- Advertisement -

Рухани үндестік бар жерде мүдде ортақ

139

- Advertisement -

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Былайғы кезде қатардағы көп афоризмдердің бірі сияқты болып көрінетін осы сөздің астарында тоқсан ауыз сөзбен жеткізе алмайтын тәмсіл жатыр. Иә, шын мәнінде кез келген ел, орта, қоғам болсын, ол тек ішкі бірлік орнаған кезде ғана алысқа көз тастай алады.
Осы тұрғыдан келгенде, біздің Отанымыз тәуелсіз Қазақстан да жарасты ынтымағымен жемісті де жеңісті жолдардан жүріп өтіп, кемел келешекке бет түзеді деуге болады. Әйтпесе, жүздеген ұлт пен ұлысты бауырына басып, олардың ауызбіршілігін жарастыра отырып, баянды болашаққа бағдар түзеп, қадам жасау айтуға ғана оңай. Біз Елбасымыздың ерен еңбегінің, халқымыздың кең пейілділігінің арқасында сондай болаттай бекем бірлікті қалыптастыра алдық.
Айта кету керек, жайдарлы, жайсаң Жамбыл жерінде де 80-нен астам этнос жайлы өмір сүруде. Олар тек өздерінің берекелі тірлігін ғана атқарып қоймай, ел игілігіне арналған бастамалар мен шаралардан да сырт қалмай, мемлекетіміздің өркендеуіне, дамуына тиісінше үлес қосып келеді десек артық айтпаймыз. Себебі барлығымыздың мүддеміз ортақ, тілегімізде де, тірлігімізде де рухани үндестік бар.
Биыл Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы кезеңде біздің бірлестігіміз мемлекеттің қолдауының арқасында айтарлықтай табыстарға жетті. Біз облыс жастарына ұйғыр халқының тілін, мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін насихаттап, одан әрі дамыту үшін еңбек етудеміз. Облыс орталығындағы «Достық» үйіндегі М.Қашқари атындағы кабинетіміз де сол мақсатта жұмыс жүргізуде. Онда тек қана ұйғырлар емес, облыстағы барлық ұлт өкілдері кез келген уақытта келе алады.
Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық, бейбітшілік пен келісім үстемдік құрған жерде қолға алған іс нәтижелі. Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибесі – осының дәлелі. Жалпы рухани үндестік орныққан елдің ауызбіршілігі жоғары. Мемлекетімізді өркендетіп, әлемдегі өзінің беделін қалыптастырып, іргелі елге айналдыру үшін де тілек бір болуы тиіс. Біз Қазақстанның бейбіт тіршілігін өзгелерге үлгі етіп, төрткүл дүниенің тыныштық бесігінде тербетілуіне шын ықыласымызбен ынталы екенімізді дәлелдеп келеміз.

Мұхаббат Тұрдыева,
облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support