- Advertisement -

Бұрынғы Азия ойындарының допинг анализдері қайта тексеріледі

128

- Advertisement -

Азия олимпиада кеңесі спортшылардан он шақты жыл бұрын алынған допинг сынамаларын қайта ашып, тексеретіндерін мәлімдеді.

2006 жылы Дохада (Катар), 2010 жылы Гуанжоуда (Қытай), 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында спортшылардан алынған допинг сынамалары қайта тексеріледі. Бұл туралы Джакартада өткен баспасөз мәслихатында Азия олимпиада кеңесінің (Olympic Council of Asia) президенті Ахмад ал-Фахад ал Сабах мәлімдеді.

“ДОПИНГ ЕРЕЖЕСІН КӨП БҰЗАТЫН ҚҰРЛЫҚТЫҢ БІРІ”

“Осы үш Азия ойындарында ең көп допинг ережесін бұзған спорт түрлерін анықтағымыз келеді. Қай спорт түрлері екенін білген соң шара қолданамыз. Допинг ережесі көп бұзылған спорт түрлері Азия ойындарының бағдарламасынан алынады немесе сол спорт түрінен сарапқа салынатын медальдар санын азайтамыз” деді Азия олимпиада кеңесінің президенті.

Азия олимпиада кеңесінің (Olympic Council of Asia) президенті Ахмад ал-Фахад ал Сабах Джакартадағы Азия ойындарының ашылу салтанатында. 18 тамыз 2018 жыл.
Азия олимпиада кеңесінің (Olympic Council of Asia) президенті Ахмад ал-Фахад ал Сабах Джакартадағы Азия ойындарының ашылу салтанатында. 18 тамыз 2018 жыл.

Азия олимпиада кеңесінің мәлімдеуінше, 2017 жылы Ашхабадта өткен жабық алаңдағы Азия ойындарында кем дегенде он спортшының допинг сынамасынан рұқсат етілмеген препарат табылған.

“Азия — допинг ережесін көп бұзатын құрлықтың бірі. Шамамыз келгенше допингтен таза Азия ойындарын өткізуге тырысып келеміз. Анализдерді қарап шықсаңыз допинг қолданғандардың саны азайғанын байқайсыз. Бірақ біз таза спортқа қол жеткізбейінше жұмысымызды жалғастыра береміз” деді Ахмад ал-Фахад ал Сабах.

Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарына Қазақстан мен Қытай ауыр атлеттері қатыспайды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Азиядағы бұл екі елді допинг ережесін көп бұзғаны үшін бір жылға бүкіл жарыстан шеттеткен. Жаза мерзімі қарашада аяқталады. Қазақстан мен Қытай қарашаның басында өтетін Ашхабадтағы әлем чемпионатына қатыса алады.

Инфографика: Қазақстан және Азиада-2018

ҚАЗАҚСТАН ҚАЙТАРҒАН ОЛИМПИАДА МЕДАЛЬДАРЫ

Халықаралық олимпиада комитеті 2015 жылдың соңында 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарының допинг сынамаларын қайта тексерген.

Нәтижесінде Қазақстан Пекинде алған бір алтын, екі күміс, екі қола медальді, Лондонда иеленген төрт алтынды қайтарып берген.

«Қайта тексеру» кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің екі олимпиададағы сынамасынан допинг табылғаны хабарланып, ол екі алтынын қайтарып берген. Пекинде қола медаль алған қазақстандық ауыр атлет Мария Грабовецкая, Лондонда чемпион болған ауыр атлеттер Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедованың да анализдері оң нәтиже беріп, олар да медальдарын қайтарған. Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

Пекин және Лондон олимпиадасында допинг ережесін ең көп бұзған Қазақстан, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қытай ауыр атлетика спортшылары Токио ойындарына толық құраммен қатыса алмайды. Бұл шешімді 2018 жылы сәуірде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) мен Халықаралық олимпиада комитеті шығарған. Токиоға бұл елдерден тек бір ер, бір әйел спортшы бара алады.

Илья Ильин
Илья Ильин

Күрестен Пекин олимпиадасында күміс иеленген Таймураз Тигиев пен қола алған Әсет Мәмбетов те “допинг қолданды” деп айыпталып, олимпиада медалінен айырылған.

Осы даудан кейін Қазақстан спорт және мәдениет министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті допингпен күресті күшейткенін бірнеше рет мәлімдеді. Елдің Допингке қарсы орталығы соңғы уақытта рұқсат етімеген препарат қолданған спортшыларды жазалауды жиілеткен. Мәселен, орталық 2014 жылы бір спортшыны, 2015 жылы 12 спортшыны жазаласа, 2016 жылы 28 атлетті, 2017 жылы 21 спортшыны, 2018 жылдың басынан бері 19 спортшыны жарыстан шеттеткен. Жазаланғандар арасында Сочи олимпиадасында Қазақстан туын ұстап шыққан шаңғышы Ердос Ахмадиев, Қазақстан биатлон құрамасында әлем чемпионаттарына қатысқан Анна Кистанова, көркем гимнастикадан Рио олимпиадасына барған Сабина Әшірбекова бар.

azattyq.org

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support