- Advertisement -

Есірткіқұмарлар емделе ала ма?

243

- Advertisement -

Есірткіге тәуелділік – ессіздік. Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының» мәліметіне сүйенсек, елімізде тіркеуге алынған кәмелетке толмаған – 156, 50-54 жастағы – 1427, 55-59 жас аралығындағы – 664, 60 жас және одан асқан 362 нашақор бар екен. Жалпы алғанда, олардың орташа жасы 47 жасты құраған. Ал олар жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөлінетін көрінеді.

Біріншісіне 14-20 жас аралығындағы балалық шақтан өткен соң сыртқы орта жағдайларының өзгеруіне бейімделе алмай, біреудің жетегінде кеткендер енгізілген. Екінші топқа 20-30 жастағы материалдық және әлеуметтік жоспарлардың тым баяу жүзеге асырылатынына көндігі алмай, жүйкесі сыр бергендер жатады. Үшінші топтағылар – 30-50 жас аралығындағы кісілер. Олар сырт көзге табысты адам болып көрінуі мүмкін, алайда өмірге көңілі толмау, қатты дағдарысқа ұшырау салдарынан есірткіге салынған.
Нашақорлық, маскүнемдік, карта, басқа да құмар ойындарға әуестенушілік – адамның жаны мен тәнін бірдей азғындататын әдеттер. Есірткі пайдалану салдарынан адамның тұрмыстық және қаржылық жағдайы төмендейді. Оны қолдану барысында ағзаның барлық мүшесі зақымданады: орталық жүйке жүйесі ми қызметінің бұзылуына әкеледі. Сөйтіп ашушаңдық, ұйқысыздық, бас аурулары пайда болады. Татпаса тұра алмай, аз мөлшердегі есірткіге бола ақша табу үшін қылмыс әлеміне қалай енгенін өздері де байқамай қалады.
Тараз қаласында есірткіге құмарлықты емдейтін аурухана бар. Дәрігер Юрий Лукьяненконың наркологиялық-психотерапевтік орталығы – жекеменшік мекеме. Алғаш құрылған 1985 жылдан бергі басшысы Юрий Владимировичтің өзі екен. Еліміздің еңбек сіңірген дәрігері, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Халықаралық кәсіби психотерапия академиясының дипломанты, жоғары санатты психотерапевт және психиатр-наркологқа мұндай медициналық ұйымды ашуына қоғамдағы келеңсіздіктердің түрткі болғаны анық. Айдың-күннің аманында есірткіге елітіп, есін жоғалтқандардың іс-әрекеті кім-кімді де ойландырмай қоймас.
Орталыққа маскүнемдіктен емделу үшін келетіндер кемінде 20 күн бойы ащы уыттан тазарып барып, қайырылғаны жөн. Дәрігердің айтуынша, 3 күнде ағза тазарып үлгермейді екен.
– Нашақор кемінде бір ай бойы есірткі қолданбауы тиіс. Ал мұндай төзімділік қайсыбірінің қолынан келмеуі мүмкін. Себебі құмарлық құрсауындағылардың ерік-жігері әлсіз болады. Сондықтан 4 апта үйде жүріп өздігінен қойып кету мүмкін емес. Оларды біреу қадағалап отыруы қажет не қатты бақылауда ұстап, бірге жүруі керек. Сондықтан біз басқа аймақтарда кездеспейтін, осында ғана қолданылатын ерекше әдіс – отбасылық қабылдау тәсілін ұсынамыз. Осылайша біздің мекеме аталмыш дертке шалдыққан науқас пен оған бас-көз бола алатын адамды да қатар жатқызып, емдік шараларына дайындайды. Бірақ ол арзан емес. 30 күнде отбасыңыздың өзіне де азық-түлік керек қой. Ішіп-жемі, жатын орны, емделуін қатар ұсынғандықтан, бағасы да соған сай. Бір ескертетін жайт – әрбір науқас өзін ішімдікке немесе есірткіге тәуелді екенін мойындап, нақты сеніммен келсе ғана қабылдаймыз. Егер ондай ойы болмаса, өзін аурумын деп есептемесе, еңбектің зая кеткені. Мұндай жағдайда нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Еліміз бойынша нашақорларды тұңғыш рет А.Довженконың күйзеліс-психотерапиялық әдісімен емдеу біздің мекемеде де қолға алынған.
