- Advertisement -

Ынтымағы жарасқан жасампаз ел

140

- Advertisement -

Осыдан 23 жыл бұрын 1 наурызда бірегей ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаны мәлім. Бұл әлемде ешбір елде болмаған ерекше оқиға еді. Осылайша біздің Отанымыз этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісін қалыптастыруға ұмтылды. Келісім мен өзара түсіністіктің үлгісін көрсетті. Ал бұл қадам өз кезегінде 1 мамыр – Бірлік мерекесінің мәнін арттыра түсті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінге дейін 25 сессия өткізіп, қоғамға аса қажетті мәселелер мен мемлекет дамуының негізгі бағыттарын талқылады. Осы жиындарда көтерілген мәселелер бойынша өңірлердегі этномәдени бірлестіктер жоспар құрып, жүйелі жұмыс жүргізді. Қазіргі таңда облысымызда 12 971 күрд халқы тұрса, оның 373-і біздің ауданымызда. Бірлік ауылында 16, Кеңес ауылында 36 күрд отбасы тұрады. Олар ауданның дамуына қомақты үлестерін қосып келеді. Балаларымыз қазақ балаларымен бауырдай болып өсіп келеді. Тіпті қыз беріп, қыз алысып, құда-құдандалы болып жатқан жайымыз да бар.
Ауданда күрд халқының «Барбонг» қауымдастығы 2014 жылы наурыз айында құрылып, оның төрағасы болып сайландым. Қауымдастық мүшелері ауданның саяси-мәдени, қоғамдық спорттық іс-шараларына үнемі қатысып атсалысып отырады. Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы күрдтер қазақ даласына 1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргін кезінде келген екен. «Сенімсіз» деп саналған иран, түрік халықтарымен бірге жер аударылыпты. Олардың арасында ел басқарған ақсақалдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері ғана емес, жай шаруалар мен қариялар, әйелдер мен бала-шағалар да бар еді. Сол кезде алыс жол жүріп, әбден арып-ашығып әзер жеткен жұртты аман алып қалған – Қазақтың кең пейілі. Олар болмағанда күрдтердің жат жердегі тағдыры мүлде басқаша болар еді. Сондықтан біз отбасымызбен бірге қазақ халқына алғыс айтамыз, Отанымызды көркейтіп, гүлдендіруге үлес қосамыз.
Үлкен қызым Телли қазір ауылдағы «Ақбөпе» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ол «Тәрбиешілер көшбасшысы» байқауына қатысқаны және «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауында І орынды иеленгені үшін ауыл әкімінің, аудандық білім бөлімінің облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ былтыр менің жанұям облыстық іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, «Спорттық отбасы» жүлдесін жеңіп алдық.

Аслан ДАВЫДОВ,
Қазақстан күрдтерінің
«Барбонг» қауымдастығы,
Бірлік ауылдық филиалының төрағасы.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support