Құм бүркітіне қамқор болған азамат

Құм бүркітіне қамқор болған азамат
ашық дереккөз
Құм бүркітіне қамқор болған азамат
Сан түрлі ортада өзім айтып-жазып жүргендей, тек біздің оңтүстіктің Жамбыл, Түркістан облыстарының қызылқұмында мекендейтін, әлемде ерекше сирек кездесетін құм бүркітінің жойыла бастауына байланысты тәуелсіздік алған жылдардан бастап «Әлдебір жағдаймен қолға түсуі мүмкін-ау» – деп, құм бүркітін іздеп Алматы, Қарағанды, Шымкент зообақтарына көп барушы едім... Тіпті бір жылдары Мәскеудегі «құс базары» дейтін атақты, барша әлемге аян базарға барып қайтқаным да бар... Жапар САТЫЛҒАНОВ, этнограф, құсбегі. Құм бүркі­тінің ізін кесіп жүрген бір сапарымда теледидардан, жүгіртпе жолдан көргенім құм бүркіт-ау деп Шымкент зообағына арнайы іздеп барсам, мен сабылып іздеп жүрген, құм бүркітінің бір жас тірнегі көп құстармен торда қамаулы тұр екен. Үлкен талдың биігінде, кәдімгі «Ақсу-Жабағылы» қорығында тіршілік ететін ақ желке, кіші сарша бүркіт тұқымдас отыр. Төменде өңкей кезқұйрық, тазқара, жұртшы сияқты құсбегілікке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құстардан қалған сүйек-саяқты жемтік қып тұр. Ал құм бүркіт тірнегі жалғыз, оңаша таза самал есетін, тордың жел жағына биік талға қонақтап ойға шомғандай қимылсыз отыр екен... Көзіме оттай басылды... Айналдырып алыстан қарасам, шалғы-қауырсындары ұйпаланып, мұнда оңайлықпен келмегенін анық аңғартты. Құстың екінші жағына шығып едім, құм бүркіті аса текті, сезімтал ғой, менің өзіне көңіл аударғанымды байқады ма, «Ал көрсең көр, мен де осында келдім... Жағдайым осы, не шараң бар?» дегендей қарсы қарап тапжылмады. Кішкене бұтамен құстың топшысын, теңеурін, жембасар саусақтарын құйрығының әр тал қауырсындарын мұқият қарап шықтым, әйтеуір аман екен... «Уһ» деп тынысым ашылғандай, жан-жағыма қарасам, жастау жігіт қасыма келіп тұр... – Сіз осында жұмыс істейсіз бе? – дедім. – Иә. – Мына құстарды бағып-күтушісіз бе? – Жоқ, басқа адам, не бопты? – деді ол маған таңырқай қарап, жақтырмаған пішінмен. – Қыранды сасық, өлексе жейтін, жаман құстардың ішіне қоюға бола ма? Мына құс, – деп құм бүркітін көрсетіп, – әлемдегі тек біздің өңірде өсіп-өнетін, әлі ғылыми зерттелмеген өте бағалы, киелі бүркіттің тұқымы. Тұрған жері мынау! Аяушылық, жақсыны, тектіні бағалау деген қайда? – деп едім, әлгі маған өкпелей қарап теріс айналып, әлдене деп ашулана бұрқылдап кетіп қалды. Енді не істеу керек? Абыржып тұрғанымда, бағанадан менің бар «тірлігімді» бақылап тұрса керек, қасыма егде жастағы бір қарт кісі келіп: – Бауырым, бәрін көріп-естіп тұрмын. Бұл – зообақ, қалалық әкімшілікке қарайды. Жаңағы әңгімелерді соларға айтқаның дұрыс болар. Егер ешкім құлақ аспаса, облыс әкімінің қабылдауына бар не хат жаз. Сонда мүмкін бағалы қыранды құтқарарсың, – деп кетіп қалды. Мен әуелі зообақ директорына жолыққым келіп еді. Таба алмадым. Содан құстар бөліміне жауапты жастау әйелге жолығып, мән-жайды айтып едім. – Мен тамағын беремін, күнде суын құямын, басқасын білмеймін ғой, бастықтар шешеді бәрін. Бірақ біздің бастық алдағы он күнде бола қоймас, жануарлар шаруасымен іссапарға кетті, – деді. Сонымен басым салбырап, қала әкімінің тап өзіне баруды ойлап, Шымкент қаласының әкімдігіне келсем, тіпті сыртқы дәлізден де