- Advertisement -

Тыныштық сақшылары ел сенімін ақтап жүр

159

- Advertisement -

Тлеген МАТКЕНОВ,
облыстық ішкі істер
департаментінің бастығы,
полиция генерал-майоры.

 

 

Соңғы бірнеше жылдың жүзінде облыстық ішкі істер департаментінің жұмысында оңды өзгерістер орын алды. Бұл алғашқы кезекте облыс көлеміндегі қылмыс деңгейінің төмендеуіне қатысты. Мәселен, 2016 жылы жалпы қылмыстардың саны 9 пайызға, 2017 жылы 22 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда және көшеде болған ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі артты. Облыс көлеміндегі ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою бойынша полиция қызметі жандандырылды, есірткі бизнесі саласындағы қылмыстарға тиімді тосқауыл қойылды.
«Бес институционалдық реформа мен оны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 28-қадамын іске асыру мақсатында, сондай-ақ ішкі істер органдарының құзыретті кадрлық әлеуетін құру, үміткерлерді іріктеудің тиімді тетігін жасау, қызметке қабылдау кезіндегі ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарына үміткерлерді іріктеу бойынша конкурстық комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамына ІІД қызметтерінің ең тәжірибелі басшылары, ІІО ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпорындар және оқу орындарының өкілдері кіреді. Ішкі істер департаменті республика бойынша алғашқылардың бірі болып ішкі істер органдарының әкімшілік ғимараттарын терроризмге қарсы қорғану шараларын жүзеге асырды. ІІД-нің бес әкімшілік ғимаратында таранға қарсы қақпалар орнатылған. 2016-2017 жылдары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған қызметкерлер үшін 170-тен астам қызметтік автокөлік алынды. Жыл сайын түрлі қызмет басқармалары әлемдік стандарттарға барынша сай заманауи жабдықтармен қамтылуда. Жаңа техникалар алуға ерекше назар аударылып, нәтижесінде қоғамда құқықтық тәртіпті қорғауға бағытталған міндеттерді орындау сапасы жақсаруда. Мәселен, өткен жылы «Электронды қылмыстық іс» пилоттық жобасы қолға алынып, биыл да жалғасын тапты. Бағдарлама тұтастай алғанда қылмыстық процесті автоматтандыруға бағытталған. Ағымдағы жылы облыс әкімдігі тарапынан «Қауіпсіз аула» жобасы қолдау тапты, ол облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің аулаларына 300 бейнебақылау камераларын орнатуды қарастырады.
Соңғы екі жылда ІІД әкімшілік ғимаратына, Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына, Талас АІІБ әкімшілік ғимаратына және Тараз қаласы ішкі істер басқармасының қабылдау-тарату орнына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Динамо» ескі спорт кешені де толығымен қайта жөндеуден өтті. Полицейлер мен облыстың барлық тұрғындары үшін ең жоғары стандарттарға сай келетін екі футбол алаңы, волейбол және тренажер залдары, теннис алаңы, бадминтон алаңқайы, бассейн қызмет көрсетеді. Дзюдо, каратэ, қоян-қолтық ұрыс, таэквондо, самбо, волейбол, футбол және үлкен теннис секциялары жұмыс істейді. Мультимедиялық жабдықтармен жарақтанған ІІД тирі қайта жөндеуден өтті, бұл – Қазақстандағы жалғыз интерактивті тир. Мұнда полиция қызметкерлері жауынгерлікке барынша жақындатылған жағдайда өздерінің табельдік қарудан ату дағдыларын ұштайды. Жаңадан құрылған «Динамо-Тараз» волейбол командасы бүгінде республикалық ұжымдардың деңгейінде түрлі жарыстарға қатысып жүр, тіпті ұлттық лигада ойнады. Қазіргі кезде динамолық қозғалыстарды дамыту мен танымал етуге бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Көптеген қызметкерлеріміз тек облыстық және республикалық жарыстарда ғана емес, халықаралық, әлемдік жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Қызметкерлеріміз түрлі шығармашылық байқауларға белсене араласып, хорда, жекелей де өнер көрсетіп, жеңімпаз атануда. Мәселен, «Арлан» вокалды-аспаптық ансамблі құрылып, республикалық сайыстарға қатысуда. Жыл сайын сала министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін республикалық «Парасатты полицей» конкурсына атсалысады. Біздің команда бұл республикалық конкурста ұдайы бірінші немесе екінші орын жеңімпаздары атануда.
Жамбыл облысы ІІД қызметкерлерінің төтенше жағдайлар кезіндегі кәсіби даярлық деңгейін жетілдіру, сондай-ақ олардың атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды қолдану және пайдалану тиімділігін арттыруда сындарлы жұмыс істеуі мақсатында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигоны бар. Онда бес күндік оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Одан бөлек, ІІД полигонында тұрақты негізде атудан республикалық және облыстық чемпионаттар ұйымдастырылады.
Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойына арнайы ашылған кинозалы бар музей департаменттің мақтанышы десек те болады. Онда кеңестік милиция және облыс полициясының тарихи қалыптасуы мен кәсіби қызметін көрсететін 1000-нан астам әртүрлі экспонат қойылған.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі қағидаларын зерделеу және іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілген. Ағымдағы жылы Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні қарсаңында музейімізде Ұлы Отан соғысының қатысушыларымен кездесу ұйымдастырылып, 25 қатысушы «Қазақстан полициясына – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Сонымен қатар Меркі ауданында, Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылында қызметтік парызын атқару барысында қаза тапқан полицейлерге ескерткіш ашылып, ішкі істер органдарының имиджін көтеруге бағытталған жас полиция қызметкерлері мен олардың тәлімгерлерінің слеті өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Полиция өзіне қоғамның сенімін арттыратындай жұмыс жасауы керек», – деген болатын. Елбасының берген тапсырмасы бойынша облыстық ІІД жеке құрамы «Полицияның күші халық сенімінде» қағидасы бойынша жұмыс атқаруда. Сондықтан біз барынша халықпен жиі кездесіп, қарапайым жамбылдықтардың ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты қандай да бір арыз-шағымын әрдайым мұқият зерделейміз, ІІД басшылығы және өзім үнемі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаймын, түскен шағымдарды жедел қараймыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support