- Advertisement -

Инвесторлардың құқығын қорғау – басты міндет

90

- Advertisement -

Өткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті «Protecting business and investment» жобасын жүзеге асыру аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз турын өткізді. Мұндағы мақсат – отандық және шетелдік инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған жобаны кеңінен насихаттап, инвесторлардың өтініш-тілектерін білу. Осыған байланысты ұйымдастырылған іс-шара барысында өңір журналистері мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы, өңіріміздегі инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ «KAZAKHINVEST» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қызметкерлері ең әуелі Шу ауданына атбасын бұрды.
Аудан іргесіндегі Бірлік ауылдық округінде орналасқан «KazIrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған тілшілер тобы мақсары майын өндірумен айналысатын компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Жұмысын 2006 жылдан бастаған кәсіпорын ағымдағы жылдың үшінші тоқсанына дейін Еуропа елдеріне 600 тонна мақсары майын экспортқа шығарыпты. Сонымен қатар серіктестік тәулігіне 3 тонна май өндіруге қауқарлы. Оған қоса, биыл қосымша құрылғы сатып алып, жыл соңына дейін өнім көлемін едәуір арттыруды көздеп отырған көрінеді. Кәсіпорын басшылығы «Safloria» атауымен шығатын өнімді бұған дейін Қытай мен Ресейге, Нидерланды мен Чехияға экспорттап келсе, биыл өз өнімдерін жапондықтарға өткеріпті. Осылайша олар Жапонияның нарығына шығып отырған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын саналып отыр. Тәулігіне тонналап дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары, арпа, бидай өсіретін егістік жері де бар. Серіктестіктің бас директорының орынбасары Марина Фетиссова қымбат техника алуға мүмкіндігі жоқ жергілікті диқандарға қолайлы болу үшін қолжетімді бағада комбайн құрастырумен айналысатындарын да айтады. Өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен танысқан тілшілер зауыттың май құю желісі мен дайын өнімге арналған бірнеше қоймасында болып, өнімнің қалай дайындалатындығын көзбен көрді.
Бұдан кейін баспасөз туры Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығында жалғасын тапты. Құрылғанына ширек ғасырға жуықтаған қожалықта 200-дей адам жұмыс істейді. Журналистер мұнда асыл тұқымды мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға негізделген кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты.
Айта кету керек, үстіміздегі жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті аймақтағы инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, облыс әкімдігі және «KAZAKHINVEST» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өңірлік филиалымен бірлесіп инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау мақсатында «Protecting business and investment» жобасын жүзеге асыруды қолға алған болатын. Жүзеге асырылғанына көп уақыт болмаса да, аталмыш жоба аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жалпы құны 161 миллиард 931 миллион теңгені құрайтын өңірдегі инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы 5 келісімге қол қойған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаровтың айтуынша, бүгінгі таңда аталмыш жоба аясында бірқатар шаруалардың атқарылғандығын айтады.
– «Protecting business and investment» – қазіргі кездегі маңызды жобалардың бірі. Шетелдік инвесторлар бұл шара аясында тікелей заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қызметтерді алып отырады. Мәселен, олар кез келген уақытта әкімшілік кедергілер мен қолайсыздықтарға тап болуы мүмкін. Осындай келеңсіздіктер орын алған жағдайда «KAZAKHINVEST» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен облыс әкімдігі инвесторлардың құжаттарын рәсімдеуге қолұшын берсе, біздің мекеме мамандары орын алған заңсыздықтардың тезірек шешілуіне барынша ықпал жасайды, – дейді Дәурен Даниярбекұлы.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support