- Advertisement -

Қазақтың тұңғыш қаржы министрі

576

- Advertisement -

Қытай Халық Республикасының құрамындағы Шынжаң өлкесінде, өткен ғасырда тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құру жолында өлімге бас тігіп, отаршыл-әкімшіл күштерге қарсы ұлт-азаттық күресін жүргізген қазақ қаһарманы Осман батырмен тағдырлас тұлға Қажы Жанымқан Тілеубайұлы 1951 жылы, 4 сәуір күні Үрімші қаласында атылды. Ал Оспан батыр болса, 25 күннен кейін 29 сәуір күні атылған еді.

Жанымхан Тілеубайұлы 1946 жылы құрылған Шынжан Өлкелік үкіметінде қаржы министрі болып, сол үкіметте қызмет атқарған 1946-1949 жылдары арасында көптеген қағаз ақшаға төте әріппен “Жанымхан” деп қолын қойған еді. Бұл қазақ тарихында заманауи ақшада қолы болған тұңғыш қазақ қаржы министрі.

Біз әңгіме еткелі отырған Жанымхан 1888 жылы Алтай аймағының Сарысүмбе ауданында Тілеубайдың шаңырағында дүние келді. 23 жасына қараған шағында әкесінің қайтыс болғаннан соң көпшілік тарапынан Тілеубайдың орнына “Залың” етіліп белгіленген Жанымхан мейрімділігі, парасаттылығы және кіші пейілділігіне байланысты халықтың құрметіне бөленді. Шынжаңды тұншықтырып, қанды қолмен басқарған Шың Шы Сай тұсындағы әділетсіз, зорлық-зомбылық саясат-шаралары жергілікті халықтардың ашу-ызалары мен наразылықтарын тудырумен бірге көтерілістік әрекеттердің пайда болуына себеп болды. Мұндай аласапырандық, тұрақсыз жағдайларды бейбіт жолдарымен шешу жөніндегі іс-әрекеттерге, келіссөздерге ат салысқан Жанымхан қажы алдымен 1940 жылы Алтай губернаторы, кейін 1946 жылы Үрімшіде құрылған “Шынжаң аралас Өлкелік Үкіметте” қаржы министрі болып тағайындалды. 1946-1949 жылдары шыққан өлкелік қағаз ақшаларда қаржы министрі ретінде қол таңбасын қойып отырған.

Бірақ өкінішке орай Оспан батыр жетекшілігіндегі анти-коммунистік қозғалыстың әскери күш-қуатының аздығы, дұшпан қуатының басымдылығы салдарынан Оспан батырдың сыртындағы басшылар “Азат Дүниеге” көшуге бел байлады. Көш жолында 1950 жылы 1 шілде күні Бисан тауының Дарақты деген ауданында Жанымхан Тілеубайұлы қызыл әскерлер жағынан қолға түсіріледі. Біршама уақыттан кейін Оспан батыр да қолға түседі. Үрімшіге апарылып тергеліп сотталған Жанымхан Тілеубайұлы мен Оспан батыр 1951 жылдың сәуір айында атылады. Ақпарат бойынша, Жанымхан қажы 1951 жылдың сәуір айының төртінші күні, ал Оспан батыр болса сәуір айының 29-і күні атылып шәйіт болды. Отаны үшін қыршын еткен есіл ерлердің жатқан жері торқа, барған жері ұжмақ болғай!

Жанымхан қажының Өнерхан, Сетерхан, Хамит, Дәлелхан, Мәжит және Шапағат атты алты ұлдарынан тараған ұрпақтары қазіргі таңда Шығыс Түркістан, Қазақстан, Түркия және Еуропа елдерінде өмір сүруде.

Әлихан Жаналтай Жанымханұрпағы

Мюнхен — Германия

Abai.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support