кіргізбеді. Қабылдау уақыты келесі айда. «Үй туралы, жер туралы, жалақы туралы мәселе болса, жағдайды жазып, кеңсе бөліміне өткізіп кет. Өздері жауап жазады» деп, шығарып салды. Мен енді «шешінген судан тайынбас» дегендей, не де болса осынау орындардың бәрінің жетекшісі сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке кіруді ойлап, әрекет жасап көріп едім, ол кісінің де қабылдауы келесі айда екен. Бірақ менің не шаруамен келгенімді естіген тіркеуге қабылдайтын азамат: «Сіздікі мүлдем басқа шаруа екен ғой, басқа облыстан келіп тұрсыз, негізі зообақ қалаға қарайды. Мұндай шаруаны олар қажет деп санамас. Сондықтан меніңше қала әкіміне де, облыс әкіміне де мән-жайды баяндап хат жазыңыз. Қала әкімі болмаса да, облыс әкімінен бір хабар болатын шығар. Бұл кісі мұндай ұлттық құндылыққа ұсақ-түйек деп қарамайды», деп қуантты. Мен хайуанаттар бағына қайта келіп, бәрін көріп, біздің көне Таразда зообақ болмағанына қатты өкіндім. Әлгі қыран мені танығандай, көлденеңдеп, менен көз алмай көп қарады. Келесі күні амалсыз қош айтып, Мойынқұмға келген соң, Шымкент қаласының әкіміне, Оңтүстік Қазақстан облысының әкіміне хат жаздым. Бір таңғаларлығы, Шымкент қаласының әкімінен емес, қалалық зообақтан «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке қыран құстың жағдайы туралы жазған хатыңыз облыс әкімінің нұсқауымен бізге тапсырылды. Енді қашан келесіз, өзіміз күтіп аламыз, не істеу керек екенін ақылдасайық», деген хабар алып, асығыс жолға шықтым. Шу қаласынан пойызға мініп, Шымкент қаласына түнгі 23.30-да түссем, зообақ қызметкерлері күтіп тұр екен. Түннің бір уағына дейін көз ілген жоқпын. Облыс әкімі арнайы нұсқау беріп, табиғатқа, оның бір «баласы» ұлттық өнеріміздің құндылығының бір келбеті – қыранға жанашырлық көрсеткені, менің тілегімді шын сезіммен түсініп, ой бөлгені көп ойға жетеледі. Ел тізгінін ұстаған шенеуніктердің көбі мұндайға көңіл бөлмейді. Олар үшін бағананың басында отырған қыран да, қарға да бір. Бәрін басқаша түсініп адамды ренжіткен де кездері бар. Сондай бір басымнан өткен жағдайды әлі ұмытқан емеспін. Тәуелсіздік елімізге жаңа келіп, ел-жұрт көшін түзей алмай жүрген жылдары қазақ даласының қырандарына құмар араб елдерінің құсқұмарлары бізге көп келетін. Оларға аумалы-төкпелі, өтпелі кезеңде жергілікті жердегі биліктегілердің өзі қалай қарсылық жасаудың жол-жобасын білмегендіктен, көбіне бізді «оққа байлағандай» шарасыз жағдайға қалдырып, көп қинайтын. Бірде қолдарында тілдей «Қазақстандағы туризмді дамытуға, танысуға келген», деген қағазы бар бір топ араб ауылға келді. Жоғарыдан нұсқау болса керек, әлгілерді үш совхоз 3 үй тігіп күтті. «Ұлттық өнеріңмен таныстыр» деген соң қолыма қыран бүркітімді қондырып, мен де бардым. Өзім 1 миллион гектар аймақты алатын қорғалым директорымын, қолыма құс қондырып келген мені олар өте жылы қабылдап, орталарына отырғызып, әңгіме барысында «Қай жерде сұңқарлар көп?» деген сұрақты жан-жағымнан жаудырған. Ал сұңқар – айрықша қорғауға алынған Қазақстанның «Қызыл кітабына» жазылған өте бағалы құс. Кеңес одағының өзінде ондай «Қызыл кітапқа» жазылған аң-құсты суретке түсіру үшін де арнайы рұқсат керек. Онсыз әрекет қылмыстық жауапқа тартылатын заңсыз болып шығады, осы заңдылықты мен араб шейхына айтқанымда