- Advertisement -

Талабы таудай Карина

174

- Advertisement -

Кейіпкеріммен ойда жоқта кездесіп қалдым. Бірден ашық-жарқын сөйлесіп кеттік. Аға тұтып, арманын айтты. Қысылмай-қымтырылмай, өзін еркін ұстайды екен. Сонысына қарап, ұлты басқа екенін шамаламасаң, қазақшаға ағып тұр.
Бұл Каринаның жол жүріп, Астанадан оралған кезі екен. Қасында ұстазы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Қырықбаева бар. Елордаға білім бәсекесіне қатысып, бақ сынау үшін барыпты. Жетекшісінің айтуынша, шәкірті республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасына қатысып, жүлделі орынға ие болыпты. Арнайы дипломмен бірге 70 мың теңге қаржылай сыйлықты да олжалапты.
– Карина Столярова 11-сыныптың орыс сыныбында оқиды. Бірақ соған қарамастан, біраз жылдан бері қазақ тілі және әдебиетінен өтетін аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Енді, міне, республикалық додада топ жарып отыр, – дейді ұстазы мақтанышпен.
Талдырмаш келген орыс қызы шынында қазақшаға судай. Құрбы-достарының бәрі қазақ. Туып-өскен елдің тілі құлаққа сіңісті, таңдайға татымды емес пе?! Көрші-қолаңмен еркін сөйлесетін Карина қызымыз Абайдың өлеңдерін жатқа білетін көрінеді. Мұхтар Шахановтың «Арман» деп аталатын поэмасын жатқа айтып бергенде таңғалдық. Тек ол ғана емес, Қадыр Мырза- Әлі, Фариза Оңғарсынованың да өлеңдерін нақышына келтіріп оқиды екен.
Каринаның таудай талабына риза болып, кітап оқуды ар санайтын, одан гөрі интернеттегі өсек-аянды аңдып, соған мәз болып жүрген жастарға «орыс қызы Каринадан үлгі алыңдар» дегім келді іштей. Жетекшісі шәкіртінің сабақты да үздік оқитынын айтады. Биылғы «Алтын белгіден» үміткер түлектердің бірі екен. Астана қаласында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына да арнайы шақыртылыпты.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support