- Advertisement -

«Берекенің» берері көп

146

- Advertisement -

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту экономикалық өрлеу мен әлеуметтік-саяси жаңғырудың маңызды құралы саналатындықтан, бүгінгі таңда мемлекет те бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламаларды жүзеге асыру үстінде. Олар 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2020» және өңірлік «Береке» бағдарламалары. Осы және өзге де мәселелерді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндап берді. Брифингте кәсіпкерлікті дамытуда Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған көмектің бірі жеңілдетілген несие беру екендігі баса айтылды.
Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған 2-бағыты бойынша биыл қалаларға және моноқалаларға кәсіпкерлерді шағын несиелендіруге 1232,8 миллион теңге және несиені кепілдендіру үшін 88,3 миллион теңге қарастырылған. «Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты 2010 жылғы Жолдауын және еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген болатын», – деген Жандәулет Несіпбекұлы оның мақсатына да тоқталып өтті.
– Бастама экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Оған биыл 1 753,7 миллион теңге қарастырылды, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Ол, сондай-ақ аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың «Береке» бағдарламасы арқылы да төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі барын, осы бағытқа бөлінетін соманың жылдан-жылға артып келе жатқандығын жеткізді. Мәселен, аталмыш несие көлемі былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 500 миллион теңге мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының дәл осындай сомасымен қосылып, жалпы сомасы 1 миллиард теңгені құраған. Ал ағымдағы жылы әкімдік тарапынан 500 миллион теңге және аталған қор тарапынан 1 миллиард теңге бөлініп, несиелендіруге жұмсалатын қаржы 1,5 миллиард теңгеге жеткен. Қазір аталған бағдарлама шеңберінде 129 кәсіпкерге жеңілдетілген несие беріліпті.
Жиын барысында өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту, өндірісті өркендету жолында басқарма тарапынан әрі қарай да жұмыстар қарқынды жүргізіле беретіндігі аталып өтті.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support