Талабымызға сәйкес, науқас қомақты қаржымен емделетіндіктен, біз мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасамаймыз. Ал ондай жүйемен жұмыс істейтін мекемелерге науқастарды емдеп-жазу үшін 100 мың теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Алайда 1-2 күн қоя салып келген емделушіге ол жеткіліксіз. Себебі оның миы әлі «шикі» қалпында тұрады. Аз ғана уақыт ем қабылдап шыға салғаннан оның ағзасы құлан-таза айықпайды. Құлқыны құрыған соң ескі жолға қайта соғады. Көп жағдайда жақындары жатқызып кете салысымен, заттарын жинастырып, сөмкесін асынып, тайып тұратындар да бар, – дейді бас дәрігер.
Кезінде бұл облысаралық, республикалық дәрежесі және республика көлемінде емханасы, стационарлық бөлімшелері бар алғашқы емдеу мекемесі болған. Кейін жекеменшікке ауысты. Дүркіреп тұрған орталық сол уақытта ірі қалалардан филиалдарын ашқан. Бірақ тиімсіз болғандықтан, бертін келе олар жабылыпты. Мұнда есірткі мен ішімдікке тәуелділікпен бірге түрлі ауру емделетіндіктен, соңғы 20 жылда Қазақстаннан басқа әлемнің түкпір-түкпірінен келіп ем қабылдайтын науқастар саны көбеймесе, азаймаған. Нәтижесінде мекеме әр жылдары республикалық «Парыз» әлеуметтік байқауының күміс жүлдесін иеленіп, Президент Н.Назарбаевтың арнайы дипломымен марапатталған. 2009 жылы орталық ұжымы «Жыл таңдауы», «Қыран» аймақтық тұтынушылар лигасының медицина саласы бойынша «Алтын көшбасшылар» аталымын иеленіпті.
Бас дәрігерден осы мекемеде ем алып, қайта қатарға қосылғандар жайлы сұрадық. Сұрай жүріп кезінде дәл осы орталыққа жатып шығып, есірткіге деген тәуелділігінен арылған А. есімді азаматқа жолықтық. Аты-жөнін атамауды өтінген ол осыдан он шақты жыл бұрын аталған медорталықта емделгенін айтты.
– Мен үшін уақыт өтіп жатыр деген ұғым жоқ еді, маған қажетті мөлшердегі есірткі болса жеткілікті болатын. Отбасы, бауыр, туыс деген түсінікті ұмытып, ата-анамның жабығып жүргенін аңғармадым. Осылай жылдар өтіп жатты. Өз отбасымды құруды ойламадым. Бірде менен үмітін үзе бастаған анам бауырына мән-жайды айтып беріпті. Нағашым белді кәсіпкер болатын, әпкесінің жанашыры «Қажетті қаражатын төлеп берем, емдей алатын жер болса, қарат» деген соң, анаммен бірге келіп ем алдым. Бұл оңайға соқпады. Ең қиыны өз еркіңе қарсы тұру екен. Әйтеуір ем қонып, ел қатарына қосылдым», – деді А. есімді кейіпкеріміз жасөспірім шағында жай ғана қызығушылықтан бастап, адасқан 7 жылға жуық уақытын зая кетіргеніне өкініп.
Қазір 35 жасқа келген ол: «Ешкім де есірткіге тәуелді болмаса екен» дейді. Оның көршісі Евгений де осы азапты жолда жүрген көрінеді.
– Оның есірткі пайдаланғанына қанша жыл өткенін білмеймін. Әйтеуір темір жолдың арғы бетіне көшіп барған біз оны 2013 жылдан танимыз. Содан бері отбасын жылатып, үйдегі бар мүлкін сатып жүргені. Отбасының ғана шырқын бұзып қоймай, өткен-кеткеннің де зәре-құтын қашырып бітті. Есірткіні тастағысы келетіні Евгенийдің әбден шаршап, азып-тозған жүзінен аңғарылады. Әйтсе де ерік-жігері оған жіпсіз байлаулы. Кейде әңгіме-дүкен құра қалсақ, айтатыны – қаралмаған жері қалмапты. Бірақ қоя алмайды, қымбат клиникаларға баруға қалтасы көтермейді. Зиянды әрекеті болмаса, ағаштан түйін түйетін нағыз шебер өзі», – дейді А. жағдайы болса, оған көмек қолын созғысы келетінін айтып. Осындайда есірткі саудасымен айналысып, арам ойы жоқ, бейкүнә жандарды құрығына түсіретін пайдакүнемдерге лағынет айтқың келеді.
Кейіпкеріміздің әңгімесі алдыңғы жылы пойызда сапарлас болған бір жолаушының айтқан оқиғасын есіме түсірді.
