- Advertisement -

Қоршаған ортаны қорғау қамтамасыз етілуде

141

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов ағымдағы жылы атқарылған және алға бағдарланған жұмыстары туралы тарата айтып берді.
Оның айтуынша, бүгінде облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Осы мақсатқа 225,0 миллион теңге қаражат бөлініп, қажетті техникалар алынған. Табиғат өртінің жылдам таралуына тосқауыл қою мақсатында орман қоры аумағында өртке қарсы 9000 шақырым минералды жолақтарға күтіп-баптау жұмыстары жоспарланып, уақытымен жүзеге де асырылыпты.
Қоршаған ортаны, оның ішінде жануарлар дүниесін қорғау қашанғыдай маңыздылығын жоймақ емес. Бұл ретте атқарылған жұмыстар өз жемісін беруде екен. Жүргізілген мониторинг нәтижесі көрсеткендей, жабайы тұяқты аңдардың саны тұрақталып, тіпті кейбіреулерінің өсімі байқалуда. Мысалы, соңғы он жылдың ішінде «Қызыл кітапқа» енгізілген Қаратау арқарының саны 11,6 пайызға, қарақұйрық пен үнді жайрасының саны 1,8 есеге молайған.
Т.Рысқұлов, Байзақ, Меркі аудандарының аумақтарындағы басқарманың нақты атқарылған жұмыстарының арқасында 298400 гектар аумақта «Үмбет» және 68910 гектар аумақта «Меркі» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдары құрылып, жұмысына кіріскен. Сондай-ақ Жуалы ауданында аумағы 148300, Қордай ауданында аумағы 369960 гектарды құрайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жұмыстары жүргізілуде.
Баяндамашы осы мәселемен өзектес қалдықтарды басқару, реттеу, өңдеу ісіне де тоқталды. Оның айтуына қарағанда, жалпы зиянды заттардың ауаға шығатын шығарындыларының 42,0 пайызы облыстағы химиялық кәсіпорындардың үлесінде екен. Жеке сектордағы автокөліктердің де мұндағы өзіндік «үлесі» аз емес. Облыста 2,8 миллион тонна (оның 2,6 миллион тоннасы Тараз қаласына тиесілі) қатты қалдықтар жинақталған. 2018 жылдың 1 жарты жылдығына түзілген жалпы көлем 31,8 мың тоннаны құрап отыр. Осыған байланысты қайталама шикізат пен қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 2020 жылға дейінгі Жол картасы бекітіліп, бүгінгі күні Тараз қаласындағы тұрғын үйлер аулаларында тұрмыстық қалдықтарды іріктеп жинау үшін 347 торлы контейнер орнатылған. Бұл іс өз жемісін береді деп күтілуде.
– Мемлекет басшысының халыққа арнаған биылғы Жолдауында алға қойылған міндеттерді нақты іс жүзіне асыру мақсатында 2018-2022 жылдары облыста шағын және орта бизнес нысандарын кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай кәдеге жарату және өңдеу бойынша шаралар кешені әзірленуде, – деп атап өткен басқарма басшысы өңіріміздегі су қорлары мен суару жүйелері жұмысын реттеу, ауа ластануын азайту, жер қойнауын пайдалану мәселелеріне де кеңінен тоқталып өтті.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support