- Advertisement -

Қоғам қайраткерінің бюсті қойылды

231

- Advertisement -

Қасиетті Жуалы жерінің Билікөл өңірінде өмірге келіп, жасындай жарқ еткен аз ғана ғұмырында қазақ халқына аянбай еңбек еткен қайраткер азамат Қарымбай Қошмамбетовтің есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылып, халық жадында жаңғыра беретініне дау жоқ. Ол алаштың айтулы біртуар тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Қабылбек Сарымолдаев сынды азаматтармен дос болып, үзеңгілес қызмет етті. Ол 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған қазақ-қырғыз жастарының революцияшыл одағына мүше болып, уақытша үкіметтің саясатына қарсы күреседі.

1921-1924 жылдары Қарымбай Қошмамбетов Әулиеата уездік қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ол қалада мектептер ашып, мұғалімдер даярлау ісін жолға қойды. Алғыр да ұлтжанды Қарымбай 1925 жылы Түркістан өлкелік атқару комитетіне мүшелікке сайланады. Оның одан кейінгі басшылық қызметтегі бірегей қырлары әр жылдары Орал өлкелік комитетінің төрағасы, Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі, республикалық сауда халық комиссарының орынбасары болып қызмет еткен кезде ашыла түседі. Өмірінің соңғы жылдарында қазіргі Алматы облысының Іле аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етіп, 33 жасында аурудан қайтыс болады.
«Ерлер туар ел үшін, ақсұңқар ұшар жем үшін» демекші, бүгінде алаштың айтулы азаматы, қоғам қайраткері, жерлесіміз Қарымбай Қошмамбетовтің есімі туып-өскен жерінде жаңғыртылып жатыр. 1975 жылы өзі туып-өскен Қарабастау ауылындағы орта мектепке есімі берілсе, Алматы облысының Қаскелең ауданында үлкен ауыл және бір мектеп қайраткердің есімімен аталады. Онымен қоса Талас ауданының Тамды ауылындағы мектепке Қ.Қошмамбетовтің есімі берілген. Аудан орталығында бір көшеге аты берілсе, Тараз қаласы Абай көшесінің бойында қайраткерге арнап бюст қойылған. Жақында 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі аясында Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылындағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің ауласына қойылған қайраткердің бюсті салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков ашып, оқушыларды және ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, жиналғандарға қоғам қайраткері Қ.Қошмамбетовтің өмір жолының өнегеге толы екенін айтып өтті. Сонымен бірге қайраткер есімін иеленген осынау қасиетті білім шаңырағынан білімді де қайраткер азаматтардың шыға беретініне тілектестік білдірді. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді дана халқымыз. Қарымбай Қошмамбетовтің немересі Асан Әнуарұлы – бүгінде облысқа белгілі азаматтардың бірі. Баба рухын асқақтатып жүрген де осы Асан ағамыз. Бюстің ашылуына Асан Әнуарұлы ұлы Аймерді ертіп келген екен. Жиында А.Әнуарұлына да арнайы сөз берілді.
– Қымбатты жиналған қауым және ұстаздар, оқушылар! Қазақ халқының дәстүрінде перзенттік парыз, азаматтық парыз дейтін киелі ұғымдар бар. Бүгін мен баба алдындағы азаматтық парызымның бірін орындап отырмын деп ойлаймын. Менің атам Қарымбай Қошмамбетовтің есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылатыны анық. Өйткені ол ел деп еңіреген, айтулы тұлғалар Тұрар Рысқұловтармен дос болып, бірге үзеңгілес қызмет етті. 33 жыл өмір сүрген аз ғана ғұмырында қазақ халқының жарқын болашағы жолында аянбай қызмет етті. Баба есімі бүгінде қалың елге таныс. Қ.Қошмамбетовтің атында бір ауыл және біраз мектептер бар. Осы мектептен білім алған оқушылар жақсы азамат болып өседі деп сенемін. Қарымбай баба бұл өнегеге әбден лайық деді, – Асан Әнуарұлы.
Салтанатты шара барысында мектептің озат оқушылары Білім күніне және қайраткерге арнаған өлеңдерін оқыды. Алғашқы қоңырау соғу құрметі озат оқушы Балжан Нұрғалы және 1-сынып оқушысы Алмат Тұрғанбекке берілді.
Ескерткіш-бюстің ақ жамылғысын қадірлі қария Алтынбек Наурызбаев пен қайраткердің шөбересі Аймер Асанұлы ашты. Ауыл әжелері шашуларын шашты.
Дәл осындай іс-шара Талас ауданының Қожағаппар ауылында да өтті. Қарымбай Қошмамбетов атындағы негізгі мектептің ауласына тарихи орны бар тұлғаның ескерткіш мүсіні қойылды. Көп тілегі орындалып, тұлғаның бейнесі тастұғыр болып ортаға оралды. Ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор тағылымды істі оның немересі Асан Қошмамбетов қолға алып, аяқтап берді.
Елдің болашағы үшін тер төккен тұлғаның өнегелі ісі жайында Асан Қошмамбетов, Берікқара ауылдық округінің әкімі Сағымбек Талқанбаев, ауыл ақсақалы Пансатбек Абаев ой өрбітсе, Қ.Қошмамбетовтің артында қалған ұрпақтары Алтынбек және Аймер Қошмамбетов ескерткішті салтанатты жағдайда ашты.
Мұнан соң тұлға рухына тағзым етуге жиылғандар ескерткіш басына гүл шоқтарын қойды. Бала тәрбиелеуге 40 жыл уақытын арнаған, ардагер-ұстаз Жамал Таңатарова Қ.Қошмамбетовтің немересі Асан Әнуарұлы мен Роза Әнуарқызына сый көрсетіп, қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Шапағатты шараға орай мектеп оқушылары өз өнерлерін көпшілікке ұсынды.

Нұржан Манасұлы,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support