Өрт қаупі аптап ыстықтан да болады

Өрт қаупі аптап ыстықтан да  болады
ашық дереккөз
Өрт қаупі аптап ыстықтан да болады

Ми қайнатар ыстықта күн астында шамалы тұрып қалсақ сая іздеп, салқынды аңсап кететініміз бар. Мұндайда дала төсіндегі кепкен шөп пен қураған бұтаның от көрсе лап қоюға әзір тұрғанын сөз етудің өзі артық. Ең қиыны – айтпай келетін тілсіз жаудың қайдан тұтанары да белгісіз. Осындай төтенше жағдай сенбі күні Жамбыл ауданы Қызылқайнар ауылдық округінде орын алды. Қызыл жалынды өшірудің оңайға түспегені сонша, төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы мен ерікті өрт сөндіру жасақтары жұмыла жатып сейсенбі күні кешкісін бір-ақ өшірді. Оқиғаға қатысты мәлімет берген облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Сабировтың айтуынша, табиғи өрт 28 шілдеде сағат 14:30-да «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің Ұзынбұлақ шатқалындағы орман шаруашылығы жерінде басталған. – Барлығы 32 техника мен 244 адам қатысты. Жанған жердің ауданы анықталу үстінде. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, өртті толық жою үшін әлі де жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді Талғат Нұрғалиұлы. Дүйсенбі күні тапа-тал түсте, яғни сағат 14:15-те, қатты ыстықтан Шу ауданының «Орман және жануарлар әлемін қорғау» мекемесіне қарасты Қосқұдық жері де отқа оранды. Сөйтіп арада тура 5 сағат өткенде Қосқұдық орман шаруашылығының 12 жұмысшысы тілсіз жауды 4 бірлік техниканың күшімен толық сөндіріп біткен. Төтеннен келген бұл оқиғаға да қураған шөптің жануы себеп болған көрінеді.

Альмира Омарова Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар