- Advertisement -

«Сударушки» салған сырлы ән

135

- Advertisement -

Бірде Құлан ауылына барғанымда, орталықта өтіп жатқан іс-шараның үстінен түскенім бар. Әсем ән әуелеп, жыр төгіліп жатты. Бір уақытта «Сударушки» деп бір топты ерекше атап сахнаға шақырды. Барлығымыз елең ете қалдық.

Сахнаға орыстың ұлттық киімін киген өнерпаздар шығып, ән шырқай бастады. Киіміне қарап, халық әнінің әуезін таныған біраз жастар теріс айналып, ортадан жылыстай бастаған. Ортасындағы сырнай ұстаған музыкант құлашын кеңге созып, салалы саусақтары пернелердің үстінен жорғалай жөнелгенде, әуелеген сырлы саз кейін серпілген топты кілт тоқтатқандай болды. Іле құлаққа жағымды үн естіліп, ән болып төгіле бастады.
Өнерпаздардың дені орта жастан асқан, тіпті алды зейнетке де шығып кеткен-ау, салиқалы аналар секілді. Бәрі орыс ұлтының өкілдері екені жүздерінен көрініп тұр. Бірақ, қазақ әнінің сөзін бұзбай, анық айтады екен. Әндері әуезді, құлаққа жағымды естіледі. Барлығын еліктіріп, жұрт назарын өздеріне аударып-ақ алды. Кәсіби әншілерден еш кем емес. Тіптен, тәуір айтады.
Қазақтың әдеті ғой, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, әдемі әннің әсерінен айыға алмай біршама уақыт тұрдық. Сырлы ән әрбір жанның тұла бойын баурап, ерекше құрмет туғызғандай. Жұрт қимастықпен, айрықша қошеметпен қазақ-орыс тілінде ән шырқаған өнер иелерін сахна төрінен шығарып салды.
Концерт аяқталғанда жөн білетіндерден әлгі топ туралы толығырақ сұрастырып алдым. Өзім байқағандай, Құлан ауылында құрылған «Сударушки» халықтық-фольклорлық ансамбль екен. Жетекшісі – Любовь Левицкая. Осындай жергілікті концерт, іс-шараларда, мейрамдарда өнер көрсетеді екен. Топ құрамында 8 орыс ұлтының өкілі бар. Былтыр ансамбль өздерінің 20 жылдығын атап өтіп, есептік концерт беріпті. Бүгінде облысқа кеңінен танылған ұжым халық әндерін қайта жаңғыртып жүр. 2004 жылы халықтық атағын қайта қорғапты.

Бек ЖАҢБЫРБАЙ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support