- Advertisement -

Кемел келешектің кепілі

176

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы көптің көкейіндегісін дөп басқаны анық. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», – деген Президент сөзі жұртты тебіренткені белгілі.
Ұлт дамуының басты бағдарларын айқындап берген мақаладағы бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы туралы айтылған құнды да құнарлы ойлар шын мәнінде де елдің рухани құндылықтармен кемелденуіне жол ашты. Осы мақала арқылы Мемлекет басшысы біздің бірегей ұлт екенімізді төрткүл дүниеге айқындап берді деуге толық негіз бар.
Біз азаттықтың алғашқы жылдарындағыдай «алдымен – экономика, одан кейін – саясат» ұстанымымен жүрмейтін болдық. Өйткені халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс деңгейі түзелді. Материалдық құндылықтың орнын рухани құндылық басатын кез келді. Ал рухы өр, тәні бекем елдің алар асуы асқақ, бағындырар белесі биік болатыны түсінікті. Сананың жаңғыруы – ұлттық бірегейліктің сән құруы. Әсілінде солай.
Азаттық деп аталатын ғажап құтқа қол жеткізгелі бабалар аманатын алға тартқанымыз ақиқат. Ұлы Дала елін мекен еткен дарабоздарымыздан мирас болып жеткен ұлттық өнер, қазақы қалып бізге қашанда қымбат. Сонымен қатар жаһандық жаңалықтардан қалтарыс қалмауымыз, керекті дүниені көкейге түйіп, қажет емесін кері ысырып, бәріне талдау жасай алатын шамамыз бар. Өйткені біздің санамыз жаңғыру жолына түсті. Бұл – өнер адамдары мен өнердің басы-қасында жүрген жандардың бәріне қатысты.
Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер бәрімізге зор жауапкершілік жүгін жүктеді. Осы орайда өңірімізде облыс басшысының қолдауымен қыруар жұмыс атқарылғаны мәлім. Соның бірі – «Өлең мен әуен әлемі» атты жергілікті ақындар мен композиторлардың шығармашылығына арналған кеш деп айтсақ, қателеспеспіз.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына телінген наурыз айында өткен бұл шараға Қасқырбай Нарбатыр (Байзақ ауданы), Болатбек Әбішев (Мойынқұм ауданы), Пәрімбек Бейсенұлы (Талас ауданы), Айтмұханбет Исақов (Жамбыл ауданы), Талап Байжиенов (Талас ауданы), Асқарәлі Жылқыбаев (Талас ауданы), Азат Абықаев (Қордай ауданы), Жаннар Молдабеков (Талас ауданы), Есет Досалы ( Тараз қаласы), Ерлан Бүрібаев (Қордай ауданы), Нұрдәулет Исатаев (Меркі ауданы), Сағи Мұздыбай (Жамбыл ауданы), Ақнұр Қойшыман (Тараз қаласы), Елдар Боранбек (Тараз қаласы), Мырзахан Ахмет (Жуалы ауданы) сахнада белсене қатысып, өз шығармаларын ұсынды.
Кеш барысында жергілікті ақындардың сөздеріне жазылған әндерді өнерпаздар Әділет Әбдікерімов, Бектұр Оңалов, Хамида Бейсенова, Жанерке Ерғара, Талап Байжиенов, Асқарәлі Жылқыбаев, Мұрат Рысбеков, Жаннар Молдабеков, Рәзия Мәдіханова, Арман Елібаев, Нұрғиса Асанов, Сейілғазы Тәңірберген, Ақнұр Қойшыман, Бауыржан Ізтілеуов, Мәлік Мықтыбеков, Айбар Сәбит, Тимур Сағымбеков нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, ақын Үміт Битенова, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров және өзге зиялы қауым өкілдері де бұл істен шет қалмай қолдау көрсеткені құптарлық іс дер едім.
Шара соңында жергілікті ақындар мен әншілерге облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан алғыс хаттар табыс етіліп, өнер иелеріне жылы лебіздер айтылды. Әнмен әдіптелген кешті тамашалаушылар бұл күні рухани сұраныстарын қанағаттандырғаны анық.
