- Advertisement -

Мүгедек жандар мейірімге зәру

194

- Advertisement -

Өмірдегі ең бірінші байлық – денсаулық. Он екі мүшең бүтін, деніңнің сау болғанына не жетсін! Тағдырдың жазуымен кемтарлық халге түскен жандарға қолұшын беру – зор адамшылық. Өңірімізде мүгедек жандарды қолдайтын «Асар», «Нақты көмек», «Асу», «Нұр қайырым» қоғамдық бірлестіктері бар. Алайда олардың өзі көмекке зәру.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мүгедектерді бейімдеу және оңалту орталығында «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен «Мүгедектерге қолдау көрсету – баршаның борышы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынды «Нұр қайырым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбдімажит Абсаттаров сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігі 40 мүгедек жанды тігіншілік, тоқыма тоқу, құрақ құрау кәсіптеріне оқытып, арнайы курс бітіргені туралы сертификат бергенін, ал өзінің «Нұр қайырым» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі жандарды ұялы телефон жөндеу шеберлігіне арнайы курстар арқылы баулитынын айтты. «Нақты көмектің» төрайымы Шолпан Ахметова енді сол сертификаты бар мүгедектерге жұмыс табу қиын болып тұрғанын, сол себептен осы жиынға бірнеше басқармадан, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалынан өкілдер, бірнеше кәсіпорындардың басшылары шақырылғанын айтты. Алайда кейбір басқарма, департаменттер әйтеуір бір өкілін жіберсе, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов не өзі келмеген, не мамандарының біреуін жібермеген. Сонда мүгедектердің жағдайы, мәселелері тиісті басқарманы алаңдатпағаны ма?
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектер және ардагерлермен жұмыс бөлімінің бас маманы Нұрбек Алтынбеков биыл өңірде 300-ден астам мүгедек жандар мамандыққа бейімдейтін курстардан өтіп, бұл мақсатта облыстық бюджеттен 100 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтты. Нәтижесінде өңірде 610 мүгедек еңбекпен қамтылып, оның 300-і тұрақты жұмыс тапқан. Бұл көрсеткіш, әрине, аздау. Мүмкіндігі шектеулі жандарға билік тарапынан да, кәсіпкерлер тарапынан да қолдау керек-ақ. Мүмкіндігі шектеулілер де бекер қарап отырған жоқ. Мәселен, мүгедек жан, суретші Майра Дәуренбекова жеке театр ашып, сурет көрмесін ұйымдастыруды көздейді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілі Берік Телеуішов жылына бірнеше рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатқанын, өнер, қолөнер бұйымдары жәрмеңкесін өткізуге болатынын айтып, «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүгедек жандармен пікірлесіп, жиын өткізілсе, мүмкіндігі шектеулі жандардың жылыжай өсіруіне жағдай жасалса деген ұсынысын айтты. Жиында аталған мүгедектерді бейімдеу және оңалту орталығының директоры Гүлнар Бектасова, «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Төлегенов, еңбек, халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы Зұлфия Саруаралиева, «Қамқор ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Омарқызы, мүмкіндігі шектеулі Валентина Сағынаева өз ойларын білдірді.
Бұл жиын әдеттегідей есеп беру үшін өткен жоқ, нақты ой, ұсыныстар айтылды. Бірақ мүгедек жандардың мәселелері қозғалған жиынға шақырылған басшылардың түгел келмегені қабырғамызға батты.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support