- Advertisement -

Билер сотының жаңғырған түрі

87

- Advertisement -

Дауды билер соты арқылы бітімгершілікпен шешетін дәстүр ата-бабамыздан қалған. Ал қазір елімізде осы дәстүр қолға алынып, жаңаша медиация деген атаумен қайта жанданып келеді. Бұрынғы билер сотының жаңартылған түрі деуге болады. Бізге жат тәсіл емес. Арғы жағында дау-дамайларды сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешу қос тарапқа да тиімді болсын деген ниет жатыр. Өңірлік кәсіподақтар бірлестігінің ғимаратындағы облыстық сот пен кәсіподақтар ұйымының бірлесе жаңадан медиация кабинетін ашуының түпкі мақсаты да осы.
Бұл қадамның әлеуметтік қатынастар саласында медиация рәсімдерін пайдаланып, дамытуға тигізер септігі мол. Сондай-ақ кабинетке келушілерге тегін заңгерлік көмек көрсетіліп, медиативтік рәсімдер жүргізіліп, қажетті нормативтік-құқықтық әдебиеттермен қатар, облыстың кәсіби және кәсіби емес медиаторларының тізілімі ұсынылатын болады.
– Әлемдік тәжірибеде 70-80 пайыз даулар медиация арқылы шешіледі екен. Кәсіподақтар орталығындағы ашылып отырған бұл медиация кабинеті тараптардың өзара түсіністік табатын орталық қана емес, рухани қазына алатын жер болады деп ойлаймыз. Дала билері Төле, Қазыбек, Әйтеке бабаларымыз кез келген дауды ақылмен, оймен, келісіммен шешкені тарихтан мәлім. Бүгінде қайта жаңғырған сол дәстүр жалғасын тапқаны қуантады. Бұл жерге азаматтар мал ұрлығына қатысты және тағы басқа да мәселелерді шешу үшін келуі де мүмкін, бірақ біз еңбек қатынастарындағы медиациямен жұмыс істейтін боламыз. Мысалы, жұмыстан себепсіз шығарып жіберсе немесе жалақысын уақытында төлемей қойса, басқа да қысым жасаулар болып жатса осы жерге келіп, медиаторлардың көмегіне жүгінуге болады. Мұнда медиаторлық қызмет тегін көрсетілетін болады, – деді облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген.
Өңірімізде аудандық әкімдіктер мен «Нұр Отан» партиясының ғимараттарында, Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеясының «Достық» үйінде медиация кабинеттері жұмыс істейді. «Медиацияны дамыту орталығы» РҚБ базасында «Бірыңғай қызмет орталығы» ашылған. Ал Меркі, Талас және Байзақ аудандарында билер кеңесі бар.
– Дамыған мемлекеттерде даулар бітімгершілікпен шешіледі. Елбасы тапсырмасы – қоғамдағы дауласу деңгейін төмендету. Азаматтарға татуластыру рәсімдерінің мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы толық ақпарат беру – өте маңызды. Тұрғындар дауды тез, үнемді және өркениетті шешуге болатынын түсінуі тиіс, – деді облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков.
Қазіргі азаматтық қоғамда адамдардың еркі мен құқын тең ұстауға баса мән беріледі. Ал шын мәнісіндегі құқықтық теңдікке тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділігі жоғары болғанда ғана қол жеткізу мүмкін болмақ.

 

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support