Қазақ ұлты үшін айтыс секілді синкреттік жанрдың қашанда алар орны ерекше. Сөздерінен бірде эпикалық, бірде драмалық, бірде юморлық, бірде лирикалық сарын байқалатын суырып-салма ақындарымыздың аузынан шыққан шумақтар қашанда айтыстың жанкүйерлерін бейжай қалдырған емес. Болашақ ұрпақ үшін маңызы зор төл өнерімізді насихаттау – біздің асыл борышымыз.
Жамбыл жерінде Жамбыл ақынның атындағы айтыстың өтуі заңдылық. Осы орайда ақпан айында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық жыр додасы ұйымдастырылған болатын.
Өлең-жырдың мерекесіне айналған аламан Жамбыл Жабаев бабамыздың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шара барысында ақындар өңірдің тарихын, Тараз топырағының қасиетін, Жамбыл бабамыздың азаматтық бейнесін жыр тілінде бейнеледі. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай өткен айтысқа қазақ өнерінің корифейі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы өз бағаларын берді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жыр аламанына арнайы атбасын бұрып, бұл айтыстың өңірде бұдан былай жыл сайын дәстүрлі түрде өтетінін хабарлады.
Сонымен республикалық айтыстың қорытындысына сәйкес Қайнар Алагөз, Айтмұханбет Исақов, Рай Дөңбай, Қанат Мырзахан, Ботагөз Мұхиденова, Олжас Отар, Біржан Байтуов, Нұрлыбек Құрманов, Дархан Әбдіманат шабыттандыру сыйлығымен марапатталды. Ал Аспанбек Шұғатаев «Асанәлі Әшімов атындағы шығармашылықты насихаттау және қолдау» қорының атынан тағайындалған 1 мың АҚШ доллары көлеміндегі арнайы жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, ерекше өнер көрсетіп, тыңдарманның көңіліндегісін дөп басқан Рай Дөңбай, Мақсат Аханов, Мейірбек Сұлтанхан қаржылай сыйақысы бар ынталандыру сыйлығының иегері атанды.
Қазылар алқасының шешімімен ІІІ орынға тағайындалған 500 мың теңге Мұхтар Ниязовтың еншісінде кетсе, ІІ орынға берілген 700 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа өңірімізден шыққан жас ақын қыз Аруна Керімбек лайық деп танылды. Ал І орынға тігілген 1 миллион теңгеге Болатбек Оразбаев ие болды. Айтыстың бас бәйгесі мен 1,5 миллион теңгені Рүстем Қайыртайұлы жеңіп алды. Осылайша жұрттың көңілінен шыққан айтыскер ақындардың додасы түйінделді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айқындалған тапсырмаларға сәйкес ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында жергілікті күйші-композитор Ә.Желдібаев, жыршы-термеші А.Бетбаевтың шығармаларының тарихын таныту, орындау әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында биыл наурыз айында «Баласағұн» орталық концерт залында «Домбыраның қос ішегі» атты Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шығармашылығына арналған шеберлік-сағаты өтті.
Негізі облыста 2015 жылдан бері Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шығармашылығына арналған облыстық байқау дәстүрлі түрде өткізіліп келді. Алайда өткен байқаулардың нәтижесін зерделей келе, облыс өнерпаздары әлі де қос өнер иелерінің шығармаларын толыққанды игермегендіктері байқалды. Осыған орай, Ә.Желдібаев пен А.Бетбаевтың шығармаларын өз деңгейінде үйрену, орындаушылық шеберліктерін өнерпаздарға меңгерту, тұла бойына дарыту, одан әрі қарай ұштай түсу, шығармаларды насихаттау мақсатында өнер дүлдүлдерінің қатысуымен шеберлік-сағатын өткізуді жөн деп таптық.
Шараға облыстағы Мәдениет үйлерінің 17-25 жас аралығындағы домбырашылары мен термешілері белсене қатысты.
