыға жазғы демалыс-сауықтыру лагерьлеріне тегін жолдама берілетін болады. Бір ескерте кететін жағдай, жатақханада тұратын отбасылар кезегі келгенде өздері армандаған пәтерлеріне ие болады.
Сондай-ақ осындай отбасылардан шыққан оқушылар мен түлектер үшін де айтарлықтай жеңілдіктер жасалынады. Айталық биыл колледждерге бөлінетін 13 мың гранттың 50 пайызы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына тиесілі болмақ. Яғни 6200 студент мемлекет есебінен колледждерде тегін оқытылады. Олардың шәкіртақысы мен тамақтануына 1,7 миллиард теңге бөлінді.
Өңір басшысы осындай санаттағы 7500 отбасының коммуналдық төлемдерін төлеп беру үшін 500 миллион теңге бөлінетінін қадап айтты. Осылайша Тараз қаласындағы аз қамтылған және көп балалы отбасылары үшін жылуға төлемақы тарифі 50 пайызға төмендетіліп, олардың бұған дейінгі қордаланған қарыздары да кешірілетін болады.
Асқар Исабекұлы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың 70 пайызы ауылда тұратынын ескеріп, оларға демеушілер есебінен мал түрінде қайтарымсыз несие беру шаралары да қарастырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар өңір басшысы әлеуметтік қолдау көрсету үшін құрылатын арнайы комиссиялар құрамына көп балалы аналар да енгізілетінін тілге тиек етті.
Республикалық «Бақытты отбасы» акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін облыстық «Қамқор» жобасы қолға алынған. Оған 1 мыңнан астам еріктілер тартылып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support