- Advertisement -

Заманауи дүңгіршектер қала көркіне сән қосады

212

- Advertisement -

Облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Тараз қаласының әкімдігі мен «Тараз ӘКК» ҰК» АҚ бірлесіп қала көшелерінде сауда орындарын ұлғайту бағдарламасын әзірлеп жатқандығы белгілі. Бұл пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысын облыс басшысы тікелей өзі назарға алып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берген болатын десек, соның бірі кәсіпкерлердің де ой-пікірін тыңдау еді. Осы орайда кеше қала әкімдігінде бағдарламаға жауапты мекемелер мен жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлік субъектілерінің кездесуі өтті.

Кездесуде Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов сөз алып, кәсіпкерлердің басын қосудағы негізгі мәселеге тоқталды.
– Осыған дейін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес қаланың кескін-келбетін көркейту, жабайы сауда, жайма базарды түп тамырымен жою, сондай-ақ тиісті құжаттары жоқ, антисанитарлы нысандарды ретке келтіру бойынша қала көшелеріне бірнеше рет рейд жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 100-ге жуық заңсыз тұрған, құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен сауда дүңгіршектерінен көшелер тазартылды. Әрине, олардың иелерінің қатарында сауда-саттық арқылы табыс тауып, отбасыларын асырап жүргендер көп. Әлбетте, біз мұны ескерусіз қалдырып отырған жоқпыз. Пайда болатын біркелкі дүңгіршектер шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және көше саудасын қазіргі заманғы сипатта өркендетуге септігін тигізеді. Сол арқылы өңір бюджетіне құйылатын түсім де артып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады, – дейді Ғ.Әбдірайымов.
Әртүрлі саладағы кәсіп иелерінің қолын ұзартып, көлеңкелі бизнестен шығуға сеп болатын жобаға кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық мол. Бүгінгі таңда сауда нысандарын орналастыру үшін қала әкімдігімен 50 жер телімі анықталып алынды. Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрзат Тұрысбеков әзірленген сауда орындарының үш нұсқасын ұсынды. Ол дүңгіршектердің ұзындығы, биіктігі және көлеміне қарай көкөніс, жеміс-жидектер, гүл сату, фаст-фуд және тағы басқа сауда түрлерін қамтуға болатынын айтты. Жаңа дүңгіршектер қаланың сәулеттік келбетіне, санитарлық және өрт сөндіру талаптарына сай болмақ.
Жиын барысында «Тараз ӘКК» ҰК» АҚ маманы Серік Бегалиев кәсіпкерлерге сауда орындарын алу жолдарын түсіндіріп өтті. Белгілі болғандай, жобаға шағын және орта бизнестің қалаған өкілі қатыса алады. Тек салықтық және өзге де міндетті төлемдерде қарыздың болмауы тиіс. «Жер учаскелерін беру, біріншіден, жер учаскесіне бір ғана өтінім түскен жағдайда комиссия сол жалғыз қатысушымен қосалқы жалдау шартына отырады. Егер бір жер теліміне бірнеше әлеуетті қатысушы өтінім білдірсе аукцион өткізіледі», – деген С.Бегалиевтің сөзіне сенсек, өткізуге тиісті құжаттар саны кәсіпкерлердің ыңғайына қарай қысқартылған екен.
Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалының директоры Бахытжан Исақов кәсіпкерлерге «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» шағын және орта бизнеске берер мүмкіндіктерін кеңінен атап өтті.
Кәсіпкерлер жиын барысында көкейдегі сауалдарын жолдап, ұсыныстарын білдірді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарға сауда орындарын аларда берілетін жеңілдіктер қарастырылса, тура сондай мүмкіндіктер бастауыш кәсіпкерлер мен Start-Up жобаларға да қолжетімді болса деген пікірлер айтылды. Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек әзірленіп жатқан «100 орын – көше саудасы» бағдарламасының регламентін бекітерде кәсіпкерлердің ұсыныстары ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Сондай-ақ кездесу соңында кәсіпкерлердің сан сауалдарына толымды жауап беру үшін стандартты дүңгіршіктерге қатысты ақпарат-слайдтар тиісті палатаның ресми ақпараттық сайтында (taraz.atameken.kz) жарияланатын болады деп шешілді.

Ақбота Батырбекова,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support