Шеберлік-сағаты Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шәкірті Ертай Тазабековтің «интервью-концертімен» басталды. Шараны ақын, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков жүргізіп отырды. «Интервью-концертте» күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев өзінің барлық күйінің шығу тарихына тоқталып, кейбір шығармаларынан үзінділер келтіріп, орындап берді. Сонымен қатар Ертай Тазабеков Аяз Бетбаевтың термелерінің тарихы туралы әңгіме қозғап, иірім, қайырым, яғни әуен, сөз, фаршлаг, милизм, трель секілді әдіс-тәсілдерге бай шығармаларынан үзінділерді нақышына келтіре орындап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Осы күні түстен кейін барлық қатысушылар күй, терме сыныптарына бөлініп, шеберлік-сағаттарының мазмұнын арттырды.
Күй сыныбын Әбдімомын Желдібаевтың өзі жүргізіп, шығармаларының дәстүрлік шеберлігін, қағыс әдістерін көрсетіп, күйлерін толығымен меңгертсе, терме сыныбында Аяздың шәкірті Ертай Тазабеков Аяз термелерінің мақамын, иірімдерін меңгерудегі әдіс-тәсілдерінен дәріс беріп, өз білгендерімен бөлісті.
Бұл іс-шаралар толығымен бейнетаспаға жазылып, орталықтың фонотекасының дерекқорын толықтыра түсті. Сондай-ақ бейнежазба барлық аудандық Мәдениет үйлеріне таратылып, өнерпаздардың шеберлігінің толысуына ықпал еткені анық. Шеберлік сағатының қорытындысы бойынша қатысушыларға Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың қолдары қойылған сертификаттар табысталды.
Сондай-ақ үстіміздегі жылы мамыр айында Тараз қаласында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші өтті.
Өнер әлемінің дарабозы Алтынбек Қоразбаев 50-ден астам ән, бірнеше күй мен 2 драмалық спектакль музыкасын жазған хас талант екені баршаға мәлім. Оның әрбір туындысы халықтың жүрегінде.
«Шашбаулым», «Сырғалым», «Аяулы Таразым», «Кенен ата», «Қара кемпір», «Қара шал», «Бозторғай», «Әгугәй, домбыра», «Сағындым Кенен атамды», «Ақмоншақты ауылым», «Үшқоңыр», «Сарыарқа», «Елге сәлем» «Сағыныш сазы», «Сағындырған жиырма бес», «Өз елім» және Алматы қаласының гимніне айналған «Сағындым Алматымды» сынды танымал әндері мен күйлері еліміздің барлық өңірлерінде орындалып келеді.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Халық әртісі А.Қоразбаевтың өнерін насихаттау және жастардың рухани, зияткерлік, мәдени әлеуетін арттыру еді. Сол үдеден шықтық.
Ән кеші композитордың танымал шәкірттері Тоқтар Серіков пен Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы «Сағындырған жиырма бес» әнімен ашылып, кейіннен Алтынбек Қоразбаев сахна төріне шығып, А.Беляевтың дирижерлық етуімен Алматы қаласы әкімдігінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуінде «Елге сәлем» әнін шарықтата шырқап, қалың жұртшылықпен, өнерін бағалаған жерлестерімен амандасты.
Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова өнер иесінің «Анадан асыл бар ма екен?», қазақ өнерінің жарық жұлдыздары «МузАрт» ансамблі «Үш қоңыр», «Сағындым Алматымды» әндерін нақышына келтіріп шырқап, көпшіліктің жүрегінен жол тапты. Сонымен қатар ән кешінде Жұбаныш Жексенұлы, Тоқтар мен Бейбіт, Саят Медеуов, Алма Аманжолова, Жанболат пен Жазира, «Меломен» тобы, Нұрболат Абдуллин, Ернар Айдар және Сая Махамбет сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Әнмен әдіптелген әдемі шара Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші Бағдат Сәмединованың орындауындағы Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Қазақстан» әнімен мәресіне жетті. Кеш соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сахна төріне көтеріліп, сөз сөйлеп, өнер әлемінің дарабозы Алтынбек Қоразбаевты 70 жылдық мерейтойымен құттықтап әкімдік атынан автокөліктің кілтін тапсырды. Іс-шараға өнер әлемінің жұлдыздары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, облыс тұрғындары мен қонақтары қатысып, рухани тұрғыдан сусындады.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен белгілі композитор Нұрлан Байкөзовтің «Таразымның алтын күзі» атты эстрада және джаз музыкалық фестивалі өтті. Шара жұртшылықтың көңілінен шықты.