ол қатты ашуланып: «Онда не үшін бұл жерде отырмыз? Кетеміз», – дегенде, ағаларымыздың «Қарағайдың басында отыратын құс үшін шетелдіктерді ренжітеміз бе?!» деп түсінбестік танытып маған қарсы келгендері де болған. Тіпті жан-жақтан қыспаққа алып, жалтарар жер қалмағанда, сол арабтарды сұңқар да, түкте жоқ елсізге апарып, адастырып қашып кеткенмін. Келесі күні олар елден қуылып жатты... Сол кезде совхоз директорлары болып қызмет атқарған Әшілхан Сатыбалдиев, Тайқазы Баялиев, Әзизхан сияқты ағаларымыз: «Бәріміз құлдық ұрып, күтіп отырған, ешкімді менсіне қоймайтын тәкаппар араб шейхтарын жүректерің дауалап ауылдан аластап, қуып шығуға қалай батылдарың барды?! Әй бұл бір жағы қазақ жерінің осындай да иелері бар екенін барша шетелдіктерге танытатын болды», – деп сан мәрте айтып, жымиятын. Иә, бұл біріншіден, сол тұстағы қай жағынан да қаруланған араб шейхтарына сол кезде материалдық деңгейіміз төмен тұрса да, намысы биік қазаққа тән, қанымызға сіңген қазақи тектілігімізбен көрсеткен қарсылығымыздың белгісі деп ойлаймын. Екіншіден, дәл осындай шақтарда, намыс-жігер жауапкершілігі бар қандай да табиғат саласының қызметкерлері өз міндетін терең сезініп, өршіл мінез көрсетіп, елінің, ұлтының абыройын бәрінен биік қоюы заңды міндеті болу керек! Олай болмаған жағдайда, табиғат қорғау қызметкерлерінің табиғатты қорғау саласында қызмет атқаруға адами құқығы жоқ! Ал зообақтарда бәрі басқаша, қарауындағы аң-құстың жай-күйінен хабардар, тегін, тағылымын, ортадағы орнын айыра алатын жүрегі жылы азаматтар болуы шарт! Сонымен мен келесі күні зообаққа келіп, Шымкент хайуанаттар бағының директоры Сейділда Жұбаев екеуміз жыртқыш құстардың ірілері тұратын темір торлы қоршауға бардық. Қарасам, әйтеуір құм бүркітінің тірнегі аман тұр екен. Сасық жыртқыштарға қарамай, бөлек, мен әуелде көргендей, темір тордың таза ауа келер жел жағына тұрып алыпты. Есте сақтау қабілеті өте мықты құс қой, мүмкін таныды ма, әлде құлағына таныс дауыс жетті ме, маған бұрылып аша бұтаққа қарсы қарап отырды. Жанары сондай өткір. Қыран қимылына таңғалған зообақ бастығы: – Мынау қолдағы құс сияқты жуас қой, енді не қажет? – деді. Бала бүркіттің дене қауырсындарына алақозы сияқты ақ қанаттар шыға бастапты. Байқауымша, қыран бала күнінде-ақ әлдебір жағдаймен қолға түсіп өспей қалған. Әлі жетілмегені көрініп тұр. Жақсы күтімде болса, тез-ақ алақозы боп өсері анық. Осы мәселені ойлаған мен: – Бұл бүркітті қолына ұстап қондыратын адам бар ма? Ыңғайлы жігіт болса, – деп едім. Зообақ бастығы Сейділда: – Бар ондай жігіт. Жылқы тектестер бөлімін басқарады, қазір шақыртамын, – деп арамызға ер тұлғалы шабандоз, көкпаршы Сейілбек деген жігітті ертіп келді. Байқаймын, не қиындық болса да тайсалатын жігіт емес, өршіп тұр. – Не айтасыз, бәріне көмектесемін, – деп қуантты. – Ал енді бұл құсқа алдымен аяқбау байлап, томаға кигізіп, биялаймен қолға алып көрейік, асау құс қой, байқа, – деп әлгі Сейілбек екеуміз қыранға аяқбау байлап, томаға кигізіп, биялаймен құмбүркітті қолыма қондырдым. Міне, ғажап! Әлгі құс еш қарсылық көрсетпей бәріне көніп тұр. Сейілбекке: – Бұл енді сенің құсың болады. Жаман құстардың ішінде қамкөңіл болып әбден жасып, өлер болыпты, бұны бөлек қоятын жеке орын тап, – дедім. – Мұнда бар, – деп Сейілбек