- Advertisement -

Басқан жері сықырлап келіп қалды

135

- Advertisement -

ал техникалар жолды қардан тазалауға әзір ме?

Жуалы ауданы жазы жайлы, қысы қатал өңірлердің бірі саналады. Қысы қарлы, боранды болып келетін ауданның күре жолдары жиі жабылып, көлік қозғалысы тоқтап қалып жатады. Сондықтан да жолды жапқан ақ қар, көк мұзда жолаушылар абдырап қалмас үшін жүргізіліп жатқан қысқа дайындық жұмыстарының барысымен танысуды жөн көрдік. Өйткені Жамбыл мен Түркістан облыстарын жалғап жатқан күре жолдың тазалығы кімді болса да алаңдатпай қоймайтыны анық. Өткен жылдардағы қыс айларының қытымырлығынан сабақ алған аудан басшылығы бұл мәселеге биыл ерекше мән беріп отырғаны байқалады. Бүгінде әрбір техниканың қысқа әзірлігін күнара тексеріп, пысықтап отыр. Қазіргі таңда республикалық, облыстық және аудандық мәндегі автомобиль жолдарын күтіп ұстайтын мердігерлер анықталып, техникалары сақадай сай тұр. Аудан аумағынан өтетін республикалық мәндегі 43 шақырымдық жолды күтіп ұстау, қардан тазалау жұмыстары «Қазақавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Бүгінгі күні серіктестіктің паркінде 2 дана автогрейдер, 2 дана КамАЗ, екі дана «УРАЛ» – шнекоротор күрегімен және 1 дана тиегіш, 1 дана К700, 1 дана бульдозер — жалпы саны 9 техника тұр. Дайындалған дизель отыны – 80, бензин 20 тонна көлемінде. Тайғаққа қарсы себілетін құм 1500 текше метр болса, дайындалған тұздың көлемі 150 тонна. Жылыту пунктері Күйік асуы мен «Қазақавтожол» ЖШС-ның ғимаратында орналастырылған.
Облыстық мәндегі 159,68, аудандық маңызы бар 135,94 және ауылішілік 43,9 шақырым автомобиль жолдарын қардан тазарту жұмыстарын «Жасыл Жуалы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүргізеді. Облыстық мәндегі автомобиль жолдарын қыс айларында күтіп ұстау үшін 15 миллион теңгеге облыстық бюджеттен қаржы бөлуге сұраныс берілген. Аудандық мәндегі жолдарға 10 миллион теңге қаралған. Ал осы жұмыстарды жүргізуге бөлінген дизель отыны 40 тонна. Техника саны 14 дана. Оның 11 данасы «Жасыл Жуалы» мекемесіне тиесілі. Техникалардың 7 данасы МТЗ-82 күрегімен, 2 автогрейдер, 1 «ЗиЛ МДК», 2 «Урал СШР -1» шнекоротор, 2 дана фронтальды тиегіш бар. Тайғаққа қарсы себілетін 270 тонна құм мен 30 тонна тұз дайындалған.
Ауданішілік жылыту пунктері де жолда қалған адамдарға қызмет көрсетуге әзір. Олар Б.Момышұлы ауылындағы «Қазақавтожол» ЖШС-ның ғимараты мен №29, Қоңыртөбе ауылындағы Д.Похомов, Ертай ауылындағы М.Ғабдуллин, Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов, Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектептері базаларында орналастырылған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік транзиті мен Қошқарата бағытында жолда қалған жолаушылар осы жылыту пунктеріне орналастырылатын болады. Былтыр аталған жылыту пунктерін қарлы боранда жолда қалған 500-ге жуық адам паналаған болатын.
– Бүгінгі таңда жолды қардан тазартатын техникалар сақадай сай тұр. Тайғаққа қарсы себетін 270 тонна құм, 30 тонна тұз қоймада жинаулы тұр. Жанар-жағармай да жеткілікті. Қазір «Қазақавтожол» ЖШС-да жолды қардан тазалайтын 7 техника, «Жасыл Жуалы» мекемесінде 11 техника дайын. Ауылдық округ әкімдерімен келісімшартқа отырып, ауылішілік жолдарды тазартуға шаруа қожалықтарының техникаларын тартатын боламыз. Қазір ауылдық округтер әкімдері өздері тұратын аумақтардағы техникасы бар агроқұрылымдар басшыларымен келісімшартқа отыруда. Оларға тиісті жанар-жағармайы, қаржысы бөлінген, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков.
Көлік мінген жүргізушінің мақсаты – діттеген жеріне жету. Қыста жолдың уақтылы күреліп, тайғаққа қарсы шаралардың жасалғанын бәрі қалайды. Алда техникалық база жаңартылып жатса, жолдар уақтылы қардан аршылып, тайғаққа қарсы жұмыстар бұрынғыдан да жақсара түседі деген үміттеміз.

 

Марат Құлибаев

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support