Белгілі композитор Нұрлан Байкөзов халықтың жүрегінен орын алған талай әннің авторы ретінде танымал, бүгінде оның 60-тан астам шығармалары бар. Халық өнер иесін Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Деме сен», «Шолпан атаға хат» әндерімен жақсы таниды. Сонымен қатар Бағдат Сәмединова, Құдайберген Бекішев, Ералхан Әбішев сынды өнер иелерінің репертуарларында көптеген туындылары баршылық. Бұдан бөлек, 50-ден астам симфониялық және эстрадалық-симфониялық оркестрлеріне, ансамбльдерге арналған шығармалары жарық көрген, оның көпшілігі Еуропа елдерінің сахнасында орындалып жүр.
Эстрада және джаз өнерін өңір тұрғындарына насихаттап, Нұрлан Байкөзовтің шығармашылығымен таныстыруды мақсат еткен шараның ашылу салтанатында мәртебелі меймандар сөз сөйлеп, өнер иесіне деген ізгі тілектерін арнады. Туған жеріне арнайы атбасын бұрған композиторға алғыстарын жеткізді.
Аталған кеште Қазақстанға белгілі эстрада әншілері Ералxан Әбішев, Сая Маxамбет, Дәуіт Тұрғынәлі, Гүлнар Көшенова, Дәурен Сейтжановпен қатар Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның белгілі әншілері Мадина Бердиярова, Индира Хамзина, жас өнерпаз Ақжол Бейшен Нұрлан Байкөзовтің әндерін Шымкент қаласы «Оңтүстік Циркінің» «X-Band» эстрадалық джаз оркестрінің сүйемелдеуінде орындады. Кеш соңында облыс әкімдігі мәдениет, арxивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина атақты композиторға ізгі тілегін білдіріп, шақыртуды қабыл алғаны үшін алғысын айтты. Сондай-ақ Нұрлан Байкөзовке қазақы дәстүрмен шапан жауып, облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді.
Жалпы алғанда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған тапсырмаларды орындау ниетімен өңірімізде көптеген шаралар қолға алынған болатын. Ілкімді істер өз жемісін бергені ақиқат. Солардың бірі – облыстық «Aq jol» газетімен бірлесе ұйымдастырған «Арқа төсіндегі арман қала» атты газет-айтыс. Қаңтар айында бастау алған жаңа форматтағы айтысқа алты ақын белсенді түрде қатысып, Астананың 20 жылдық мерейтойын жырға қосты. Азат елдің мақтанышына айналған елорда туралы толғана жырлаған айтыс ақындарының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Олардың барлығы Астана күні қарсаңында марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болған-ды. Жоба аясында облыстық газеттің он сегіз нөмірінде ақындарға орын беріліп, олардың сөз сайыстары тұрақты түрде жарияланды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы талай адамдардың жүрегіне сенімнің сәулесін түсіргені анық. Ұлт руханиятын жаңғыртудың төлқұжатына айналған мақалада айтылған барлық ойлар біз үшін құнды. Өйткені ондағы идеялар қазақ халқының санасының жаңғыруына, ұлттың, ұрпақтың рухани кемелденуіне, ой-өрісінің өркендеуіне бастайды.
Бүгінгі күн – жаңғыратын, жаңаратын, өткенімізді ұлықтау арқылы болашаққа қадам басатын уақыт. Ал ұлттық өнер – қазақтың жаны. Өнерлі ел өлмейді. Өрелі елдің өрге басатыны әу бастан аян. Өйткені салт-санасын, төл тарихын ұрпақтар жадында жаңғыртқан елдің болашағы кемел, идеялары өміршең болмақ.
Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – әрбір қазақтың бағдаршамы. Ендеше озық ойлы еліміздің рухани өсуі мен өркендеуі баянды болсын. Азат еліміздің бағындырар биігі әлі алда.

Ғани САДЫРБАЕВ,
облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support