- Advertisement -

Уәде беру – бір ерлік, оны орындау – мың ерлік

229

- Advertisement -

Қайрат ауылында заманауи үлгідегі мешіт ашылды

Біздің еліміздің мақсаты айқын, бағыты белгілі. Ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған жету үшін, Елбасы айтқандай, біздің санамыз ісімізден озып жүруі керек. Егемендік алғалы бері елімізде рухани жаңғыру жолында ауыз толтырып айтарлықтай игілікті шаралар жүзеге асырылуда. Елді мекендерде Алланың үйі – мешіттер көптеп ашылуда. Жуалы ауданында жұрттың жұмылуымен қазірге дейін 26 мешіт, бір намазхана іске қосылған. Жуырда Қайрат ауылында 350 орындық, заманауи үлгіде салынған, 15 адам оқитын медресесі, 80 адам сыятын асханасы, жуынып-шайынатын орны бар сәулетті де сәнді, еңселі мешіт ел игілігіне берілді. Оның ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен мәртебелі меймандар қатысты.
Салтанатта Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбілқасым қажы Ергебеков толғана да тебірене сөз сөйледі.
– Мешіт – адамдарды имандылыққа, ізгілікке, игілікке, бірлікке шақыратын орын. Ауылда Алланың үйін салуды көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар көптен бері ниет етіп жүретін. Соның сәті өткен жылы күзде түсті. Елді мекен орталығында тұрғындар Жаманбай Балданбаев пен Ғабит Төлегенов нысан құрылысын жүргізу үшін өз жерлерін берді. Діндар азамат Арап Сағынбеков салынатын ғимараттың құжаттарын жасатты. Мәселе қаржыға тірелгенде жастар арасынан суырылып, осы ауылдың тумасы, Атырауда тұратын кәсіпкер Ерік Тастанов шықты. Ол құрылыс жүргізуге өз қаржысын салды. Атыраудағы, Астанадағы достарын тартты. Еріктің ағалары, кәсіпкерлер – Сейтжан мен Алтай, ауылдың қалталы азаматтары және барша тұрғындар мүмкіндіктеріне қарай қаржы қосты.
Мешіттің құрылысын Хорезмнен, Ташкенттен және Бішкектен келген шеберлер жүргізді. Оның күмбездері және бірқатар материалдары шет мемлекеттерден жеткізілді. Ауыл тұрғындары оларға уақтылы ас-суын әзірлеп беруде белсенділік танытты. Соның нәтижесінде еңселі ғимараттың құрылысы алты айда толық аяқталды. Уәде беру – бір ерлік, оны орындау – мың ерлік. Мен осы ізгі іске белсене атсалысқан баршаларыңызға және Ерік баламызға ерекше ризашылығымды білдіремін. Ерік Баймаханұлына Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағын беруді өтінемін, – деді ол.
Келесі сөз кезегін алған аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов мешіт, көпір және жол салу ең сауапты істердің бірі екенін айта келіп, ел игілігі үшін еңбегі мен қаржысын аямай жүрген Ерік сияқты азаматтарға алғыс айтты. Жуалы ауданының Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев имандылық орнының ашылуымен құттықтап, Ерік Тастановқа облыстық ардагерлер кеңесінің атынан Алғыс хат тапсырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі Данияр қажы мешітке келген адамның Алланың рахымына бөленіп, күнәсі төгілетініне тоқталды. Астанадан, Алматыдан және Атыраудан келген мәртебелі азаматтар игі тілектерін білдірді. «Байтана» қоғамдық қорының төрағасы Мұхаметжан Арзымбетов, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәлиев, Ақсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев Ерікке және оның анасы, он құрсақ көтерген Батыр ана Балакүлге ауыл тұрғындары атынан сый-сияпат жасады. Уәдесін орындаған Ерік Тастановқа ауыл тұрғындары және ағалары Сейтжан мен Алтай ат мінгізді.
Аманжол қажы Дүрәлиев бата берген соң көрсе көз тоятын, сәулетті де сәнді ғимараттың лентасын аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев және Данияр қажы қиды. Мешітте аруақтарға құран бағышталып, ас берілді. Облыстық филармонияның әншісі Бақыт Шағырбаев және ауданның басқа да өнерпаздары жиналғандарға ән мен жырдан шашу шашты.

Ақылжан Мамыт

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support