– 2006 жыл болатын. Астана қаласында анаша саудасымен айналыстым, – деп бастады ол әңгімесін. – Мектеп бітіре сала, отбасыма қолұшын беруді көздеп, жоғары оқу орнына түспестен «екі қолға бір күрек табылар» деген оймен Астанаға бардым. Бір таныс кісі: «Менің айтқанымды орындап отырсаң болды, әр тапсырыстан уыстап ақша ұстайсың», – деді. Не істеу керегін бәрін мұқият түсіндірген «көкемнің» ұсынысын қабыл алдым. Кейін бақсам, көлеңкелі бизнес екен. Телефоныма тыным жоқ. Күн-түн демейтін «клиенттеріміз» сияқты мен де тәуліктің мезгілінен жаңыла бастадым.
Негізі кірпіш зауытында жұмыс істейтін мені ата-анам басында баспанасы жоқ, тапқан-таянғаны пәтерақысы мен ішіп-жеміне жетпей қалар деп мазалай бермейтін. Ол жақтан тапқан айлығымды үйге саламын, арам жолмен тапқан ақшамды оңды-солды жаратып, қалағанымды емін-еркін сатып алып жүрдім. Күндердің бір күнінде мені үйретіп жүрген ауылдас ағамның соңына біреулер түсіп, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне ұстап бермек болды. Шағым түскен соң қоя ма, тәртіп сақшылары менің де есігімді қақты. Тесіктен кім екенін көрген бойда аласұрып барлық дайындаған «өнімімізді» терезеден лақтырып тастадық. «Тап-таза» пәтерімізден ешнәрсе таппады. Қайтуға беттегенде біреуі еңкейіп кереуеттің астын қарады. Сөйтсек асығып жүргенде бір стақан анаша қалып кетіпті. Осылайша теріс жолмен тапқан табысымызды қарызданып, қауғаланып жатып, еселеп қайтаруға тура келді. Не анда, не мұнда жоқ, әйтеуір басымыз ауған жаққа қашып құтылдық. Сол кезде қанша стақандағы анашаны сыртқа лақтырдық. Ал қалып қойған біреуі ғана менің тағдырымды «шешіп» кетті. Егер ол болмағанда, мен сол қалпы теріс жолмен табыс тауып, өзім де нашақорлардың қатарында жүріп, осыған дейін талай жанның өміріне балта шабар едім. Сол «сабақтан» соң менің өмірім 180 градусқа өзгеріп, барды бағалап, жоққа сабыр қылып, тағдырыма бейжай қарамайтын болдым. Таңғала отырып, шүкір ететінім – Алла өмірімді жұдырықтай нәрсемен шешіп берді, өкінішім – кезінде талай нашақордың обалына қалдым, өзегімді өртейтіні де алдымнан шыққан қиындықтардың көбі солардың көз жасының қайтарымы шығар деген ой, – деді. Сапарласымыз бізден бір станса бұрын түсіп қалғандықтан, мен оны кейін қайта жолықтырмадым. Қанша қиналса да осы күніне алғыстан басқа айтары жоқ еді оның.
Шүкір етпей қайтсін, бірінші кейіпкеріміз сияқты, оның да 7 жыл уақыты текке кететін еді. Бірақ темір тордың ар жағында… тіпті одан да көп болар ма еді, кім білсін?!

 

Альмира ОМАРОВА

 

P.S. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің халықтың денсаулығына және адамгершiлiкке қарсы қылмыстар туралы 10-тарауының 259-бабында есiрткi немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту мен сатудың дәрежесіне қарай қылмыскер 3-7, 5-10, 6-12, 10-15, 15-20 жылға дейін қамауға алынады не мүлкі тәркіленіп, өмір бойы бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.
Биыл 1 қаңтардағы наркологиялық есепке сәйкес, елімізде 24 883 нашақор тіркелген екен. Бұл бейресми көрсеткіштің 1/7-і десек, қателеспеспіз. Дүниежүзінде есірткіден жыл сайын 200 000 адам көз жұмады. Айта кететін тағы бір жай, «қараңғы түнектен шығамын» деген нашақордың 100-інің тек 10-ы ғана есірткіні қойып, жаңа өмір бастап кете алады. Оның өзі жанталасып, шын көңілімен ұмтылғанда ғана… Сондай-ақ СПИД-пен ауыратын науқастардың 80 пайыздан астамы – нашақор. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ХХІ ғасырдың дерті саналатын нашақорлық ешкімге еш уақытта ешқандай пайда әкелмеген, әкелмеді және әкелмейді де.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support