жеке қоршаулы үй орнындай бөлмені көрсетті. – Жақсы, бұл орын жалғыз құсқа жарайды. Бұл құс енді сенің бүркітің болады, қолыңа қондыршы, – деп Сейілбектің биялай киген қолына қыранды отырғызып едім, Сейілбек: – Рахмет, аға! Мұндай қолға қыран қондыру бақытына бірінші рет кенеліп отырмын, – деп, қыранды ары-бері алып жүріп, қанатынан сипап, қатты қуанды. – Рахметті сен маған емес, мен саған осы киелі қыранды өлім халінен құтқарып, өз дәрежесіне жеткізгенде айтамын. Ал енді құсыңа ат қою керек, – дегенімде Сейілбек ойланбастан: – Бұл бүркітімнің аты Ақ қанат, Ақ қанат болады, – деді. Хайуанаттар бағының директоры Сейділда Жұбаев: – Әй, сен бұрыннан осы күнді күтіп жүрген сияқтысың ғой, құстың атын да келісіп алғандай қойдың, – деп маған қараған. Шындығында қауырсындарының әр жерінен ақ қанат өсіп келе жатқан бұл бүркітке «Ақ қанат» деп ат қою маған қатты ұнады. – Сейілбек, құсың құтты болсын, аты да өзіне лайықты болды, – деп Сейілбекті арқасынан қағып едім. – Аға, енді қолымда қыраным бар, жылқылар бөлімін басқарамын, атым бар, соңымнан ілесіп жүрер тазым жоқ қой, – демесі бар ма? – Інім, – дедім мен Сейілбекке, – қазақтың ұлттық құндылығын сақтау, қыран қасиеті жолында ешнәрсені аяп қалар мен емеспін. Сонау Арқада өсетін екі аққұмай тазыны тауып беру менің мойнымда. Тек мына құсты ренжітпей, жақсы қара, – дедім. – Қолдан келгенді аямаймыз. Бұл хайуанаттар бағы аумағында қазақы дәстүрге сай киіз үй тігіп, қымыз сапырып, мама ағашқа ат байлап, тұғырға қыран қондырып, салт-санамызды дәріптеуге тер төкпекпіз, – деді Сейділда. Қыранды біраз қолға алып жуасытқан соң, саптаяққа ет турап салып, қыранға жегізіп, қолайлы орынға жеке қойып, сол күні бар арманым орындалғандай, алаңсыз ұйықтаған едім. Сол хайуанаттар бағында мен Сейілбекке қыран баптаудың біраз қыр-сырын үйретіп, бірнеше күн болдым. Біз қарақұстар арасынан ажыратып алған әлгі қыран күн сайын кескін-келбетін түзеп, әлденіп, шын қыранға айналып келе жатты... Мен ауылға қайтарда Сейілбек: – Аға, мына биялай, томағалар бізде қалады ғой, маған аманат. Өзім басқасын тігіп аламын, бір келгенде алып кетерсіз, – деген. – Ой, не айтып тұрсың? Бізде ондай бақай есеп болмайды. Бәрі сенікі, ағаңнан Ақ қанатқа, саған, хайуанаттар бағына аз сыйлық деп түсін, – деп құшақтап, арқасынан қағып едім, жігіттің жүрегі толқып: – Аға, сіздің арқаңызда бағалы, қасиетті Туымыздың тұлғасында тұрған қыранды қайғысынан құтқардық. Рахмет! – деді. – Жоқ, бұл әкім құтқарған қыран деп айт. Естелік өзгеге үлгі, үлкен тарих боп қалсын. Мұндай Шәкәрім, Абай қолына қондырған киелі құс Семей экология орталығында да болған. Олар бәрін басқаша түсініп, біздің ұсынысымызды еш қабылдамады. Не шара? Киелі құс, сасық жерде қор боп қалды, амал жоқ. Барын бағаламаған бақытсыз деген сол. Ал сіздерге көп рахмет! Әкім құтқарған қырандарыңыз аман болсын, – деп Шымкент хайуанаттар бағынан қуанышпен аттанған едім... Арада екі ай өткенде, Сейілбек Мойынқұмға арнайы келіп, мен Арқадан әкелген екі аққұмай тазыны зообаққа алып кетті... Менің осы бар тірлігімді бақылап жүрген бір үлкен кісі: «Осы көп еңбегіңе не ақы алдың?» – дегенінде мен: «Табиғатты саудаға салғанның рахымы болмайды!» – деп едім. Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар